Спорт • 21 Ақпан, 2024

«Иығымның бұлшық еті сөгіліп кеткен, ота жасатуға уақыт тапшы». Спортшы жарақатымен күресіп жүргенін айтты

1892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда дзюдодан Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен  Grand Slam   додасында 48 кг салмақта белдескен Әбиба Әбужақынова қола медаль иеленді.  Енді 1-3 наурыз аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында Grand Slam турнирі өтеді. Рейтингтік ұпай үлестірілетін додада үштікке ену – Париж Олимпиадасының жолдамасына  қарыс қадам жақындай түсу деген сөз. Бакудегі бәсекеде ерлер мен қыздар құрамасынан  жалғыз өзі  жүлде алған Әбибаны әңгімеге тарттық.

«Иығымның бұлшық еті сөгіліп кеткен, ота жасатуға уақыт тапшы». Спортшы жарақатымен күресіп жүргенін айтты

Фото: ijf.org

– Биылғы жылы қатысқан екі бірдей  айтулы додада қола медаль иелендің. Қаңтар айында Португалияда өткен Гран-при аламанында үштікке еніп едің. Араға аз күн салып Әзербайжанда да жүлделі болдың. Жарақатыңнан құлан таза  айыға алдың ба?

– Толыққанды  жазылдым деп айтуға әлі ерте, тіпті ота жасату керек. Оған уақыт өте тығыз,  қыр астында Париж Олимпиадасы тұр. Содан кейін ғана ота жасатпасам, қазір үлгермеймін.

– Демек, Олимпиада ойындарына жолдама алсаң, жарақатпен күреске түсесің бе?

– Басқа қандай амал бар? Қырсық қылғанда иығымның бір емес, екі жерінен еті сөгіліп, сіңірі жыртылып кетіп отыр. Қолдан келер бір ғана қайран – иықтың бұлшық етін шынықтырып, жарақатты ұлғайтып алмау ғана. Турникке тартылсам, қақсап ауырады.

Былтырғы жылдың мамыр айында Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында моңғол қызымен күрескенде  жарақаттап алдым.  Қарсыласым иығымды жанши құлағанда мертікті. Содан бері емделіп келемін. Иығымның жарақатын асқындырып алмай баппен жаттығу жасатудың нәтижесінде  додаға қатысып жүрмін. 

арасына

– Бакуде өткен Grand Slam турнирінде жарақатың ашылып күресуге кедергі келтірген секілді.

– Әрине, қорынып тұрасың. Жайшылықта ауырмағанымен оқыс қимыл жасағанда, болмаса иығыңмен жер сүзе құлағанда сырқырап ауырады.

– Осы сайыста қола медальға таласып,  бельгиялық балуанмен күрестің.  Қарсыласың тым дөрекілік танытты.

– Оның белдесу әдісі осындай өзі. Тобықтан қағып шалғансып,  тепкені үшін ескерту алды. Көзімді де шұқып жіберді. Бельгиялық  дзюдошымен бұған дейін де үш рет күресіп жеңгенмін, айлакерлігін жіті білемін. Луиз Петитпен дәл осылай күресу керек. Өршеленіп алға ұмтылып әдіс жасаймын дегеніңмен қиын болады. Үнемі осылай ереже бұзып күресетіндіктен тактикамен басым түсуге ұмтылдым.

– Әзірге әлемдік рейтингте 9-сатыда  келесің. Десе де Париж жолдамасы үшін  бәсекелестік өте жоғары болып тұр ғой.

– Біздің салмақта үздік бестіктегі балуандар тегеурінді деп қалғанына тоқмейілсіп қарауға болмайды. Өйткені рейтингте 100-орында тұрған  спортшы  барлығын жайпап өтуі бек мүмкін. Кім-кімге де барымызды салып дайындық жүргізу қажет.

Қазақ спортының тарихында дзюдо күресінен әйелдер арасында Олимпиада ойындарының  медалін олжалаған жергілікті балуан жоқ. Рас, 2021 жылы Токио төрінде  Галбадрах Отгонцецег қола жүлдегер атанды. Моңғолиядан шақыртқан балуанның жетістігі орасан. Бірақ қазақ қыздары арасында дзюдо күресінен Олимпиаданың медалін иеленген әзірге ешкім болмай тұр. Осы олқылықты бүтіндегім келеді.

– Бізде спорттық медицинаның дамуы көш кейін қалғаны да нәтижеге айтарлықтай  әсер етеді...

– Спорттық медицинаның қауқарын көтеру мәселесі қозғалып, сең көбесі сөгілді. Біз  қажетті дәруменнің кейбірін өз ақшамызға сатып аламыз. Министрліктен де беріледі. Спорттық медицинаны дамытпай нәтижеге ұмтылу бос әурешілік. Әлем мұны айқындап отыр. Бізде яғни дзюдодан қыздар құрамасында массажист, дәрігер де тұрақты емес, әр оқу-жаттығу жиыны сайын ауысып отырады. Енді тұрақты маман бекітетін шығар.  Елімізде спорттық медицинаға көңіл бөліп, шаруаны қолға алуы қуантады. Соның бір айғағы ретінде  ұлттық құрамаға Франциядан шақыртқан мамандардың бізге орасан пайдасы тиіп жатыр. Физиотерапевттің  нұсқауымен ем-дом алып, физикалық әлеуетімізді нығайтып келеміз.  Еуропадан келген  мамандар еңбегі алдағы уақытта  нәтижесін береді деп ойлаймын.