Қоғам • 26 Қаңтар, 2024

Әскери ардагерлер неге алаңдаулы?

2363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соғыстың зардабы ауыр. Оның жеңімпазы да жеңіл өмір сүре алмайды. Тарих бетіне «бітімгершілер» деген сипатпен сіңіп бара жатқан тәжік-ауған ұрыс қимылдарының қатысушылары мехнатының бодауын сұрап жүр.

Әскери ардагерлер неге алаңдаулы?

Суретті түсірген – Марат КУРАКОВ

Aрдагерлер одағының (Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдары­на және әскери қақтығыстарына қаты­сушы­лар) республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен елор­дада бітімгершілер бас қосты. Жиын­ға қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы, запастағы подполковник Мұ­рат Мұхамеджанов, Қорғаныс ми­нистр­лі­гінің өкілі Ғани Артыков және Болат Рысбай, Мұрат Жарекеев, Марат Жанғалиев, Асылбек Жүсіп, Қанат Оспанов, Талғат Абдуманатов, Есболат Қабдықалықов қатарлы Астана қаласының белсенді ардагерлері қатысты. Олар ардагерлердің кезектен тыс жеңілдікпен пәтер, жер телімін алу, осы уақытқа дейін ардагер мәртебесін ала алмай жүрген азаматтардың құқықтық мәселесі, республикалық бюджеттен ай сайын берілетін жәрдемақының АЕК мөлшерін көбейту, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының арда­герлері атаулы күнін белгілеу, сонымен бірге ардагерлерге басқа да әлеуметтік қызмет көрсету мәселесін талқылады.

Тәжікстандағы әскери миссияға қатысушылардың бірі Мұрат Мұха­меджанов тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстың мақсатын, ардагерлерге қазірге не қажетті екенін жеткізді.

– Ең алдымен көпшілікке түсінікті болуы үшін тарихқа шағын шолу жасап өтейік. Өйткені бұл ұрысты көбі біліп-түсіне бермейді. 1993 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған аумағындағы ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен 500 адамнан тұратын жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Батальон құрамына десантшылардан бөлек, шекарашылар мен ішкі әскер бөлімшелері кірді. Мен взвод командирі ретінде 35-гвардиялық десантшы шабуылдаушылар бригадасының құрама ротасы сапында 1994 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығындағы ұрыстарға қатыстым. Тәжікстандағы ахуал өте қиын, елде азаматтық соғыс жүріп, шекара арқылы Ауғанстаннан есірткі мен қару-жарақ тасыған содырлар кесіп өтетін. 8 жылға созылған бітімгершілік миссиясына сәйкес 8,5 мың Қазақстан әскері тәжік жерінде борышын өтеді. 1993-2001 жылдары аралығында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда 46 Қазақстан сарбазы қаза тауып, көпшілігі жарақат алды. Демек, бірінші кезектегі біздің мақсат пен міндет – тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс іс-қимылдарына қатысқандарды әлеуметтік қорғау және қолдау, – дейді Мұрат Нұрахметұлы.

Жиында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің Респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігі Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Руслан Әріпжан арнайы баяндама жасады.

«Ардагерлік мәртебе алғанымызға биыл 4 жыл болады. Шешілмеген мәселе шаш етектен. Мәселен, ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 17 722 теңге болды. Былтыр 16 560 теңге еді. Ал бізде ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Бұған қоса әлеуметтік және басқа да әлі қолға алынбаған мәселелер бар. Өйткені ресми «ардагерлік мәртебе» алған соң мемлекет тарапынан көрсетілетін біраз қолдауларға қол жеткізе алмай келеміз», дейді ардагер.

Ардагерлердің айтуынша, соғыстан аман оралғанымен, жарадар болған жауынгердің де қалған өмірі оңай болмайды.

«Мемлекеттік награда мен марапат алу мәселесі әлі қарастырылған жоқ. Ар­дагерлердің ең жасы – 45-те, алды 60-тан асты. Оларға жоғары оқу орын­да­рына түсуге жеңілдік берілген. Енді оны олардың балаларына беру мәсе­лесін қарастыру; жағдайы төмен ардагер­лердің отбасына, соғыста балаларынан айырылған ата-аналарын әлеуметтік қолдау; ардагерлер қайтыс болған себепті жәрдемақысы отбасына өту; ардагерлерді еліміз бойынша санаторлық-курортық емдеу демалысына жіберу; ардагерлердің қоғамдық көлікте тегін жүруі (авиа, пойыз, автобус); ардагер ұстаздарға аттестациядан өту кезеңінде жеңілдік жасау; ардагерлерге барлық өнірде пәтерақысына жеңілдік жасау; ардагерлер мерекесінде еліміз бойынша мерекелік сыйақы беру; ардагерлерге жұмыс істеу мүмкіндігіне жарамсыз болып табылса мүгедектікке шығуына септігін тигізу; Оқу-ағарту министрлігіне, ұрыс қимылдарының ардагерлерін тарих оқулығына енгізу және еліміз бойынша көше атауларына ардагер-батырлардың есімін беру – кезек күттірмейтін мәселе», деді Руслан Жүрсінтайұлы.

Сондай-ақ жиында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының содырлар мен шайқаста ауыр жара­ланған Қайыржан Қырымбаевтың мүге­дектікке өту мәселесі де сөз болды.

«Біз – азаттықтың алғашқы жылдарында тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік миссиясында өліммен бетпе-бет келіп, қасқайып тұрып, әскери борыштарымызды лайықты түрде орындаған ардагерлерміз. Қазақстан әскери қызметшілерін Тәжікстанда еске алып, құрмет тұтады. 1993-2001 жылдары болған тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа 8 500 қазақ сарбазы қатысып, өздерінің жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Көптеген жауын­гер оққа ұшып, жат жерден топырақ бұйырды. Із-түзсіз жоғалған, мүгедек болып оралғандары қаншама? Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және оларға лайықты құрмет көрсетілетін кез келді», дейді ардагерлер.

Олардың айтуынша, Екінші дүниежү­зілік соғыс, Ауған соғысы, Тәжік-Ауған соғысы, Ирак, Таулы Қарабақ қақтығы­сына қатысқан ардагерлердің өшпес ерлігін ұлықтайтын, насихат орны іспет­тес саябақ қажет. Мұның бәрін бөле жар­май, бірдей қараған жөн. Қарулы қақтығыстың бір-бірінен айырмасы жоқ. Бәрі де – қасірет.