Инфографика • 21 Ақпан, 2024

Ел ертеңі – саналы ұрпақ

192 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда заманға сай білім алып, бәсекеге қабілетті маман атануы үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуы керек. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Алайда білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушіліктің салдарынан екі немесе үш ауысымда оқу оқушылардың білім сапасын төмендететінін сарапшылар айтады.

Ел ертеңі – саналы ұрпақ

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елдегі мектептердің 75 пайызға жуы­ғы екі, үш ауысымда білім беретіні біраз өңірге тән жағдай. Күрделі жөндеуді талап ететін мектептер саны жетіп артылады. Ал тозығы жеткен мектептердің стандартқа сай келмеуі бүгін өзекті мәсе­лесіне айналды.

Иә, жыл сайын пәлен жерде пәленше мектеп салынып пайдалануға берілді деген жаңалықтар жаңғырғанымен, мектептердегі орын жетіспеушілік түп­кілікті шешімін таба алмай отыр.

Бұған Лондон экономика және сая­си ғы­лымдар мектебі (LSE) мен Эко­но­микалық зерттеулер институ­ты­ның (ERI) сарапшылары орындаған Қа­зақстандағы қала мен ауыл тұрғында­ры­ның әл-ауқатын жақсартуда Үкімет пен Азия даму банкі Білім және тәжіри­бе алмасудың «Өңірлік теңсіздікті зерт­теу» жобасы шеңберінде, 2022 жылы орта білім беру нысандарының қолж­е­тімділігіне бағалау жүргізген. Сауалдама қорытындысында, елдегі білім беру нысан­дарының қолжетімділігіне қана­ғат­тандыру орта деңгейде екені айтылады. Респонденттердің 70,1 пайызы өз өңірінде мектепке деген тапшылықтың жоқтығын, 65,4 пайызы балабақшаның жеткіліктігін, ал 55 пайызы жоғары оқу орындарының санына қанағат білдірген. Сауалдамаға қатысқандардың жартысына жуығы өңірдегі білім беру нысандары санының төмендігін мәлімдеген.Орта білім беру орындарының қолжетім­ділігіне қатысты, Қызылорда (91,9%), Солтүстік Қазақстан (84,8%) және Қа­­ра­ғанды (80,9%) облыстарының рес­­пон­денттері ең жоғары баға берген. Елорда тұрғындары, керісінше, бала­бақшалардың жетіспеушілігімен қатар 59,5 пайызы орта білім беру нысан­дарының тапшылығын, Маң­ғыс­тау мен Атырау облыстары жұртшы­лығының 40 пайызға жуығы мектеп санының азды­ғын айтқан.

Былтырғы жаңа оқу жылында көрсет­кіш 270 мыңнан асып, қалада – 174 мың, ауылда – 96 мың орын жетіспеушілігі тіркелген. Статистикалық деректерге көз салсақ, аталған жағдай көбіне Түр­кістан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Қызылорда қалаларына қатысты бол­ған. Бұған халықтың тығыз орналасуы, көші-қон мәселесі де әсер ететіні анық. Ал Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Павлодар мен Семей секілді қалаларда мектепке сұраныс төмен.

Екі мыңыншы жылдардан бастап, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруымен туған нәрестелер саны өсе бастады. Нәтижесінде, соңғы жиыр­ма жылда туу көрсеткіші екі есеге ұл­ғайып, егер 2001 жылы елімізде 221 мың сәби дүниеге келсе, 2021 жылы бұл көрсет­кіш 446 мың балаға жеткен. Бұл да мек­тептегі орын тапшылығына тікелей әсерін тигізетіні белгілі. Әсіресе қала мектептеріндегі орын тапшылығының жоғары болуы халықтың ауылдан ағылып келуінде жатыр. Егер ауылдық жерлерде 2010-2021 жылдар аралығында оқушылар саны 232 мыңға (17,7 пайызға) өссе, қалалық жерлерде 821 мыңға (66,1 пайызға) артқан. Ауылда туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Мұнда, ең алдымен, халықтың ірі мегаполистерге қоныс аударуының белсенділігін көрсетеді. Қарастырылып отырған кезеңде (2010-2021) оқушылар контингенті, мәселен, Астанада – 76,8-ден 212,5 мыңға дейін, яғни үш есеге жуық, Алматыда – 176,2-ден 314,7 мыңға дейін немесе екі есеге таяу, Шымкентте –106-дан 240 мыңға дейін өскенін ресми деректерден көруге болады. Сондықтан қалада көпқабатты үйлер жедел түрде салынып пайдалануға берілсе, соған сәйкес мектеп құрылысы да қолға алынуы керек-ақ. Алайда бә­ріміз білетіндей, мектеп құрылысы тұр­ғын үйлерге қарағанда баяу жүретіні бар. Бұл да Үкіметтің назарындағы маңыз­ды жайттың бірі деуге болады.

Оқу-ағарту министрлігінің деректе­рінде, бүгінде республикада 7 724 мектеп оқушыларға білім береді. Оның 5 279-ы ауылдық жерлердегі, 2 445-і қала­лық мектептер. Бір ауысымда жұ­мыс істейтін мектеп саны 2 740 болса, екіауысымды 4 847 мектеп және үш­ауы­сымды 137 мектеп бар.

2023-2024 жаңа оқу жылында Ал­маты қаласында 1-сыныпқа 30 146 бала қабылданған, оның ішінде жеке­меншік мектептерге барған балалар­дың саны 3 789 құрайды. Осыған қара­ған­да жекеменшік мектептерге деген сұраныс артқанын көрсетеді. Жал­пы, елі­мізде осындай мектеп саны 600-ге таяу. Олардың 161-і қазақша, 104-і орысша, 298-і аралас тілде бі­лім береді. Жекеменшік мектептерге қы­­­зығушылықтың негізі сапалы білім мен оқушы уақытының дұрыс ұйым­дастырылуында жатыр. Аталмыш мектептерде негізгі білім бағдарламасымен қатар, қосымша сабақтар, үйірмелер, бос уақытты дұрыс өткізу қарастырылған. Оқушы негізгі сабақтан кейін қосымша сабақ алуға немесе үйірмелерге қатысуға басқа жаққа барып уақыт кетірмейді. Бір білім ордасында баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалған, яғни баланың білім алуына уақыт жеткілікті деген сөз. Әрине, жекеменшік мектептер ақылы болғандықтан да, баланың ой-өрісін кеңейтуге барынша көңіл бөлінеді. Ал тегін, қатардағы мектептердің ең болма­ғанда бір ауысымда ғана білім беруіне қол жеткізу қай жағынан алғанда да тиімді болмақ. Ол үшін білім беру мектептеріне тапшылықты жою керек. Елімізде 2023 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықтан алынған қаражатқа 43 мектеп салынып, апатты жағдайдағы 3 мектептің және үш ауысымда оқитын 13 мектептің мәселесі шешілген.

Бүгіндері Білім беру инфрақұрылы­мын қолдау қоры есебінен барлығы 76 738 оқушыға арналған 62 мектептің құры­лысы қаржыландырылып, жоба­лар­дың жалпы сомасы 96 млрд теңге­ден асып отыр. Қордың қызмет ету мерзімі ішінде 150 млрд теңгеден ас­там қа­ра­жатқа мектептерді, қосымша ғима­раттар мен интернаттарды қайта жаңар­туға, сондай-ақ үшауысымды оқы­ту мәселелерін, апатты мектеп­тер проблемаларын шешуге және оқушы орындарының тапшылығын жоюға жұмсалған. Былтыр еліміздің 223 мек­тебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілген.

Осыған қарап, мектептердегі оқу орнының тапшылығын жоюға қатысты Президенттің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы дер кезінде қолға алынған іс деуге болады. Жоба бойынша 2026 жылдың басына дейін қалаларда және белсенді дамып келе жатқан елді мекендерде кемінде 800 мың жаңа оқу орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған жобаны іске асыруға 2,6 трлн теңге, оның ішінде екі трлн-ға жуығы – республикалық бюджеттен, қалғандары – Ұлттық қордың (болашақ ұрпақ қо­рының) қаражаты есебінен бөлінетін болды. Сонымен қатар 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарланды. Соңғы үш жылда 340 мың орындық 626 мектеп пайдалануға берілген. Бұл жоба мектеп тапшылығын жоюмен қатар оқушының жайлы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы өз деңгейінде орындалатындығына сенімдіміз. Оны да уақыт көрсете жатар.

Үкіметтің болжамына сәйкес, 2026 жылға қарай еліміз бойынша тапшы­лық туу, урбанизация, өңіршілік және өңіраралық көші-қон, сонымен қатар ғимараттардың тозу көрсеткіштерін ескере отырып, 1 117 942 оқушы орнын құрайды. Өткен жылы сарапшылар елдегі оқу орындарының тапшылығы 2025 жылға қарай 1 млн-нан асуы мүмкін деп болжаған еді.

Бүгінгі ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету тек мектептегі орын тапшылығымен ғана шешіле қоймайды. Білікті ұстаздардың жетіспеушілігі де өзекті мәселеге айналып отыр. Қазіргі уақытта мектептерде 3 550 педагог же­тіс­пейтіндігінен хабардар етеді рес­ми дерек көздер. Қалалық және ауыл­дық мектептердің оқушылары арасын­дағы білім сапасының алшақтығы да бұрыннан келе жатқан жайт. Оқу-ағарту министрлігі білім сапасы жөнінде Маң­ғыстау, Атырау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарының көрсеткіші республикалық көрсеткіштен төмен екенін мәлімдейді. Сарапшылар мұны қалалық және ауылдық мектептерді қаржыландыру айырмашылығымен байланыстырып отыр. Мәселен, Үкімет республикалық бюджеттен Назарбаев Зияткерлік мектептері сияқты біраз білім жобасы үшін миллиардтаған қаржы бөледі. Ал ауылдық мектептерде сыныптар, спорттық керек-жарақтар же­тіспейтіні, тіпті спорт залы да жоқ білім ошақтары бар екені ескерілуге тиіс.

Ал халықаралық зерттеулердің, соның ішінде PISA мәліметтері мектеп­тердегі материалдық-техникалық жаб­дық­талу деңгейі оқушылардың білім сапасына тікелей әсер ететінін атап отыр.