Қоғам • 31 Қаңтар, 2024

Ойына келгенін істейтіндер көбейді – депутат

1949 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев кейінгі уақытта заңды белден басып, ойына келгенін істейтіндер көбейіп кеткенін айтып, Премьер-министрге сауал жолдады. Депутат құқықбұзушылықтардың алдын алу дұрыс ұйымдастырылмағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ойына келгенін істейтіндер көбейді – депутат

Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша Қарағандыда айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық.

«Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік», деді депутат. 

Оның айтуынша, ондай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамай келеді.

Депутат Алматыда автобус жүргізушісімен болған қайғылы оқиғаны да мысалға келтірді.

Мәжілісмен ондай оқиғаларға себеп болып отырған бірнеше факторға тоқталды.  

Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше аталған жағдайлар ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де бейхабар. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз. Үшіншіден, ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді.  

«Ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз. Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіп бұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек», деп атап өтті ол. 

Депутат уәкілетті органдарға мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:

«Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс. Оған қатысты сотты ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету керек. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алып отыр. Сол себепті, тез арада кез келген қылмыстарға қоғамда мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет», деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.