Құтқарушы • 17 Қаңтар, 2024

Ел алғысы – үлкен марапат

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айтып келмейтін оқыс оқиғалар кезінде бастарын бәйгеге тігіп, құтқару жұмысын атқаратын азаматтардың еңбегі қашанда алғысқа лайық. Олар ерлік жасадық деп есептемейді. Ең қымбаты – шарапаты тиген адамдардың ақ алғысы.

Ел алғысы – үлкен марапат

Кезекшілер бөліміне көп­қа­бат­ты үйдің бір пәтерінде өрт болып жатқандығы туралы суыт хабар түсісімен оқиға орнына бірден жеткен. Алдымен, сәл-пәл барлау жасады. Шамасы ас үй болса керек, терезесі ашық. Пәтердің өзге терезелерінен қою қара түтін будақтап тұр. Ас үйдің терезесінен кішкентай қыз­дың үрейлі жүзі көрінеді. Әріптестері Рүстем Манатов пен Асқар Әлжанов бірден өрт сөндіруге кіріскен. Анас Зәйніш баспалдақ құра бастады. Шалт қимылдап, дайындық жұ­мыстарын қас қағымда аяқ­тап, Қанат баспалдақпен жоға­ры көтерілді. Алдымен көргені кіш­кентай қыздың жасқа шы­ланған жанары. Бұл басу айтқан.

– Қорықпа ботам, қазір аман-есен жерге түсіремін, – деген Степногор қалалық төтенше жағ­дайлар басқармасының бөлім­ше командирі, аға сержант Қанат Асқаров кішкентай қыз қорқы­ныш­қа бой алдырмасын деп.

– Құтқарыңызшы, ағай, – деді тұла бойы үрейден қалшылдап тұрған кішкентай қыз.

Оның ар жағында тағы бір бала бар екен. Бажайлап қа­ра­са, екі жас шамасындағы кіш­кентай балдырған. Абырой бол­ғанда кішкентай қыз түтін кір­месін деген болуы керек ас үйдің есігін жауып қойыпты. Әйт­кен­мен, саңылаудан ащы түтін сыз­дық­тап еніп жатыр. Ойланып-толғануға уақыт қайда, Қанат жетілер шамасындағы қызды оң қолымен қапсыра құшақтап алды да, баспалдақпен төмен түсе бастады. Қас қағым сәт қымбат болып кететін мұндай уақытта жаттығу кезінде жай оғындай атылатын жылдамдық кеміп, уақыт шіркін тез өтетін тәрізді. Кішкентай қызды қаумалған адамдарға тапсырған соң екінші сәбиді құтқаруға ұмтылған. Екі жасар баланы көтеріп төмен түс­кен соң ғана ес жиды. Әлгінде көр­гені түс сияқты бұлыңғыр. Құтқарушының әбжіл қимылына тәнті болған бөгде біреулер алғысын айтып жатыр.

– Міне, азамат! – деген біреуі. – Екі бірдей баланы ажал тырна­ғы­нан аман алып қалдың.

Бөлімше басшысы Қанаттың төтенше оқиғаға тап болған сәті жалғыз бұл емес. Бірде жылу электр орталығының қазанды­ғын­да өрт шыққан. Оқыс оқиғаға себепші электр сымдары екен. Ауқымы үлкен, оның үстіне аз ғана уақыттың ішінде бел алып кеткен. Тыныстау қиын болған соң оттегі толтырылған баллондарды пайдалануға тура келді. Әлсін-әлсін ауыстырып отырды. Бөлімшедегі жауынгерлердің бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істеу­лерінің арқасында өрт оқ­шау­ланған.

Кейіпкерімізбен тілдесіп отырып мұндай оқыс оқиғалардың жиі кездесетіндігін ұқтық. Әсі­ресе жылу беру маусымы бас­­талған кезде көбейетін көрі­неді. Бұлардың бөлімшелері Степ­ногор қаласының маңын­дағы бірнеше елді мекендерге қызмет көрсетеді. Ал ауыл тұрғындарының басым көпшілігі көмір жағады. Қайсыбірінің электр қуатын тарататын сымдары ескірген. Кейбір пештерде де ақау бар. Әйтеуір, қауіп қайдан дерің бар ма?!

Кейбір оқиғалар кезінде құт­қару­шылардың өміріне де қауіп төніп жататыны бар. Бірде қала іргесіндегі саяжайда ша­ғын үй өртенді. Іле жеткен бұлар мән-жайды барлаған. Саяжай ішін­де­гі гал баллоны дер кезінде шы­ға­рыл­ды. Жазатайым ыстықтан жарылып кетсе құтқару­шы­лардың да өміріне қауіп төнер еді.

Жоғарыда аталған оқиға, яки екі баланы өрттен құтқару ке­зіндегі қажырлы іс-қимылы үшін бөлімше командирі Қанат Асқаров арнайы төсбелгімен марапатталды. Өз жұмысына адал, жауапкершілігі жоғары жауынгердің ерлігін айғақтай­тын­дай белгі. Бірақ Қанат үшін ел алғысына бөленгеннен қымбат ештеңе жоқ.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы