Президент • 25 Қаңтар, 2024

27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады - Қ.Тоқаев

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында Президент қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шыққанын, ал құзырлы органдар табиғаттың бұл сынағынан өте алмағанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады - Қ.Тоқаев

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

«2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан Үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар Президент бұл жұмыстың нәтижелерін бағалаудың нақты өлшемдерін әзірлеуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

«Сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет», деді Президент.