Өндіріс • 20 Ақпан, 2024

Өңдеуші өнеркәсіпке өзгеше көзқарас керек

162 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

90-жылдары нарықтық экономикаға көшу кезеңінде еліміздегі өндіріс орындары тоқырауға ұшырап, қаржылық тапшылықты бастан кешті. Осындай күрмеуі қиын мезгілде біздегі ірі кәсіпорындардың әлеуеті әлсіреп, біраз тәжірибелі маман «қара қазан, сары баланың қамы үшін» білімдерін ала дорбаға ауыстырған болатын. Қай салада да жағдай мәз емес, соның ішінде химия өнеркәсібі мүшкіл халде еді.

Өңдеуші өнеркәсіпке өзгеше көзқарас керек

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Тек соңғы он жыл төңірегінде, онда да металл өнімдерін пластик бұйымдары алмастыра бастаған уағында аталған салаға күш бітті. Қазақстандағы шикізат ресур­сы­ның қоры мол. Әлем бойынша химия саласында өндірілетін 11 млрд тонна пайдалы қазбаның 250 млн тоннадан астамы біздің елдің үлесіне тиесілі екен.

Кейінгі бес жыл көлемінде салада 481 шағын, 14 орта және 13 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, бұрын-соңды өндірілмеген жаңа өнімдер шығара бастады. Индус­трия­ландырудың 2020-2025 жыл­­­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Павлодар облысында «Каустик» АҚ-ның негізінде каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы, нат­рий гипохлориті өндіріледі. Бұл өнімдер бұрын бізге Ресей, Өзбекстан мен Украина елдерінен импортталып келген. Химиялық өнімдердің жаңа түрлерін шығару және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Қазфосфат» ЖШС және «ҚазАзот» ЖШС-да жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Аталған ірі кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде саладағы өнімділік көрсеткіші 1,7 есе өсіп, энергия шығыны 1,4 есе қысқарған. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында «АгроХимПрогресс» ЖШС іске қосылды. Бұл зауыт эфир майын, жемір шегірткеге қарсы дәрі-дәрмек өнімдерін, пестицидтер және пластик өнім­дерін шығарады. Оңтүстік өңірде жылына 350 мың метр полиэтилен құбырын шығаратын жаңа зауыт пайдалануға берілді.

Бүгінде химия өнеркәсібінде ам­мофос өндірісінің артуы (+39,3%) есебінен өндіріс көлемі 1,5%-ға өскен. Биыл 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қам­­­тамасыз етуде 1 триллион тең­­гені құрайтын 170 жобаны жү­зе­ге асыру жоспарланған бола­тын. Қазір 233,4 млрд теңгенің 64 жоба­­сы іске асырылып, 3,7 мың тұрақ­­ты жұмыс орны ашылды.

Жақында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында 1,5 млрд теңгеге 100 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін, «Литейшик» ЖШС пластикалық құбырлар және пластмасса бұйымдарын өндірумен айналысатын жаңа зауыт бой түзеді.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақс­танның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Өткен жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңгеге жетіп, 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Сыртқы сауда-саттықтың өзі 136 миллиард доллардан асты, оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтаған. Бүгінде жаһандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, қазіргі ең бас­ты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Соның ішінде металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсия­лау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару бағыт­тарына айрықша назар аудар­ған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шыға­ра­тын кластер құру керек», деген болатын.

Осы ретте бұдан жеті жыл бұрын құрылған Қазақстан Химиктер одағы заңды тұлғалар бірлестігі түрлі сала мен ауыл шаруашылығында қолданылатын және химия өнімдерін шығарумен айналысатын ірі кәсіпорындардың басын біріктірген еді. Бүгінде аталған сала түйткілдерін тар­қатуда іскерлік байланыс орнатып, мемлекеттік ұйымдардың шешімін әзірлеуге қатысып келеді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі түрлі бағдарлама мен жобаларды дайындап жүзеге асырса, заң жүзінде бірлестік мүше­лерінің құқығы мен мүдде­сін­ қорғап отырған жайы бар.

«Химия өнеркәсібі дамы­ған елдерде ішкі жалпы өнімнің айтар­лықтай үлесін құрайды. Мәселен, Қытайда – 11,5%, Кореяда – 9%, Сауд Арабиясында – 8%. Еліміздегі химия өнер­кәсі­бінің ішкі жалпы өнім құры­лымындағы үлесі небәрі 1% шамасында. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері бүгінгі күнге дейін қосылған құнның жартысын ғана қайтарып алды. Шикізат көзі бар, ол арқылы химия өнеркәсібін дамытуға әлеует жетерлік. Бірақ нәтиже көңіл көншітер емес», дейді Қазақстан Химиктер одағы ЗТБ вице-президенті Тахмина Нағұманова.

Бұған себеп – біріншіден, шикі­затқа деген қолжетімділіктің жоқтығы. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар өндірілген пайдалы қазбаларды экспорттаумен ғана айналысады. Ал өнімді одан әрі өңдеуге мүдделі емес. Мәселен, тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі ішкі қосымша құн 1991 жылдан бері үш есеге жуық өскен. Бұндағы мәселе, ішкі өңдеуге арналған химиялық шикізаттың сатылымға шығарудағы ынталан­ды­рудың тиімді тетігінің болмай тұрғандығынан көрінеді.

Екіншіден, жобалардың капитал сыйымдылығы жоғары және өтелу мерзімі ұзақ. Үшін­шіден, бүкіл өңдеу өнер­кәсі­біндегі секілді химия өнер­кәсі­бінде де орта бизнес субъек­ті­лерінің өсу қарқыны баяу. Қазақстандағы химия өнеркәсібі кәсіпорындарының көпшілігі импорттық жартылай фабрикаттардан дайын өнімдерді шағын өндіруге арналған. Ірі және орта кәсіпорындардың саны жиырмаға да жетпейді екен.

«2022 жылдағы дерек бойынша­ тіркелген шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің жалпы саны 2 027 939 болды. Бірақ осы 2 миллионның 2 799-ы­ орта бизнес санатына жатады. Бұл ретте барлық жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тек 5%-ға жуығы ғана өңдеуші секторға тиесілі. Еліміздегі барлығы 10 880 заңды тұлға мен 93 373 жеке кәсіпкер бар, яғни 104 253 субъект өздерінше бірдеңе өндірсе, қалғандары бөлшек әрі көтерме саудадан өзге қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануда орта кәсіпкерлікпен тең дәрежеде түсетін шағын кәсіпкерлік субъектілері бір жерде шоғырлануға мүдделі емес. Мемлекет басшысының бизнес өкілдерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде көрсетілген сандар – 7 трил­лион теңге мемлекеттік қолдау мен 4,5 триллион теңге салық қана осыны растайды. Меніңше, орта бизнесті негізінен өңдеуші кәсіпорындарды жетілдіру арқылы дамытуға болады. Салада жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындарды біріктіруді, жаңа орта кәсіп­орын­дар ашуды, шағын және орта кәсіпкерлікті байланыстыратын ірі кәсіпорындарды дамытуды ынталандыру маңызды. Бұл орайда елдегі кәсіпкерлік субъективтілігінің критерийлерін бағалаудың жалпы жүйе­сінен өнеркәсіптік өндіріспен айналысатын субъектілерді бөліп алу керек деп есептеймін», дейді ол.

Айтуынша, кәсіпкерлік субъек­тісінің санатына қарай ынта­ландыруға сараланған тәсіл қажет (орта бизнесті қолдау көлемі көбірек болуы керек). «Өңдеу өнеркәсібі субъектілерін қолдау мақсатында салық заңнамасында өңдеу өнеркәсібіндегі орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлшек салықтың салық тәртібіне ұқсас арнайы салық тәртібін қарастыруды ұсынар едік», дейді Тахмина Өтеғалиқызы.