Сұхбат • 11 Ақпан, 2024

Бақытбек Смағұл: Ауған ардагерлеріне ерекше көзқарас қажет

2358 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

15 ақпанда кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шыға­рылғанына 35 жыл толады. Ауған тарапының көмек сұрауына байланысты КСРО басшылығының шешімімен 1979-1989 жылдары бұл елге кеңес жауынгерлері жіберіліп тұрды. Солардың қатарында қазақ сарбаздары да сын сағатта антына адалдық танытып, майдан даласында ерліктің үлгісін көрсетті. Осы датаға орай біз Ауған соғысының ар­дагері, белгілі қоғам қайраткері, «Qazaqstan Ardagerleri» қауым­дастығының төрағасы Бақытбек Смағұлды әңгімеге тартқан едік.

Бақытбек Смағұл: Ауған ардагерлеріне ерекше көзқарас қажет

– Бақытбек аға, кеңес әскерінің Ауғанстанға кіргізілуін біреулер басқыншылық десе, енді біреулер ауған халқына көмектесу үшін орын­далған интернационалдық борыш деп баға береді. Осы мәселе­нің ақиқатына бойлап көрсек. Со­нымен біздің бұл аласапыранға ара­ласуымызға не түрткі болып еді?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін соғыс өртінің тұтануына себеп болған оқиғаларға аз-кем үңілген жөн. Шын­туайтында, кеңес одағы мен Ауған­стан билігі әу бастан жақсы қа­рым-қатынаста болған. 1919 жылы Ленин тұсында кеңес өкіметі Ауған­стан­ның тәуелсіздігін әлемде бірінші болып мойындады: сол жылдың 28 ақпа­нында Аманулла хан бас мешітте өз елін Ұлыбританиядан тәуелсіз деп жариялайды. КСРО Ауғанстанға қайтарымсыз көмек ретінде қару-жарақ, 11 ұшақ, алтын құймаларын жолдады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екеуара ынтымақтастық одан әрі өрістеді. 1950 жылдары кеңес одағы бұл мемлекетке мол қаржы құйды, бөгендер мен электр стансаларын тұрғызды, тақтайдай түзу жолдар төседі, әуежайлар, мектептер, суландыру жүйелерін іске қосты. Ауған әйелдері мен қыздары да білім алып, білікті маман болды. Бұл уақытта Ауғанстан зайырлы, заманауи мемлекет ретінде қалыптасып жатқан еді.

Кейін жер дауына байланысты Ауғанстан мен Пәкістанның арасында қақтығыс туындады. Америка Пәкістан мен Иран армияларын қаруландырды. Осыдан қауіп қылған Ауғанстан премьер-министрі Мұхаммед Дауд әскери көмек сұрап, КСРО-ға жүгінді. Хрущевтің жаңа кеңестік режімі бұл өтінішті дереу қанағаттандырды.

Әрі қарай ауған елінде ішкі алауыз­дық өршіді. 1978 жылы «Сәуір төң­керісі» болып, елге тізесі батқан, оппо­зиция көшбасшыларының көзін жой­ған Мұхаммед Дауд өз сарайында бүкіл отбасы мүшелерімен бірге өлтірілді. Кеңес одағының қолдауымен ел билігі Бабрак Кармаль бастаған Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясының қолына көшті. Алайда қырсыз биліктің сүреңсіз әрі қысыммен жүргізген аграрлық реформалары, мұ­сылман діндарларын қудалауы ел ішін­дегі «әлеуметтік жарылысқа» соқ­ты­рып, моджахедтер қозғалысын туын­датты, артынша азаматтық соғысты өршітті. Елдің шығысындағы тауларды мекендейтін пуштундар қолға қару алды. Құнар алқабы, орталық Гин­дукуш пен Бадахшан Үкіметке қар­сы толқулардың орталығына айналды. Сол жылғы күзде баскөтерулер провин­циялардың тең жартысына қанат жайған еді.

1979 жылдың жазында АҚШ пре­зиденті Картерді оның ұлттық қауіп­­сіздік жөніндегі кеңесшісі Збигнев Бже­зинский ауған көтерілісшілеріне көмек көрсетуге көндіреді. Ал Ауған­стан үкіметі кеңес одағына арқа сүйеді. Мұрағаттық деректерге сәйкес, «Сәуір төңкерісінен» кейін билеуші күш – Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы КСРО-дан әскер кіргізуді сұрап, кем дегенде жиырма рет жү­гінген.

Көмек көрсету мақсатында КСРО басшылығының шешімімен одақтың Қорғаныс министрі Д.Устинов 1979 жылдың 10 желтоқсанында, біздің Алматы облысындағы Түркістан әскери округінде жаңа жалпы әскери армияны қалыптастыруға кірісті. Ауған жеріне алғаш болып кірген әскер­дің басым бөлігін Орталық Азия халықтары, соның ішінде қазақ­тар құрады. Сол алғашқы лектің қата­рында мен де бар едім.

Ауған жеріне аяқ басқанда небәрі 18-20 жас аралығындағы біздің жауынгерлер қазіргі қарулы қақтығыстардағы сияқты соғысқа жалдамалы болып барған жоқ, келісімшарт бекітіп, ақша алмады. Біз Қарулы күштердің мерзімді әскери қызметтегі сардарлары мен сарбаздары болдық. Мемлекет бізді әскери міндетімізді орындауға жолдады. Ал бұйрық деген талқыланбайтынын, тек мүлтіксіз орындалатынын қаһарман Бауыржан Момышұлының өзі айтып кеткен жоқ па?

Кейбір ақылгөйлер кейде ауған ардагерлерін кемсіту, әжуалау үшін: «Ауғанстанда қанша мұсылманды өлтірдің?» деп сұрақ қойып жатады. Біз ол жаққа барғанда, кері­сінше, мұсылмандарды, бейбіт тұр­ғындарды қорғадық. Мысалы, қыш­лақтарға көтерілісшілер шабуылдап, «ресми билікті жақтайсыңдар» деп тұр­ғындарын қырып кетіп жатты. Бұл кезінде біздің еліміздегі ақ пен қызыл­дардың алма-кезек салған қырғын-лаңы сияқты еді. Бұған жол бермеу үшін біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қорған болуға тырыстық. Тұрақтылық орнаған ауған қалалары мен ауылдарында баспана, мектеп, ауруханалар тұрғызып, жол салып, ауыз сумен қамтыдық. Кеңес одағынан келген дәрі­герлер халыққа медициналық қызмет көрсетті. Ауыл-қалалар арасында азық-түлік, тауар, отын тасымалы, сауда қалпына келтірілді.

Ауған соғысына елімізден аттанған 22 мың жауынгердің мыңнан астамы ерлікпен көз жұмды. Басым көп­шілігінің елге аман оралуы – «Қара майор» Борис Керімбаев, Байғали Қоқымбаев, Николай Заколодяжный, Габиль Халафов, Тұрар Нұрғалиев, Руслан Аушев секілді білікті командир­леріміздің арқасы. Мысалы, Бақытжан Ертаев ағамыз қудаланып, шетқақпай қалып, налып жүргенде, мен жұмысқа тұрғызуға септестім. Пре­зидент қабыл­дауына кіріп, оны Халық қаһарманы атағына ұсындым. Бұл бастамамды жүзеге асыру үшін Мемлекеттік хатшысына 4 рет кіріп, ақыры арманымызды жүзеге асырдық. Бұл – Ауған ардагерлеріне көрсетілген мемлекеттің құрметі деп білеміз. Ал қазір марқұм Борис (Бақыт) Керімбаевты да Халық қаһарманы атағына ұсынып жатырмыз.

– Биыл ауған дүрбелеңінің аяқ­тал­ғанына 35 жыл толуына орай елде қандай іс-шаралар ұйым­дас­тырылады?

– Былтыр Үкімет басшысына хат жазып, 35 жылдықты лайықты өткізу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынған едім. Премьер-министрдің тапсырмасымен Үкімет жанынан арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспары» әзірленді. Оның аясында барлық өңірде, жергілікті деңгейлерде ардагерлерге құрмет-қошемет көрсету, әскери және патриоттық іс-шара, қайырымдылық акция, спорттық жарыс, концерттер өткізу т.б. көзделіп отыр.

15 ақпан қарсаңында барлық ауған ардагеріне және оларға теңес­ті­рілген азаматтарға, жалпы саны 22 мыңдай адамға 50 АЕК немесе 184 мың теңге көлемінде біржол­ғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсе­тіледі. «Qazaqstan Ardagerleri» қауым­дастығы мен Мемлекеттік әске­ри-тарихи мұ­ражайы бірлесіп, «Кеңес әскер­лерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» медалінің дизайнын әзірледі. Оның авторлық құқығы менде. Қорға­ныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтің басшы­лығымен өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында дауыс беру нәтижесінде біз ұсынған естелік төсбелгісінің эскизі бекітілді. Бұл төсбелгі қазіргі көзі тірі барлық ауған ардагеріне табысталуға тиіс.

Тағы бір дерек: ауған жерінде әскери борышын өтеген ондаған мың отандасымыздың нақты қаншасы қаза тапқанына қатысты (761-ден 924-ке дейінгі) түрлі деректер айтылып жүр. «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы ұзақ жыл жүргізген зерттеуі барысында еліміздің және Ресейдің мемлекеттік архивтерінен Ауған соғысында опат болған тағы 116 қазақ боздағының аты-жөні мен нақты дерегін анықтады. Қорғаныс министрлігіне осы тізімді өткіздім. Олардың да аттары елордадағы Интер­националист-жауынгерлердің мемориал ескерткішінде қашап жазылады.

– Бүгінде Ауған ардагерлеріне мемлекет тарапынан қаншалық­ты көңіл бөлініп келеді? Оларды әлеу­меттік қолдау шаралары тиісті дең­гейде жасалып отыр ма?

– Басқа мемлекеттердің аумағын­дағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заңда қарасты­рылған. Оларға берілетін барлық қол­даныстағы жеңілдік осы заңда бар. Қазіргі уақытта ардагерлердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру, салық салу жеңілдіктері, т.б. артықшылықтар, құқықтар мен кепілдіктер ескерілген.

Әлеуметтік қолдаудың негізгі ша­­ра­­ларының бірі – өмір бойы арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлеу. Ауған­стан аумағындағы ұрыс қимылда­ры­ның ардагерлері үшін оның мөлшері 6,19 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 2024 жылы 22 854 теңгені, мүгедектігі бар ардагерлерге – 7,55 АЕК немесе 27 875 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бұл жәрдемақыны 19 мыңға жуық адам алады.

Шынын айту керек, жиырма мың теңгедей жәрдемақыға күн көру мүмкін емес. Бұл қаржыны кейбір шенділер мейрамханада бір түстенгенде тас­тап кетеді. Сол себепті арнайы жәрдем­ақының көлемін арттыруды Мәжіліс депутаты болған кезде Үкіметтің алдына талай қойдым. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен бірнеше жұмыс тобы да құрылды. Бірақ бұл бастамамыз әлі күнге іс жүзінде қолдау таппай келеді.

– Ал ардагерлерге медициналық қызмет көрсету қалай жүзеге асырылады?

– Бүгінде басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары арда­герлеріне стационарлық медици­налық көмек Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы сал­дарынан болған мүгедектігі бар адам­дар мен ардагерлерге арналған 2 ма­мандандырылған республикалық госпитальдарда (Алматы және Астана қалаларында), облыстық және қалалық ауруханалардың мамандандырылған бөлімшелерінде көзделген арнайы сервистік палаталарда көрсетіледі. Ардагерлердің амбулаториялық-емха­налық көмек көрсететін ұйымдарда қызмет көрсетуге және кезектен тыс емдеуге жатқызуға басым құқығы, сондай-ақ жұмыс кезеңінде ардагерлер тіркелген емханаларды зейнетке шығу кезінде пайдалану құқы­ғы бар. Жергілікті әлеуметтік қорғау органдары әзірленген оңалту және реабилитациялаудың жеке бағдар­ламасы негізінде мүгедектігі бар ардагерлерге санаториялық-курорттық ем ұсынады. 2022 жылы 777 ардагер, 2023 жылы 978 ардагер осындай ем алды. Бұған қоса, жекелеген өңірлерде жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай мүгедектігі жоқ ауған ардагерлері жыл сайынғы санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.

– Әлеуметтік қолдау мәселесі әң­гіме болғанда тұрғын үй жайын да айтпай кетуге болмас. Бұл тұрғыда ауған ардагерлері үшін қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

– Баспана мәселесі тек ауған арда­герлері емес, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан барлық ардагер үшін де өзекті болып тұр. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес ауған ардагерлері халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған және сол арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезегіне тұра алады. Бірақ шынын айту керек, ол кезек ондаған жылға созылады.

Сонымен қатар Ауғанстан аумағын­да әскери қызмет өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі сал­да­рынан мүгедектік алған деп таныл­ған әскери қызметшілердің өздері тұра­тын тұрғын үйлерін мемлекеттік тұрғын үй қорынан өз меншігіне өтеусіз алуға құқығы бар. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспанасын жекешелендіруге құқылы. Ал жетімбұрыш жағалаған ардагерлердің мәселесін шешу жолдарын біз жұмыс топтарында ұсындық. Бүгінде бұл мәселе Үкімет қарауында.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»