Ауыл • 18 Қаңтар, 2024

«Қаладан – ауылға!» Батыс Қазақстан облысында бірегей жоба басталды

655 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қабілетті жастарға қай кезде де сұраныс жоғары. Мұны Мемлекет басшысы бас басылымға берген сұхбатында да ерекше атап өтті. Қазір әлемнің жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатқанын айтқан Президент: «Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмыс­ты ұйымдастырудың және бас­қарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі», деді. Ал біз ауыл-аймақ­тағы дарынды жастарға қанша­лықты көңіл бөліп жүрміз?

«Қаладан – ауылға!» Батыс Қазақстан облысында бірегей жоба басталды

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір жастарымен кездесіп, облыс аумағында басталған ерекше жобалар туралы хабардар етті. Әсіресе «Қаладан – ауылға!» жобасы ауылдық елді мекендердің дамуына тың серпін бермек. Бұл бағытта жастарға барынша қолдау көрсетілмек.

«Әділетті Қазақстан: еңбекқор, отан­шыл, адал жастар» атты кездесуге негізінен жас мамандар жиналған екен. Өңір басшысының баяндамасын ықыласпен тыңдаған олар бастаманы құлшыныспен қолдайтынын білдірді. Жастардың арасында қазірдің өзінде ауылдан өз орнын тауып, кәсібін бас­тап, жетістікке жете бастағандар да табылды. Осы жиын үстінде Нариман Төреғалиев «Жайық жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бастау алғанын мәлімдеп, «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы басшысымен меморандумға қол қойды. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы­ның басшысы Бибігүл Қонысбаева «Қаладан – ауылға!» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндіріп өтті. Енді сол жайында оқырманға да кеңірек баяндайық.

впр

 

Халық үніне құлақ асу

«Бүгінгі іс-шара атауы­ның өзінде үлкен мән-мағына бар. Мемлекеттің әлеуетін әуелетіп, ел экономикасының қарқынды дамуы үшін жастарымыз қайратты, ақыл­ды, жігерлі болып қана қоймай, ел болашағы үшін бас­тама­шыл, нық қадамдар жасауға тиіс. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты жарияланды. Мұнда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, оның шешу жолдары ұсынылды. Озық ойлы ұлтқа айналу үшін, ең алдымен, әр отан­дасы­мыздың бойында туған жері­не, еліне, ата-анасына деген құр­мет, сүйіс­пен­шілік, адалдық қасиет болуы қажет. Ең алдымен, біз осы қасиетті жастар­дың бойынан көргіміз келеді. Аға буын бастаған осы бастамаларды жал­ғас­тыратын – біздің соңымыздан ерген озық ойлы, өршіл мінезді жас­тар», деп бастады сөзін Нариман Төреғалиұлы.

Өңір басшысының айтуынша, тұрғындарды алаңдататын әлеуметтік мәселелерді шешу – басты міндет болмақ. Сондықтан Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес өңір экономикасын көтеру, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ауылдарды дамыту салаларында бірқатар жоба жүзеге асады.

«Президенттің тапсырмасы аясында өткен жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында өңірде халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру қанатқақты жобасын іске асыратын боламыз», деді облыс әкімі.

сми

 

Деректер не дейді?

Батыс Қазақстан облысы – әуелден аграрлы, ауыл шаруа­шылығы басым өңір. Және ауылдық елді мекендері ең көп облыстың бірі. Облыста 12 аудан, 156 ауылдық, 3 кенттік округ, екі қала бар. Бұрын өңір тұ­р­ғын­дарының негізгі бөлігі ауыл­да тұрған еді. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары болған нарық қиындығы осы арасалмақты өзгертті. Жұмыссыздық ауыл халқын қалаға сабылтты. Біраз ауыл тәуелсіздіктің құрбаны болып, жұрты қалды. Оның есесіне қала қазақыланды. Қазақтың басым бөлігі қалалыққа айналды. Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­метіне қарасақ, 2023 жылғы 1 жел­тоқсанда облыстағы халық саны 692,9 мың адам болған. Соның ішінде 56,5% тұрғын, яғни 391,3 мың адам қалада тұрады екен. Ал ауыл халқының саны – 301,6 мың адам (43,5%).

Дегенмен сан ұрпақтың кін­дік қа­ны мен маңдай тері тамған ауылды иесіз қалдыруға болмай­­ды ғой. Құдайға шүкір, қазір Батыс Қазақстан облысының ауыл­дары толықтай табиғи газбен қам­тамасыз етілген. Ауыз су мәсе­лесі де көп ауылда шешілді. Жол, яғни қарым-қатынас қиын­ды­ғы болмаса, бүгінде ауыл тұр­мы­сының деңгейі қаладан кем емес. Қаладағы жайлы пәтер, сәулетті коттедж ауылда таң­сық болмай қалған. Соның да әсері болар, кейінгі жылдары халық­тың ауылға көшу үрдісі байқа­лады. Кейінгі 3 жылда Батыс Қазақ­станда 3 616 адам ауылдық жерге қоныс аударған.

 

Ауылға көш, ағайын!

«Біз туған жерді түлетіп, қара шаңырақтың түтінін қайта шал­қыту үшін жаңа жоба бастап отыр­мыз. Ауылдың дамуы – мем­лекет­тің дамуы! Сондықтан бұл бағ­дарламаның идеологиясы өте те­реңде жатыр. Бұл бағытқа әсіре­се жастар белсенді қатысуы керек. Біз «ауылға көшіп барамын» деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, барынша қолдау білдіреміз», дейді Нариман Төреғалиұлы.

Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ын­таландыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерді, агроөнеркәсіп кеше­нін тұрақты дамытуды қам­тамасыз ету, шағын және орта биз­нес нысандарын көбейту, тұрақ­ты жұмыс орны жоқ қала азамат­тарының, сондай-ақ жас отба­сы­л­ардың әлеуметтік мәсе­ле­лерін шешуге қолдау көрсету.

 

Әуелі баспана

Сонымен Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2026 жыл­дарға арналған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы мынадай:

Егер жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысының ауылына барар болса, 100 АЕК көтерме жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, тұрғын үй са­тып алу немесе салу үшін аудан орталықтарында – 2500 АЕК (9 230 000 теңге), ауылдық елді мекенде 2000 АЕК (7 384 000 теңге) беріледі. Бұл қаржы ауыл­да су жаңа үй салып алуға да жетеді. Яғни ауылда жүрген құры­лысшыларға да жұмыс табылады деген сөз.

Айтпақшы, жоғарыда жер­гілікті әкімдік «Отбасы банкпен» бірлесіп, 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие беруді бастағанын айтқан едік. Мұның мәнісі мынадай:

«Отбасы банк» жасы 21 мен 35 жас аралығында, соңғы бір жыл бойы Орал қаласында отбасымен бірге тұрақты тіркеуде тұрған Қазақстан азаматына 15 млн теңгеге дейін жеңілдетілген тұрғын үй несиесін береді. Осы мақсат үшін БҚО бюджетінен жастарға тұрғын үй алуға 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл 5 пайыздық жеңіл несие алдымен дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт саласында, коммуналдық мекеме­лерде, мемлекеттік қызметте жүрген жас отбасыларға арналған. 

«Біз дәл осындай жүйені ауыл­да да жүзеге асырғымыз келе­ді. Яғни ауылға баратын 35 жасқа дейінгі жастарға 2 па­йыз­дық мөлшерлемемен тұр­­­ғын үй несиесін бергіміз келе­ді. Қазір «Отбасы банк» біз­дің ұсы­­нысымызды бас кеңсе­мен ақыл­дасып жатыр. Егер ауыл жастарын баспанамен қам­тама­сыз ететін осындай бағ­дар­лама қабылданса, біз көп мәсе­лені қатар шешер едік. Бірін­шіден, жастар баспаналы болады. Ауылда құрылыс жанданады. Елді мекендер жаңарады. Бұдан бөлек, ауылда тұратын табыс­ты фермер, кәсіпкерлер өз қыз­мет­керлеріне тұрғын үй салып немесе сатып алып беретін болса, біз шығынның 50%-ын субси­дия­лауға дайынбыз», дейді облыс әкімі.

Әкімдіктің есебінше, қазір БҚО-ның ауылдарында 1 600-дей үй бос тұр. «Біз ауыл­дар­ға халықты апарып, тұрақтан­ды­руы­мыз керек. Барлық бағдар­лама аясында көмек жасаймыз», дейді облыс әкімі.

 

Кәсібің – нәсібің

Жаңа бағдарлама аясында ауылға көшетін әр отбасына нақты көмек көрсетіледі.

«Біз былтыр ауылдық жерге барған дәрігерлерге 2,5 млн тең­геден 5 млн теңгеге дейін қар­жылай көмек көрсеттік. Биыл бұл қаражаттың көлемін 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көбейтеміз. Сіздердің ара­лары­ңызда да білікті дәрігер, білімді ұстаздар болуы мүмкін. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай көмекті жас­тар пайдалануы қажет», дейді Нариман Төреғалиев.

2023 жылы өңірде «Диплом­мен – ауылға!» бағдарламасы бо­йынша 775 жас маман жұмысқа ор­наласқан. Жаңа бағдарлама жас мамандарды Ақжайық өл­кесіне бұрынғыдан да қызық­тырып, магнитше тартады деп се­неміз. Өйткені ауылға келген мамандардың сәбилері мек­­тепке дейінгі тәрбиемен қам­тыл­са, 1-4 сыныпта оқи­тын балалары толықтай ыс­тық тамақпен қамтамасыз етіле­ді. Медициналық және фармацев­тикалық мамандарға біржолғы төлем 1,0 млн теңгеден 5,0 млн теңгеге дейін өседі.

«Ауылда кәсіп бастаймын» деген бастамашыл жас­тар да ерекше қолдау көрмек. Мы­­салы, жаңа бизнес-идеялар­ды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар қарастырылған. Сыйақы мөлшер­лемесінің бір бөлігін субсидиялау да жоспарда: ШОБ нысаны 7% төлейді, айырмасы субсидияланады. ШОБ несиелеріне ішінара кепілдік беріледі – өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер 85%-ға дейін, ал бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпкер 50%-ға дейін, лизинг 70%-ға дейін кепілдік алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жастарға 400 АЕК-ке дейін мемлекеттік грант беріледі.

Ауылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту­ды, мал шаруашылығы өнімінің өнім­ді­лігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қолға алынады. Агроөнеркәсіп кешені нысандарына несие беру, сондай-ақ лизингке мал, техника және технологиялық жабдық беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, инвестициялық салымдар кезінде АӨК нысаны шеккен шығынның бір бөлігін 15%-50%-ға дейін ойластырылған. Қоныс аударушыларға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері беріледі. «Ауыл аманаты» жобасы шең­берінде қолдау шаралары көр­сетіледі. Мысалы, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Ауылдық елді мекендегі микронесие сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК-ке дейін беріледі.

Жастар үшін микронесие беру – 5 жылға дейін, мал шаруа­шылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Мик­ронесиенің ең жоғары сома­сы 5 млн теңгеге дейін көте­ріледі, но­миналды сыйақы мөлшер­ле­месі жылдық 2,5%-дан аспайды.

 

Балық емес, қармақ

«Қаладан – ауылға!» бағдар­ла­ма­сының басты мақсаты – ауыл­­ға баратын адамның сол бар­ған жерінде тамыр тартып, табыс тауып, өмірден өз орнын тауып кетуі.

«Біз ауылға барам деген тұрғындардың алдына мал салып беруді де ойластырып жатырмыз. Құс, қой т.б. үй жануарын беріп, бірінші кезекте демеу көрсетеміз. Ары қарай өзі талпыну керек», дейді Нариман Төреғалиев.

Мысалы, «Жастар практикасы» аясында жұмысқа орналасқан адамға – 30 АЕК, қоғамдық жұмыстарға қатысушыларға – 20 АЕК-ке дейін, «Бірінші жұмыс орны» жобасы қатысушы 35 жастан аспаған жұмыссыздарға 30 АЕК-ке дейін мемлекеттік қолдау көрсетілмек.

Жұмыссыздардың, студент­тер­дің және оқудан бос кезінде жоғары сынып оқушыларының жалақысы 20 АЕК көлеміне дейін субсидияланады.

«Күміс жас» жобасына қа­тысу­шы 50 ден асқан, зейнет­кер­лік жасқа дейінгі жұмыссыздарға белгіленген жалақы көлемінен 60%-дан 70%-ға дейін (бірақ 30 АЕК артық емес) мөлшерде субсидия жасалады.

Ал «Ұрпақтардың келісім­шарты» жобасы бойынша 35 жас­тан аспайтын, орта білімнен ке­йін­гі жоғары және жоғары білім бере­тін мекемеден техникалық жә­не мамандандырылған жобалар бо­йынша білім алғанына 3 жыл болмаған жұмыссыздар да 30 АЕК көлеміне дейін жалақы алмақ.

2027 жылдың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­берінде жыл сайынғы қаржы­ландыруды ұлғайта отырып, даму әлеуеті бар 223 ауыл өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.

«Біз қазір облыстағы 60 шақ­ты елді мекенді анықтап, белгі­леп қойдық. Бұлар тек қана шекара­лық ауылдар емес, барлық 12 аудан қамтылды. Облыстық мәсли­хат депутаттарының келісімін алуымыз керек. Содан кейін жария­лаймыз», дейді өңір басшысы.

 

Сонымен...

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға!» үш­жылдық бағдарламасы аясында жаңадан 313 тұрғын үй салынып, ауылдарға көшіп барған азаматтарға 1 146 тұрғын үй сатып алынады деген жоспар бар. Бұған қоса осы уақытта 48 мектеп салынады. Ауыл мектептері білікті ұстаздармен толық қамтамасыз етіледі. 3 пен 6 жас арасындағы балалар да мектепалды тәрбие және білім беру мекемелерімен толық қамтылады. 126 денсаулық сақтау нысаны салынады. 44 мәде­ниет нысаны салынады және жөн­деуден өтеді. Ауылдарда 42 спорт нысаны бой көтереді. Ауылға 120 отбасы көшіп барады. Ауылдық елді мекендерде жаңадан 16,4 мың жұмыс орны құрылады.

Әрине, мұның бәрі әзірге жос­пар. Бірақ жеті рет өлшеп, бір кесілген істің нәтижесі болмай қоймайды. Оны уақыт көрсетеді.

 

Батыс Қазақстан облысы