Экономика • 16 Ақпан, 2024

Жер де бар, су да бар. Жетпей тұрғаны не?

139 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күн тәртібіндегі келелі мәселенің бірі әрі бірегейі – гектар берекесін арттыру. Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ретінде жыл сайын қыруар қаражат бөлінгенімен, өнім көлемі артпай тұр, қайтарымы көңіл көншітерлік емес. Егіннен есесі кеткен елдің мал шаруашылығын өркендету өрісі де кеміді.

Жер де бар, су да бар. Жетпей тұрғаны не?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ырыздық үйлестіре білсең ғана молаяды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында ауыл шаруашылығының ахуалы туралы айтқан сөзінде: «Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – елі­міз үшін мақтанатын көрсет­кіш емес. Демек Қазақстандағы кәсіп­орындарда сапалы тыңайт­қыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді», деген болатын. Тыңайт­қыштың тақсіретін тарт­қан­дықтан, астықты өңір сана­тындағы біздің өлкеде гектар берекесі жылдан-жылға кеміп келеді.

Жер жүдеп, берерінің бере­кесі кетіп тұрғаны әмбеге аян. Мамандардың ұзақ жылғы ұтымды тәжірибесін жан-жақ­ты талдап, мәселенің мәнісіне тереңі­рек үңілетін болсақ, бұл орай­дағы олқылық алдымен тыңайт­қышқа байланыс­ты. Егіс­тік алқаптарының көлемі көп болғанымен, өнім аз. Алыс­қа бармай-ақ қуаңшылық жыл­дарының өзінде тәп-тәуір өнім алуға қол жеткізіп отырған Ресейдің егіншілік мәдениеті біз­ден көш ілгері. Талдап көре­лік. Ресей егіншілері егіс­тік алқаптарын тыңайтуға айрық­ша мән береді. Біздің егіс алқап­тарының әр гектарына 2,5 келі тыңайтқыш сіңірілсе, Ресейде бұл көрсеткіш 48 келіге жуық. Яғни он есе артық. Еуропа ел­дерінде әр гектарға – 130, Америка Құрама Штаттарында 170 келі тыңайтқыш пайдаланылады. Есесіне, олардың өнімі әлдеқайда жоғары.

ооо

– Ал біз қыруар жерді жыртып, қаншама техниканы пайдаланып, мемлекет тарапы­нан субсидия есебінде миллиардта­ған теңге қаражат құйып отырсақ та, гектар берекесін арт­тыра алмай келе жатырмыз, – дейді био­ло­гия ғылымдарының док­торы, профессор, академик Әбілжан Құсайынов. – Табиғатта қайтарым заңы дейтін түсінік бар. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, табиғаттан алға­ның­ды еселей қайтармасаң, жомарт­тығын көре алмайсың. Кәдімгі «Сиырдың сүті тілінде» дегендей, жерден алғаныңды уақты­лы қайтарып беріп, күтпесең, қамбаңның құты қашатыны белгілі.

Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айта кетелік. Топырақтың құнары жер бетіне дән болып шығып, өз бойындағы қуаты әр жыл са­йын азая бермек. Демек оны үсте­мелеп қоректендіріп отыру қа­жет. Кәдімгі қазақтың «ала­ған қолым береген» дегені тәріз­ді. Осы орайда бір гектарға себілетін 2,5 келі тыңайтқыш, әрине, аздық етеді.

 

Көң тасуға да көмек керек

Жомарт жердің пейілінің тарылуы тың игеру тұсынан басталған. Тусырап жатқан ен дала соқаның тісімен айғыздала жыртылды. Солтүстік өңірдің жазы желкем болып келеді. Жел суырған топырақ құрамындағы құнар уақыт өткен сайын азая бастады. Кейін кеңес үкіметі жерді эрозиядан қорғауға назар аударды. Шортандыдағы әйгілі А.И.Бараев институтының ашылуы да осы кез. Осылайша, топырақты қорғау жүйесі құрылды. Елімізде 12 мил­лионға жуық қара топырақты егістік алқап болса, құнарлылық 23-25 па­йызға төмендеген. Қоңыр топырақты алқаптардағы құнарлылық 33-35 пайызға дейін азайған. Ендігі амал – органикалық тыңайтқыштарды қолдану. Бір түсініксіз жері, 600 түрлі химиялық заттарға субсидия қарастырылғанымен органикалық тыңайтқышқа қаражат бөлінбейді екен. Себеп – кез келген ауыл-аймақтың ма­ңайын­да көң көл-көсір болып үйіліп жатыр.

– Көңді тасу үшін де қыруар техника, жанар-жағармай, қосалқы бөлшек қажет емес пе? – дейді шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов. – Әйтпесе көңнің ең жақсы тыңайтқыш екенін жер емшегін еміп жүрген диқандардың бәрі біледі.

нг

Егер осы шаруа қолға алынса, елді ме­кендердің маңайы бейберекет үйі­ліп жатқан, жаз бойы күйіп, ауаны был­ғайтын көңнен тазарып қалар еді. Әрі құнары кеміп, жүдеу тартқан егістік алқаптар қоректік заттарға кенеледі ғой. Ғалым Әбілжан Тоқанұлының айтуына қарағанда, топырақтың бойындағы химиялық тыңайтқыштардың қуаты бір-екі жылға жететін болса, органикалық тыңайтқыштың құнары кемінде бес жылға жетеді. Тиімділігі көрініп-ақ тұр­ған жоқ па?

– Жалпы, субсидияны бөлудің қағи­дат­тары қайта қарауды қажет етеді. Менің ойымша, субсидия түпкілікті өнімге берілуі керек. Мәселен, тауарлы-сүт фермасында өндірілген сүтке, ет бағытындағы шаруашылықта әр келі етке субсидия төленеді емес пе? Егін шаруашылығында да субсидия түп­кілікті гектар берекесіне қарай төлен­ге­ні әділ болар еді, – дейді Әбілжан Тоқанұлы.

 

Сапалы тұқым – егін берекесі

Шаруашылықтар егін орағы кезінде сабанды турап, алқапқа шашып тастайды. Бірақ бұл жерде де көзқарас әртүрлі. Ғылыми негіздемеге қарағанда, сабанды үгіп тастауды кері әсері де бар. Шіріп үлгермеген сабан топырақ құнарындағы азотты жұтып алады. Сабан үгіндісі тас­талған жерге тиісінше, ғылыми есеп­телген азот сіңірілуі керек, әйтпесе егіс­тік алқабындағы құнардың кемуі еселене түспек.

Гектар берекесін арттырудың тағы бір жолы – сапалы тұқым таңдау. Кейінгі жылдары ауа райы күрт өзгерді. Жыл са­йын қуаңшылық қайталанып жатыр. Өткен жылы астықты Ақмола облысының көптеген ауданы қуаң­шы­лықтың зардабын шекті. Жыл са­йын тәп-тәуір өнімге қол жеткізетін Қор­ғалжын, Целиноград, Зеренді, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Біржан сал аудандары астықсыз қала жаздады. Кейбір алқаптарда гектар берекесі 4-5 центнерден ғана айналды. Күз бойы тынымсыз жауған жауынның әсерінен астық ылғалды болуы себепті тұқым тапшы. Әбілжан Тоқанұлының айтуынша, тұқымның тез, орташа, кеш пісетін сорттарын таңдау керек.

– Былайша түрлендіру шаруашылық үшін тиімді. Мол астық бір мезгілде пісіп жетілмейді де, ерте піскенін ерте, кеш піскенін кеш орып алуға болады. Осындай кестемен жұмыс істесе, қарбалас та азаяды. Ал қуаңшылыққа төзімді сұрыптар міндетті түрде керек.

Шетелдік тұқымға да сенім аз. Қанша жерден мақтаулы болғанымен, біздің табиғатқа бейімделмеген. Астық шаруашылығын алға бастыру үшін алдымен тыңайтқышқа, жерді өңдеуге, егіншілік мәдениетін жетілдіруге және тұқымды таңдай білуге назар аударған жөн. Ескі дағдыға салып жомарт жер мейірін төгеді дегенімізбен, гектар берекесі арта қоймайды. Қазіргі күні егіншілер гектар берекесін 25-30 центнерге жеткізіп отыр. Біз қыруар қаржы салғанымызбен, есесі қайтпай тұр. Ендігі мәселе – осы тараптағы жұ­мысты тиімді үйлестіру.

 

Жайылым жақсарсын десек...

Егін алқаптарымен қатар, шабындық, жайылымдық жерлердің де құнары кеміп кетті. Төрт түлік мал елдің іргесін­де­гі тоқымдай жерде жайылған соң, малға жұғымды, құнарлы шөп түрлері де азайған. Есесіне қурай басты, жусан жайлады. Мұның барлығы экологиялық апаттың қатері көбейіп, жан баласы жар басында тұрғандай әсер қалдырады. Топырақ эрозиясы жайылым тұрмақ, күміс көлдерге де зиянын тигізіп жатыр. Тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да, осы тарапта бірауыз сөз айта кетелік. Қазір Көкшенің күміс көлдерін қамыс басып кетті. Былайғы жұрт бұрын мұндай емес еді ғой, қамыс басып, балдырға былығып кетуі несі екен деп таң-тамаша қалатын. Сөйтсек, күні-түні азынай соққан жел топырақтың құрамындағы бар құнарды ұшырып, көлге түсіреді екен де су табанына бөккен топырақ шөгінділерінен су өсімдіктері қаулап өседі екен.

– Елімізде 182 миллион гектарға жуық жайылымдық жер бар. Дүниежүзі бо­йынша Аустралиядан кейін екінші орындамыз. Жайылымдық жерге жарымай отырғанымыздың бірінші себебі – тиімді пайдалана алмай отырмыз әрі құнарлы жерлердің дені бейберекет жыртылып тасталды. Мәселен, Ақмола облысында 5 миллион гектар жайылымдық жер бар еді. Қазір 4,5 миллион гектар шамасында. Соңғы бірер жылдың ішінде ғана жарты миллион гектар жер жыртылды. Ол жерлер кәдімгі «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтіндей құнарлы жерлер. Жайылым жер тарылған соң азық-түлік қауіпсіздігіне де нұқсан келеді, – дейді ғалым Әбілжан Құсайынов.

Ғалымның пайымды пікіріне құлақ түрсек, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіріп, дастарқан берекесін келтіріп тұрғандар – негізінен жеке шаруашылық иелері. Еттің 70 па­йызын, сүттің 80 пайызын жекеменшік шаруашылықтар өндіреді. Әттеген-айы сол, оларға тиісті жағдай жасалмай отыр. Шабындық және жайылымдық жер округ әкімдерінің қарауында. Бірақ оларда жерді тыңайтатын қаражат жоқ. Қоғамдық жайылым жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, өңделуге тиісті. Өңдеудің екі түрі бар, біріншісі, табиғи жолмен. Төрт түлік малдың көктемгі, күзгі, қысқы жайылымдарын тұяқкесті етпей, әлсін-әлсін ауыстырып отырған ләзім. Жайылымдық жерлерді құнарландырудың ең оңай түрі – борана жүргізу. Борана жүргізсек, шөптің тұқымдық бүршігі қара топыраққа түседі әрі тамырына ауа барып, ылғалданады. Екіншісі, көпжылдық екпе шөптерді егіп, мәдени жайылымның көлемін ұл­ғай­туға болады. Егер қазіргі біздің тозығы жеткен шабындықтардың әр гек­тарынан бес центнерден өнім алатын болсақ, құнары жетілдірілген соң бұл көрсеткіш кемінде бес есеге дейін көбейеді.

Шабындық пен жайылымдық жер­лерді құнарландыру ғылыми дәйек­те­меге дейін қолға алынуы керек. Ондағы ең басты ескеретін тұс – топырақтың құнарсыздануының қанша деңгейге жет­кендігі. Оны тек мамандар ғана анық­тай алады. Топырақ құнары тым төмен­демесе, қолжетімді әдіс­термен шалғынның жайқалып өсуіне қол жет­кі­зуге болады. Ал сортаң топы­рақ­­тарды иге­ру тікелей ғылымның тегеу­ріні­не тәуелді.

Жер тиімді пайдаланылуы керек. Гектар берекесі артса, салынған қаржы да ел игілігіне еселеп оралатыны сөзсіз. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл­дағы ағайын төрт түлік малын өсіру ар­қылы өзінің әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жақсарта түседі. Бәрі бар, жер де, су да. Тек соны тиімді пайдалану ғана жетпей тұр.

 

Ақмола облысы