Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова биыл елімізде Бала құқықтары туралы конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде еліміз балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру жобасы үлкен жолдан өтті.
«Балаларға жасалған жағдайлар мен ұлттық саясаттың тиімділігін бағалау мақсатында 2021 жылы Балалар әл-ауқаты индексі жасалып, енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы барлық бала арасында бөлінеді. Кәмелетке толғаннан кейін бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Қазір республикада 6,9 млн бала бар. 2027 жылға қарай олардың саны 8 миллионға дейін жетеді деген болжам жасалды», деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі өкілі елімізде мектепке дейінгі және орта білім беру салаларындағы мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, қазір елімізде 7 849 мектеп бар, онда 3,8 млн бала білім алып жатыр. «Дегенмен осы саладағы негізгі мәселе – мектептердегі орын тапшылығы, үш ауысымдылық және мектептердің апатты жағдайы болып отыр. Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба толық жүзеге асқан сәтте жоғарыда аталған мәселелер толық шешімін табады. Бұл іс-шаралар балалардың сапалы білім алу құ-
қығын қамтамасыз етуге бағытталған», деді спикер.
Қазіргі таңда елімізде Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету және суицидтің алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр. «Балалар тұратын нысандарда бұрын-соңды болмаған кешенді қауіпсіздік іс-шаралары қолға алынды. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етіліп, Жедел басқару орталықтарына қосылған, сонымен бірге лицензияланған күзетпен қамтылып, дабыл түймелерімен жабдықталған. Министрлік үшін білім беру ұйымдарындағы қауіпсіз орта тек техникалық қауіпсіздік құралдарымен шектеліп қоймай, балалардың эмоционалдық күйін де қамтиды. Достық, жауаптылық және өзара сыйластық дағдыларын қалыптастыру негізінде мектепте өзара жақсы қарым-қатынас орнату үшін білім беру ұйымдарында «Досболlike» акциясы өтті. Енді «Досболlike» буллингке қарсы бағдарламасы еліміздің 8 өңірінің 50 мектебінде жүзеге асырылмақ», деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Менің бауырым» еріктілер жобасын бастады. Жоба арқылы балалар дұрыс қарым-қатынас орнатуды, түрлі мәселені шешу үшін тіл табысуды үйренеді.
Елдегі жетім балаларға жағдай жасау мәселесіне де тоқтаған Н.Оспанова жыл сайын ел тұрғындары мыңнан астам жетім баланы асырап алғанын да айтты. «Қазіргі таңда 21 387 жетім баланың 17 600-і отбасыларда тәрбиеленіп отыр», деді ол.
ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебінде әлемдегі әрбір үшінші интернет қолданушысы бала екендігі айтылған. Былтыр Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп балалардың онлайн қауіпсіздігі мен онлайн тәжірибесіне зерттеу жүргізілген. Бұл деректермен дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса бөлісті. Оның келтірген дерегіне қарағанда, елімізде балалардың 45%-ы интернетті 5-8 жасында, 5%-ы одан да ерте жаста қолдана бастайды.
«Ең алдымен, интернет балаларға оқу, даму, шығармашылық, әлеуметтену сынды мүмкіндіктер беретініне назар аударғым келеді. Мұны есте ұстаған жөн, бірақ тәуекел бар екенін де түсіну керек. Зерттеу барысында біз балалардың 21%-ы кибербуллингтің түр-түріне ұшырағанын байқадық. Бірақ олардың жартысы ғана ата-анасына бұл жайында айтса, қалғаны ешкімге тіс жармайды. Бұл ата-аналардың балаларының интернеттегі қандай қауіптерге тап болатынын толық түсінбеуін көрсетеді. Бала мен ересек адам арасында сенім деңгейі төмен екенін айқындайды», деп атап өтті ол.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу және баланың дұрыс дамып жетілуі мақсатында биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі Біртұтас тәрбие бағдарламасын енгізді. Бағдарлама білім беру және жалпы адамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделген. Бұл жайында ОАМ Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова айтты.
«Әр баланың қауіпсіздігі ата-ананың мейіріміне байланысты. Осы жағдайға тереңірек бойлай отырып, барлық білім беру мекемесі, балабақша, мектеп, колледжде ата-аналармен жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр. Барлық мектепте ата-аналарды қолдау орталықтары ашылды. Бұл жерде саналы түрде әр әке, әр ана, әр педагог өзі осы қоғамда жалпы бала үшін не істей аламын, баланың қауіпсіздігіне қандай үлес қосамын деген үлкен мәселені сезіне алуы үшін біз жоғарыда аталған іс-шараларды іске асырып жатырмыз», деді спикер.
Дөңгелек үстел басында Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов, «Өркен» балалардың әл-ауқатының ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ президенті Есенғазы Иманғалиев, «Құқық» қоғамдық қорының басшысы Ольга Рыль, т.б. мамандар да ой-пікірін ортаға салды.