Саясат • 28 Қаңтар, 2024

Депутаттар АӨСШК штаб-пәтеріне барды

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) штаб-пәтеріне барды. Делегацияны Сенат пен Мәжілістің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттерінің төрағалары Андрей Лукин мен Айгүл Құспан басқарды. Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та қатысты.

Депутаттар АӨСШК штаб-пәтеріне барды

АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай халық қалаулыларына органдар мен инс­титуттарда жұмыс істеп тұрған кеңестің қа­лыптасу және даму тарихы туралы айтып берді. Сондай-ақ хатшылықтың ағым­дағы қызметі және АӨСШК-ны халық­аралық ұй­ым­ға айналдыру үдерісі туралы баяндады.

– Ұйымның негізгі идеяларын негізге ала отырып, АӨСШК егемендік теңдік, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне аралас­пау, Азиядағы бейбітшілікті, қауіп­сіздік пен тұрақтылықты нығайтуға көп­жақты тәсілдерді әзірлеу арқылы әріп­тестікті кеңейту үшін экономикалық, әлеу­­меттік және мәдени ынтымақтастық қағидат­тарына негізделген саясат жүр­гізеді, – деді Қайрат Сарыбай.

Атап айтқанда, АӨСШК БҰҰ-мен және оның жүйесіне кіретін маман­дан­дырылған ұйымдармен ынтымақ­тастық орнатты. ТүркПА, Араб мемлекеттері лигасы, Еу­ропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық жө­ніндегі ұйым сияқты өңірлік құ­рылым­дармен тұрақты қарым-қатынас қалып­тастырды.

Айгүл Құспан хатшылықтың бас­шы­лығына арнайы шақырғаны үшін алғысын білдіріп, АӨСШК жұмысының ма­ңыздылығын атап өтті. Биыл кеңесті шақыру туралы бастаманың алғаш рет көте­рілгеніне 32 жыл толатынын еске салды.

– АӨСШК кең ынтымақтастықтың тұ­ғырнамасына ғана емес, сонымен қатар халықаралық дипломатияның тиімді институтына айналды. Біз 2024 жылғы тамызда Астанада экология мәселелері бойынша АӨСШК Министрлік конференциясын, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізу секілді бастамаларға қолдауымызды білдіреміз, – деді Айгүл Құспан.

Ал Әлібек Бақаев депутаттарды Қазақ­станның АӨСШК-ге төрағалығының 2020 жылдан бергі негізгі жетістіктері тура­лы хабардар етті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және мүше мем­лекеттердің қолдауымен көпжақты диалог платформасын нығайтатын елеулі бастамалар табысты іске асырылғанын атап өтті. Сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары АӨСШК-нің алтыншы саммиті барысында ұсынылған Президент бастамаларының мәні туралы да айтты.

Қызу пікірталас барысында пар­ла­мент­шілер шекаралардағы кедендік бақылауды үй­лестіру және халықаралық сауданы дамыту, трансшекаралық су ресурстары саласындағы ынтымақтастық, есірт­кінің заңсыз айналымына қарсы күрес­те арнайы органдардың өзара іс-қимылы мәселелерін көтерді. Кездесуге қатысу­шылар Палестина-Израиль қақ­тығысының шиеленісуін қоса алғанда, халықаралық саясаттағы сын-қатерлерді және азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешу­дегі АӨСШК рөлін талқылады.

– АӨСШК мемлекеттерге, оның ішінде өзара дипломатиялық тұрғыдан танымалған мемлекеттерге бір үстелде отырып, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Ұйымның бірегейлігі мен күші де осында жатыр, – деді АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай.

Іс-шара соңында комитет төрағасы Андрей Лукин АӨСШК қызметі туралы жан-жақты ақпарат берілгені үшін алғыс білдіріп, депутаттық корпустың кеңеске жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.