“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаймыз
Елімізде бір ғана травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты бар. Ол ел орталығы – Астанада орналасқан. Бұл ғылым ордасында бүгінгі күні ең соңғы, ең озық технологияларды қолдану арқылы жүздеген операциялар жасалып, үзілген үміттерді жалғауда. Институт ұжымының ғылыми және кәсіби мүмкіндіктері өте зор, сондықтан ол күннен күнге дамып келеді. Біз оған институт жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, 38 жыл өмірін осы салаға арнаған еліміздің бас травмотолог-ортопеді Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновпен әңгімелескенімізде көз жеткіздік. – Нұрлан Жұмағұлұлы, институт қашан құрылды? – ТОҒЗИ-дың статусы ресми түрде 2001 жылдың 9 ақпанында, Үкіметтің №215 қаулысына сәйкес бекітілген болатын. Алайда бұған дейін де аталған емдеу мекемесі қатардағы емдеу мекемесінен, тіпті аймақтық травмотология және ортопедия орталығы деңгейіне жоғарылаған болатын. Мамандардың біліктілігі, ғылыми жетістіктердің деңгейі, жаңа жетістіктерге, емнің озық тәсілдерін игеруге деген талпыныс – ТОҒЗИ-ды ұйымдастырудың негізі болды. Ал статустың аты статус, бұл жаңа мүмкіндіктер мен биік белестер. Осының барлығы елімізде травмотология және ортопедияның дамуына бірден бір септігін тигізді. Науқастар үшін жоғары деңгейде көмек алудың бірден бір кепілі еді. “Астана мектебінің” даңқы жоғары болғаны соншалықты, барлығы осында келіп емделуге ынталы, ал біз қолымыздан келгенше операцияларды тездетуге тырысамыз. Бұл институт бұрын-соңды елімізде болмаған институт. Көп жылдар бойғы еңбектену нәтижесінде ашылуына қол жеткіздік. Өйткені елорданың көшіп келуі, оған қоса алғашқыда жаңа ғимараттардың көптеп салынуына байланысты жарақат алушылар көбейді. Міне, осы факторлар институттың тезірек ашылуына түрткі болды. Оған дейін бізде болған аз орынды емдеу мекемесі көп нәрсені шешпейтін. Иә, науқастар санының өсуі ғылыми-зерттеу институтының ашылуын жеделдетті. – Институт ашылғалы бері қандай жұмыстар атқарылды? – Институт ретінде жұмыс атқара бастаған кезеңге көз салып, жүріп өткен жолымыздың нәтижелеріне сараптама жасасақ, жетістіктеріміз бен табыстарымыз да баршылық. ТОҒЗИ жақын шет ел, мысалы Ресейдегі орталықтардан еш кем емес. Тіпті, Санкт-Петербургтегі кейбір ауруханалар біздің әдістерімізді қолданатындығын айтып өткім келеді. Польша, Швейцария, Германия секілді елдердің травмотология-ортопедия салаларындағы әріптестерімізбен қарым-қатынасымыз жақсы жолға қойылған. Институт ашылған кезде мен талай елге барып, достар тауып, қаржылық қолдау көрсететін азаматтар іздедім. Түрлі халықаралық конференциялардан қалмай, оларды өзімізге шақырып, конструкцияларымыз бен жүргізген зерттеулерімізді назарларына ұсындық. Міне, осындай табанды ізденістер мен үздіксіз жүргізілген жұмыстардың арқасында ТОҒЗИ бірқатар табыстарға қол жеткізді. – Бүгінгі таңдағы институт құрылымы қандай? – Институтта жоғары дәрежелі білікті ғылыми және медициналық ұжым қалыптасқан. Мұнда 11 медицина ғылымдарының докторлары және 31 кандидат, 144 дәрігер қызмет атқарады, олардың 40 пайызы жоғары санаттағы дәрігерлер болып табылады. Кеңес беруші сала болып табылатын ғылыми ұйым ғылыми жұмыстың бағытын анықтайды, ғылыми-техникалық бағдарламаларды құрастырады және бекітеді. Нәтижелі емдеу және диагностика әдістерін табуға ұмтылыс институт қызметкерлерінің принциптері мен стилін анықтайды. – ТОҒЗИ-да қолданылатын соңғы технологиялық аппараттар қайдан сатып алынады? – Шынын айту керек, елімізде мұндай технология жасайтын зауыттар жоқ. Сондықтан біз шетелге арнайы тапсырыс беріп, алдыртамыз. Голландия, Польша, Германия, АҚШ – уақыт сынынан өткен, жоғары сапалы технологиялар. Бұл бір. Екіншіден, мен бұл мәселені көтергеніме біраз уақыт болды. Өйткені, Қазақстанда осы аппаратты жасауға мүмкіндіктердің барлығы бар. Тіпті титан, болат секілді технологияны жасайтын құралы да бар. Ал біздің елімізде осы мәселенің ұйымдастыру сұрағы шешілмегендіктен, операцияға қажетті құрал-саймандар мен сүйекті бекітетін құрылғылар, протездер және т.б. шет мемлекеттерден алуға мәжбүр болып отырмыз. Егер осы мәселе қолға алынса, көптеген мәселе шешілетін еді. Алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі осы болып отыр. Ал емдеу барысында қолданылатын әдістемелер өзіміздікі. Олар 13 бөлімде қолданыста. Бөлімдердің 12-сі хирургиялық бағытта маманданған. Қазір министрлік арқылы жыл сайын компьютерлік томограф, рентгендік аппарат секілді соңғы технологиялық құралдарды алдыру үстіндеміз. Менің жетекшілігіммен ойлап табылған жамбас-сан буынына қондыратын эндопротездің жаңа моделі “KAZ ТОҒЗИ, Н.Батпенов моделі” атауымен Германияда шығарылып, ТОҒЗИ-да күнделікті тәжірибеге енгізілді. Мен бұл модельді ұжымдық еңбектің нәтижесі деп есептеймін. – Ауруларды емдеуде туындайтын қиындықтар жөнінде не айтар едіңіз? – Орынды сұрақ. Ауруларды емдеуді жалғыз Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеген дұрыс емес. Оларды емдеуде, алдын-алу шараларын жүргізуде бірлескен кешенді іс-шаралар қажет. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және тағы басқалармен тізе қосып, ведомствоаралық жұмыс тобын құру арқылы бірлескен іс-шаралар атқарылса, халық денсаулығының әлдеқайда жақсара түсуіне сеп болар еді. Өйткені, түрлі жағдайда алынған жарақаттар дер кезінде емделмегендіктен, адамдар өздеріне созылмалы сырқатты жабыстырып алады. Бұл уақыт өте келе соңы қайғылы жағдайға ұласады. Уақытында көмек көрсетілген аурулардың қалыпқа келу мүмкіндігі анағұрлым жоғары болып табылады, олар өз жұмыс істеу қабілетін тез арада оңалтып, қатарға келеді. Сан, жамбас-буын, иық буыны жарақаттарынан соң біз оларды ауыстырамыз. Адам қартая келе шеміршек еті жиырылып қалады, қақсап ауырады. Жүре алмай, жатып қалады. Сондай кезде шетелден алынған протездерді салып береміз. Омыртқаның майысуына жасалған операциялардан кейін адамдар қайыра жұмысқа кірісіп кетеді. Бұрын 5-6 ай жататын болса, енді ол уақыт әжептәуір қысқарды. Елімізде жасалатын жоғары технологиялық операциялардың 80 пайызы осында жасалады. Ал қашық облыстардағы күрделі науқастардың біздің мекемеге келіп қаралуы қиын. Сондықтан ауруларды авиациялық ұшақтар арқылы жеткізуді қайтадан енгізу керек. Менің ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек дегенімнің астарында осы мәселе жатыр. Дегенмен біз осылай екен деп, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жыл сайын облыстарға шығып, операция жасап тұрамыз. Облыс орталықтарына жоғары мамандандырылған ортопедті-травмотологиялық көмекті жақындату мақсатымен бірқатар аймақтарда, атап айтсақ Қарағанды, Көкшетау, Атырауда ірі буындардың артроскопиясы мен эндопротездеу бөлімдерін аштық. – Соңғы сұрақ. Еліміздің медицина саласында жүргізіліп жатқан реформаға көзқарасыңыз қандай? Қазақстанның бас травмотолог-ортопеді ретінде жаңа жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікіріңізді білгіміз келеді. – Әлгінде айтып кеттім ғой, облыстарға жиі шығып, шеберлік сыныптарын үйретеміз деп. Кейде Астанада ұйымдастырылады. Бір қызығы, бұрын ондай семинарларға қатысушылар көп келе бермейтін. Келген күннің өзінде үйрене қоюға қызығушылығы ояна қоймайтын. Ал қазір ше? Осындай бір ақпарат беріңізші, ертең-ақ өздері жетіп келеді. Былтыр, биыл өткізген шеберлік сыныптарымызға мамандар толық келді. Қазақстанның әр түкпірінен келген мамандар жаңа ақпараттарды білуге, білген-көргендерін меңгеруге құштарлықтары зор. Бұл өте жақсы. Олардың үйренуге деген ынтасы оянуындағы себеп неде деп ойлайсыз? Өйткені, жаңа жоба, жаңа жүйе бойынша, емдеп шығарған ауруына байланысты аурухананың өзіне қаржы түседі. Ал емхана басшылығы қаржының түсуіне мүдделі. Ауруды жаңа технологиялық қондырғыларын қолданып, жақсы емдесең, ақша төленеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті болуға олар да мүдделі. Өйткені, оларға өздеріне түскен ақшаға жаңа аппараттар, жаңа дәрілер сатып алудың мүмкіндігі туады. Өз жыртығын өздері жамайды, өзгелерге алақан жаймайды. Бұл жерде сапалы ем көрсетуге деген бәсекелестік қалыптасады. Ал бәсекелестік болған жерде даму бар екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл жердегі біздің қолымыздан келер бірден-бір көмек, операцияларға шақырып, білгенімізді үйрету. Теориялық тұрғыда оқытып, шетелдерге тәжірибе жинақтауға жіберу болып отыр. Міне, жобаның мен сезінген, куә болып жүрген артықшылығының бірі осы. – Өзімізге белгілі, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы жақында ғана жарық көрді. – “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстанның 2h өңірі тұрғындарының арасындағы кездесетін тірек-қимыл аппаратындағы әртүрлі ақаулары мен сырқаттары бар науқастарды ерте анықтап, диспансерлік бақылауға алып, оларға жоғары дәрежедегі көмек көрсетуді ұйымдастыру бізге жүктеліп отыр. Осы бағытта институт мамандары еліміздің алыс өңірлеріне барып, кеңестік-диагностикалық көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда жоғары технологиялық операцияларды жасауды жүзеге асырып отыр. Сондай-ақ, елімізде жарақат алу деңгейін төмендету мақсатында үкіметтік ұйымдармен бірлесе атқарған іс-шаралардың нәтижесінде бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ. КҮРДЕЛІ ОТА ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ Елімізде Президент тапсырмасына сәйкес Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құру бағытындағы жұмыстар біздің Маңғыстау облысында да жүзеге асырылу үстінде. Атап айтқанда, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің аясында бұрынғы кездерде тек республикалық клиникалар мен орталықтарда, тіптен алыс, жақын шетелдерде жасалып келген жоғары мамандандырылған медициналық көмек облыс деңгейінде енгізіліп, қарапайым халықтың жоғары технологиялық операцияларға қолжетімділігін арттырды. Қазіргі таңда облыс медицинасының тарихында болмаған күрделі операциялардың облыстық ауруханаларда жасалуы халық үшін де, мемлекетіміз үшін де үлкен жетістік десек, кардиохирургия, урология, ортопедия-травмотология, офтальмология, нейрохирургия жүйелері сияқты медициналық көмектер өз облысымызда жүзеге аса бастады. Айталық, жақын арада жамбас-ұршық қуысындағы жарамсыз буынды жасанды буынмен алмастыру тұрғысында операция жасалды. Күрделі операцияны республикалық ортопедия-травмотология ғылыми зерттеу институтының мамандары жүзеге асырды. Болашақта осындай операцияларды жергілікті мамандардың игеруі үшін аурухана толықтай жарақтанды. Жүрекке операция жасау істері де сәтті басталуда. Балаларға туа біткен жүректегі ақауларға жасалатын операциялар да өткізілді. Операциядан кейін емделушілердің көңіл-күйі, жағдайлары жақсы, ұдайы дәрігерлік бақылауда. Иә, облыстық аурухана базасында осындай қиын операциялар жасаудың мүмкіндіктері мен жетістіктері облыс жұртшылығының ризашылықтарын туғызуда. Бұл операцияларды Ресейден шақырылған білікті, ғалым мамандар жүргізді. Болашақта осындай операцияларды жергілікті аурухана мамандары да жасау мүмкіндіктеріне ие болмақшы. Аталған операциялардың барлығы да облыстық аурухана базасында жүзеге асырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды “Бірыңғай ұлттық жүйе” талаптары негізінде жүргізе бермекші. Ол үшін дәрігерлердің біліктіліктерін арттырумен қатар, оларға қойылатын талапты күшейту, қандай істе де бәсекелестікті туғызумен кадрларды тәрбиелеу басты міндет деп түсінеміз. Облыстық ауруханалардың нейрохирургия, урология және офтальмология салалары да заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жоғары мамандандырылған медициналық көмекке зәру науқастарға күрделі операциялар жасалмақ, осыған орай ауруларды іріктеу жұмыстары да қызу жүргізілуде десем, “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының әзірленуі бұл салада да өркенді істердің одан әрі қанат жая беретініне ықпалы тимек. Осы жәйтті айта келіп, жұртшылық атынан халыққа көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасына алғыс айтуды өзіме парыз санап отырмын. Қаражан ҚОЙЛЫБАЕВ, Маңғыстау облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, оқу ағарту ісінің үздігі. ЕҢБЕКТЕРІҢ ЖАНА БЕРСІН Ет пен теріден жаралған адам болған соң, басың ауырып, балтырың сыздамай тұра ма, жақында аяқ астынан ауруханаға түсіп қалдым. Едәуір уақыттан бері дәрігерлердің алдын көрген жоқ едім, жағдай көп өзгеріпті. Ашқан басты жаңалығым – сырқаттарға қайтсек жағамыз деп бәйек болып зыр жүгіріп жүрген дәрігерлер де, мейірбикелер де өзіміздің қаракөздер. Иә, ана кездері “бәрі көшіп кетті, жөні бүтін дәрігер қалған жоқ” дегенді де құлағымыз шалған еді, бекер екен, бұлақтың көзі ашылыпты. Ешкімнен кем емес, дәрігері де, мейірбикесі де, компьютер дейсің бе, неше түрлі қондырғылардың “құлағында ойнайды”. Ең бастысы ақ халатты абзал жандардың науқас адамдарға жылы көзқарас білдіруі қандай жарасымды. Дәрі-дәрмегімен де, жылы сөзімен де емдейтін ортаға түскеннен кейін тез айығып, отбасыма оралдым. Балаларыма риза болғаным сондай, іскер басшы, білікті дәрігер Абай Байкенжин басқаратын Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың ұжымына, оның ішінде өзім жатқан соматика бөлімшесінің қызметкерлеріне алғысымды газет арқылы жеткізуге ұйғардым. Еңбектеріңіз жана берсін, абзал жандар. Нұрмұқан ҚҰСАЙЫНОВ, еңбек ардагері. Қарағанды облысы, Бұхар жырау ауданы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше