Қазақстан • 29 Қаңтар, 2024

IT-қызметтер 85 елге экспортталды

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Astana Hub» автономды кластерлік қоры 2023 жылғы қызметінің қорытындысын шығарды. Нәтижелерге ден қойсақ, технопарк қатысушыларының IT-экспорт көлемі 282,4 млн долларға жетті. 57,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы кіріс 400,3 млрд теңгеге тең. Ашылған жұмыс орындары 25 мыңнан асты.

IT-қызметтер 85 елге экспортталды

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қазақстанды Орталық Еура­зия­ның жетекші цифрлық орта­лығына айналдыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға қарай ІТ-экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту, 100 мың білікті IT-ма­ман даярлау және «Astana Hub» тәжі­рибесін еліміздің өңірлеріне енгізу міндетін жүктегені белгілі.

– Былтыр министр Бағдат Му­синмен және серіктестердің қолдауымен KPI көрсеткіші­нің барлығын сәтті орындадық. Біз­дің қатысушылар 2022 жылмен са­лыс­тырғанда IT-қызметтер экспор­тын 84,3 пайызға арттырып, 85 елді қамтыды. Соның ішінде АҚШ, Ресей, Мексика, Кипр, Синга­пур және Ұлыбритания алдың­ғы қатарда тұр, – дейді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

ми

– Стартаптардың экс­порт­тық әлеуеті акселерация бағ­дар­­ламаларының, соның ішін­­де Google for Startups және Draper Startup House сияқты әлем­­дік көшбасшылармен сәтті ын­ты­мақтастықтың, сондай-ақ Кремний алқабында Орталық Еуразия ІТ-стартаптар платформасы Silkroad Innovation Hub іске қосылуы­ның нәтижесінде айтарлықтай арт­­ты. Еліміздің 14 өңірінде аймақ­­тық IT-хабтар ашылды, биыл тағы 7-ін ашу жос­парда бар. Astana­hub.com цифр­лық плат­фор­масы негізінде еліміз­дің ин­но­вация­лық экожүйесі­нің бар­лық қатысушысы үшін «Ұлттық инно­ва­циялық жүйе» бір­ыңғай тере­зесі қанатқақты жоба­сы іске қосыл­ды, – дейді ол.

Еске сала кетейік, astanahub.com платформасында «Ұлттық инновациялық жүйені» іске қосу туралы шешімді 2023 жылдың желтоқсанында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төр­аға­лығымен Технологиялық саясат кеңесі қабылдаған болатын.

Өткен жылы Astana Hub Ор­та­лық Азиядағы Draper Startup House-тың алғашқы серіктесі бол­­­­ды. Бұл ынтымақтастық стар­тап­тар үшін бірегей мүмкіндік ту­дыр­ды: 27 стартап Дүние­жүзі­лік банктің қолдауымен Дрей­­пер университетімен серіктес­тік­­­­те Кремний алқабында жүзе­­ге асы­­рылатын Hero Training экс­к­лю­зивті акселератор бағ­дар­­ламасына қатысты. Бағдар­ла­­­ма­ға қатысушылардың бірі CITIX Тим Дрейперден 1 млн дол­­лар кө­­леміндегі инвестиция тарт­­ты. Бұл Astana Hub және Draper Star­tup House ара­сын­да­ғы Орталық Еура­зия инно­ва­­ция­­лық жобала­рын қолдау­да­ғы ынтымақтастық­тың табысты­­лы­ғын растады.

Techpreneurs, Startup Garage, Scalerator, Global Outsourcer акселерация және инкубация­лық бағдарлама түлектері 455 млн теңгеге сатылым жасады. Silkway Accelerator қатысушылары жалпы сомасы 26 млн доллар инвестиция тартып, компаниялардың жалпы капиталдандыруы 400 млн доллардан асты. Ең танымал стартап-жарыс Astana Hub Battle жүлде қоры демеушілер мен серіктес­тер нәтижесінде 125 мың долларға дейін өсті. Сонымен қатар Seed money бағдарламасының үшін­ші легі басталды: Astana Hub-тан қаржыландыруға таңдалған 11 стартапқа 10 млн теңгеге дейін қаржы құйылады.

Қыркүйек айында АҚШ-та (Сан-Франциско, Калифорния) өткен ең ірі халықаралық Tech­Crunch Disrupt 2023 конфе­рен­­ция­сында Орталық Еуразия­­ның ­14 стартапы таныстырылды. Олар­­­­дың көпшілігі Astana Hub аксе­­лера­ция бағдарламалары­ның түлек­­­тері екенін атап өткен жөн. Әрі қа­зір­­гі уақытта әлем­дік нарықта жоба­ларын сәтті дамытып жатыр.

2023 жылы Түрікменстан, Тәжік­стан, Ресей, Армения, Ук­раина, Қырғызстан елдеріне бі­лім беру бағдарламаларын экс­порттау үрдісі басталды. Цифр­­лық даму министрлігінің бас­тамасымен Astana Hub базасын­да жүзеге асырылып жатқан Tech Orda бағдарламасы аясын­да 3 183 азамат жетекші IT-мек­теп­терде оқуға грант алды. Swift әзір­леуді үйрету үшін Astana Hub базасында Apple Training Center ашу туралы келісімге қол қойылды. Технопаркте 2 мыңнан астам оқушылар мен студенттер қарқынды және білім беру курстарынан өтті. Сон­дай-ақ Прези­дент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөнін­дегі ұлттық ко­миссияның қол­дауымен іске қосылған IT-Aiel бағдарламасы арқылы 2 мың жұ­мыссыз әйел тегін оқу мүм­кін­дігіне ие болды.

30 мыңнан астам адам, со­ның ішінде 30 елден делегация қа­тыс­қан Digital Bridge-2023 халық­аралық IT форумы Ор­талық Еура­зиядағы ең ірі фо­румға айналды. Оның ала­ңын­да 55 панельдік сес­сия, дөң­ге­лек үстелдер және бір­қатар keynote өтіп, 450-ден астам стартап пен IT-компания, 450 спикер және 100-ден астам инвестор мен бизнес-періште бас қосты. Дәстүрлі түрде ашылу пле­нарлық отырыс форматын­да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson тең құ­рыл­­­тайшысы Тим Дрейпер, TikTok бас директоры Шоу Чу, Starlink компаниясының SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер және басқа да әлемдік көш­бас­шы­лар­дың қатысуымен өтті. Сондай-ақ Еуропа, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Афри­кадан 15 технология көш­бас­шысының ба­сын қосқан Google for Startups серік­тестер саммиті өтті.

– 2023 жылы Astana Hub 446 іс-шара ұйымдастырды, оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ серіктестермен бір­ге 300-ден астам стартапты қам­тыған үш хакатон және алты скау­тинг өткізілді, оның ішінде 23-і қанатқақты және компания­­да енгізу үшін таңдалды. GameDev орталығы Playrix, Mytona және G5 Games-пен бірге 40-тан астам конференция, лекция. Кездесу ұйымдастырды. Astana Hub қыз­меті ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ мамандарын даярлап, стартап жоба­ларды қолдауға бағытталған. Бү­­гін­гі таңда технопаркте 1388 IT-компания тіркелген, оның ішін­де 389-ында шетелдіктердің қа­тысуы бар. Оларға бизнесті дамыту және масштабтау бағ­дарламалары, арнайы салық­тық және визалық шарт­тар, ақпа­­рат­тық-білім беру, ма­териалдық инфрақұрылым және тағы басқа қолдау көрсетіледі, – деді Мағжан Мәдиев.