Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Дүниежүзілік сыйлықтан үмітті

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы Нұрзада Амангелдінің өнертабысы World Summit Awards әлемдік байқауының 2023 жылғы қысқа тізіміне енді. Бұл – БҰҰ беделді сыйлығының халықаралық сарап­шы­лары тарапынан іріктелген отандық жалғыз жоба. Байқауға барлығы 180-нен аса мемлекеттен инновациялық әзірлемелер ұсынылған.

Дүниежүзілік сыйлықтан үмітті

Нұрзада Амангелдінің жоба­сы Inclusion and emprowment аталымы бойынша ұсынылған 80 жаһандық инновациялық өнертабыстың ішінен іріктеліп таңдалды. Ақпараттық технология­лар факультеті Жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы қазақша ымдау тілін танудың қолжетімді жүйе­сін дүниежүзілік байқауға ұсын­ған. Бірегей әзірлеме жасанды интеллектіге негізделген әрі қымбат сенсорларды, бірегей камераларды немесе суперкомпьютерлерді қажет етпейді. Қазақ ымдау тілінің автоматты сурдо­аударма жүйесі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың білім алу және басқа да үрдістерге кедергісіз енуіне бағытталған.

– Жобамызды World Summit Awards сарапшыларының мақұл­­дауы өнерта­бысымыздың иннова­ция­лық құрам­дас бөлігіне үлкен сенім бар екенін көрсетеді. Егер жобамызға халық­аралық инвес­тор­лардың назарын аудара алсақ, онда бұл біз үшін үлкен жетістік болады, – дейді ғалым.

Нұрзада Амангелді биыл ұлттық университет жылда тағайындайтын Jana asu грантын екінші мәрте иелен­ді. Оқу ордасының бұл бастамасы ғылыми қызмет нәтижелерін коммер­ция­ландыруға қолдау көрсе­туге бағыт­талған.

Қазақстандағы World Summit Awards сарапшысы Анатолий Кременчуцкий қысқа тізімге 60 елден 136 жоба енгізілгенін атап өтті.

– 2023 жылы World Summit Awards байқауында елімізден ­8 үміт­кер болды. Бірақ бәсекелестік жоғары болғандықтан, іріктеуден тек бір жоба ғана өтті. Байқаудың ара­лық қорытындысы 8 ақпанда бел­гілі бола­ды. Келесі кезекте үміт­керлердің қыс­қа тізіміне енген командалар Чилиге жаһандық кон­греске барады. Үміт­керлердің әрқай­сысына БҰҰ-дан, басқа үкі­мет­­тердің өкілде­рінен және қазы­лар алқасының мүше­лерінен шамамен 400 адамнан тұратын алаң ұсынылады. Коман­да­лар өз жобаларын таныстырады, содан кейін қазылар алқасы жеңім­паз­ды анық­тай­ды, – деді Анатолий Кре­мен­чуцкий.

Айта кету керек, WSA байқауын Бірік­кен Ұлттар Ұйымы өткізеді және халықаралық сарапшылар жаһан­­дық маңызы бар ең жақсы инно­ва­циялық шешімдерді баға­лай­ды.