Байқау • 26 Ақпан, 2024

Роботтехниканың байрақты бәсекесі

155 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары сандық жүйе санамызды жаулап алғаны сонша, жасанды интеллект, роботтехника, цифрлық технология жаңалықтары күнбе-күн жаңарып жатыр. Расында да біз ғұмыр кешіп жатқан ғасырды «ақылды темірсіз» елестету мүмкін емес. Жаһандану дәуірінің жаңа жауынгерлерін даярлайтын роботтехника жарыстары да жиі ұйымдастырылады. Соның бірі – Астана төрінде өтіп жатқан бәсі биік «First Robotics» бәсекесі. Жер-жерден келген жас өнертапқыштардың жаңа жобаларымен танысу үшін халықаралық чемпионатқа біз де бардық.

Роботтехниканың байрақты бәсекесі

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Есіктен кірген бетте бес мемлекеттің байрағы көзімізге оттай басылды. Атап айтсақ, Біріккен Араб Әмірлігі, Гонконг, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан елдері­нің туы жарысқа жан бітіріп тұрғандай. Ауаны ерекше алаңда үш күн бойы үш мыңнан астам мектеп оқушысы өзара бәсекеге түседі. 1-12 сынып оқушылары бақ сынайтын білім додасын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» қоғамдық қоры және Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп өткізді. «FIRST» чемпионаты жыл сайын əртүрлі тақырыпта өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл балалардың жаңа бағыттарға деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік береді. Биылғы маусым – өнер тақырыбы аясында. Конкурс үш аталым бойынша өтеді: «FIRST LEGO League Explore», «FIRST LEGO League Challenge», «FIRST TECH Challenge». Ал жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болып, АҚШ, Аустралия, Сингапурдағы халықаралық жарыстар­ға лицензиялармен қатар, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар жеңіп алады. Конкурстың мақсаты – оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, инженерлік-техникалық әлеуетін ашу. Бұл туралы Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев баяндады.

пр

«Мұндай байқаулар жас зерттеу­шілерге өз әлеуетін ашуға және техни­ка, технология, физика, математика сала­ларында өздерін дәлелдеуге кө­мек­­теседі. Бұл алаң – тәжірибе алмасу, шабыт алу және оқушылардың ғы­лыми қызығушылығын дамыту үшін та­маша мүмкіндік. Осы идея елімізде робот­техниканың дамуына үлес қосып, қатысушылар тамаша нәтижелерге қол жеткізсін», деді ол.

Бір айта кетерлігі, бұған дейін Қазақ­стан құрамасы дәл осы жарыстың екі дүркін әлем чемпионы болған. Мәселен, 2022 жылы отандық команда Женевада үш кезеңде де 180 ел қатысушыларының алдын орып, абсолютті чемпион атанды. Былтыр Сингапурде өткен ғаламдық тартыста да дәл осы жетістікті қайталап, рекорд орнатты. Биыл да жеңісті жолды жалғауға ниетті.

ап

Сайыс өтіп жатқан әл-Фараби атын­дағы Оқушылар сарайы Орталық Азия­ның түкпір-түкпірінен келген өнер­тапқыштар мен жас ғалымдардың үнінен жаңғырып тұрғандай. Үздіктер толы үш қабатта үш санаттан жарыс өтіп жатыр. Бірінші қабатта «FIRST LEGO League Explore» санаты бойынша бағдарламаға қатысу барысында бастауыш сынып оқушылары (6–10 жас аралығы) жобалау негіздеріне сай өзекті мәселелерді зерттей отырып, жобалау және бағдарламалауды үйренеді. Қатысушылар бекітілген тақы­­рыптарымен алған білімдеріне сүйеніп, Show Me плакаты және LEGO конструк­торлары арқылы ұсынуы керек. Жоғарыда айтқандай, сайыс тақырыбы – «Креативті индустрия саласын дамыту». Яғни өнер саласында еңбек ететін не осы салаға бет бұрған, қызығушылық танытқан азаматтарға көмектесетін құ­ралдарды ойлап табу керек. Сондай жобалардың бірі – Орал қаласынан келген оқушылардың еңбегі. Балалар технология мен дәстүрлі аспапты ұштастырып, кез келген күйді күйшісіз орындайтын домбыра құрастырған. Ал Атырау облысынан келген оқушылардың ойлап тапқан жобасы «Ауыл сахнасын мо­дер­низациялау» деп аталады. Жас өнер­тапқыштардың жетекшісі Қуаныш Шалабаевтың айтуынша, ауылдағы мәдениет үйіне жылжымалы экран, ауыс­палы сахна, қозғалмалы механизмдер орнату арқылы өнер адамдарына жағдай жасау керек. «Сен тұр, мен атайы­н» деген жас өнертапқыштардың еңбегі бірінен бірі асады. Мәселен, Шымкенттен келген балалардың жобасы да таңдай қақтырады.

па

«Бұлар, көріп тұрғаныңыздай, сә­билер ойнайтын ойыншықтар емес. Алдарыңызда электроникамен жұмыс іс­тейтін түрлі робот тұр. Күннен, жел­ден, судан энергия алуға болатынын естіп жүрміз. Ал біздің жобамыздың ерекшелігі – адамдар энергияны өзінің хоббиі арқылы алады», дейді болашақ ғалым Дәмен Қойлыбай.

Цифрлық даму елімізде жақсы жүріп жатыр. Роботтехника жарыстарының деңгейі де алғашқылармен салыстырғанда өте жоғары. Робот құрастырумен айналысатын баланың зейіні ашылып, дәлдік пен тәртіпке үйренеді. Ең бастысы, командада үйлесімді жұмыс істей бастайды. Бала алдымен жобаны әзірлеу сатысына қатысып, содан кейін барып бөлшектердің барлығын құрастыруға дейін жетеді. Бұл қарапайым істі үздіксіз жасау арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкіндігін ұсынады. Аталған сала ғы­лым­ның барлық заңы электроника, механика, телемеханика, мехатроника, информатика, радиотехника, электртехникамен тығыз байланысты. Роботтехниканың негізгі іргетасы өнеркәсіптік, құрылыс, медициналық, ғарыштық, әскери, суасты, авиациялық және тұрмыстық ро-боттехникаға бастайды.

«Роботтехника сайысы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен екі жыл қата­рынан өтіп келеді. Астанада үш күн бойы өтетін Азия чемпионаты дарын­ды балаларды қолдап, талаптандыра түседі. Бұл – біздің негізгі миссиямыз. Қазір еліміздің осы саладағы жетістігін әлем мойындап отыр. Жыл өткен сайын біздің жас өрендер әлемнің түкпір-түкпіріндегі сайыстардан жүлделі орындар алып, үздік атанып келеді. Бүгінгі доданың ерекшелігі – елорда тұрғындары, бүлдіршіндер, ата-аналар келіп, 200 команданың ойы­нын көре алады. Сөйтіп, басқа балалар роботтехникаға қызығып, өздерінің де қолдарынан келетінін түсініп, әлеуетін аша түседі. Еліміздің әр аймағынан келген жарысқа қатысушылардың жағдайын жасап, жата­тын жеріне, тамағына, жолына қаржы құйдық. Мұның бәрі еліміз­дегі робот­техника саласының дамуы мен балалардың мүмкіндігін ашу»,  дейді Дарын республикалық ғылыми-прак­тикалық орталығының директоры Ғаж­данбек Тұрсынұлы.

пв

Екінші қабатта «FIRST LEGO League Challenge» санаты бойынша бағ­дар­ламаға қатысу барысында орта мектеп оқушылары (10–16 жас) зерттеу жұмыс­та­рымен қоса бағдарламалау және инжиниринг дағдыларын меңгере отырып, роботты құрастырып, оны бағдар­ламалайды. «FLL Challenge» бағдар­ламасы аясында қатысушы құрамалар да өзекті мәселені анықтау және шешу мақ­сатында инновациялық жобаға қаты­сады. Құрамалар төрт бағыт бойын­ша бағаланады: роботтар ойны, робот­тың дизайны, құраманың негізгі құн­дылығы және инженерлік жобасы.

Атыраудағы Алмалы орта мектебінен келген оқушылар кино саласына қатысты түйткілді түйінді тарқатудың шешімін ұсыныпты. Олардың айтуынша, фильм көрсетілімге шыққаннан кейін келесі күні-ақ кейбір көрермен видеоға түсіріп, телеграм әлеуметтік желісіне салып жібереді. Ал Атырау алғырлары алып келген жоба өнер саласындағы осы мә­селені шешуге көмектеседі. Егер де кімде-кім киноны 30 секундтан артық тү­сіретін болса, онда сол адамның алдына роботтың көмегімен кедергі қойылады.

Олардың көтеріп отырған келесі мәсе­лесі де өзекті. Ескерткіштер маңына тазалық жұмысы жүргізілгенімен, қорек­тенуге келген құстардың саңғы­рығынан аяқ алып жүре алмайсыз. Соған байланысты Атырау қаласының әкімі ескерткіш маңындағы құстарға жем берген адамға айыппұл саламыз деген еді. Ал басқа елдерде ол мәселені шешу үшін ескерткіш үстіне ине орнатқан. Бірақ құсқа ине кіріп, оған зақым келуі мүмкін. Сол себепті олар иненің орнына батырма қолданамыз деп шешкен. Құс батырмаға қонғанда, ескерткіш артындағы желдеткіш іске қосылып, құсты үркітеді. Мәселені майшаммен қарасақ, ескерткіштердің кім­дікі екенін көп жас біле бермейді. Бұған «Оларды кейінгі ұрпақ білу үшін ескерткіш алдына түрлі концерт, мәдени іс-шара өткізу керек. Сол үшін сахна пайдаланамыз. Ашық аспан астында болатын іс-шараларда негізі жиналмалы сахна қолданылады. Бірақ бір кемшілігі оны тасуға көлік керек, құруға адам керек, кейін жинап қоюға қойма керек. Біз осы мәселенің барлығын жою үшін, паркте сахнаны жерге қазып орнатамыз. Сосын концерт болатын кезде батырманы бассақ, сахна жерден шыға келеді. Кейін іс-шара аяқталған соң, сахна өздігінен жиналады. Мұның бәрі бір ғана батырмамен іске асады», деген шешім ұсынды Алмалы орта мектебінің ин­фор­матика пәнінің мұғалімі Медет Әлиев.

ь

Жарыстың осы аталымы бойынша бақ сынаған шетелдік командалар да бар. Солардың ішінде көзімізге ерекше түскені Гонконгтен келген өнертапқыштар болды. Дейзи Уонг Қазақстанға бірінші рет келіпті. «Жобамыз қытай каллигра­фиясы туралы. Біздің ойымызша, бұл – кейінгі ұрпақ білуге тиіс маңызды мәдениет. Алайда қазір жастар бұған бейжай қа­райды. Сондықтан біз робот арқылы сту­денттерге қытайша жазуды үйре­теміз», деді ол.

Сайысты аралап жүріп көзіміз қырғыз ағайынның қомызына түсті. Жандарына жақын барып, сөзге тарта бастап едік, Тоқтағұл Сатылғанұлының күйін әуе­лете жөнелді. Құлтемір тамашалап, цифрлық саланың сағасында жүрген біз таң-тамаша болдық та қалдық. Күй аяқталғаннан кейінгі қырғыздың «Талас» командасының алғашқы айтқаны: «Біз әуелі ұлттық құндылықты ұлықтаймыз. Қанша жерден цифрлық заман болса да, қанымызда тұрған ұлттық код маңызды». Қырғыз ағайынның бұл сөзіне іштей тәнті болып, әкелген жобаларын сұрадық. Жарысқа қатысатын роботтан бөлек, өздері ойлап тапқан қоқыс жинайтын, киім бүктейтін, тіпті адамды қауіптен құтқаратын роботтарын ала келіпті.

Жанымыз жадырап, басқа да топтармен танысу үшін әрі қарай жүріп кеттік. Бауырлас өзбектер роботтарын сайысқа дайындап жатыр екен. Жөн сұрасып, жобаларымен таныстық. Са­фина Тешебаева есімді тәлімгер «Сайыс­тың өту деңгейіне ризамыз. Қазақ­станда роботтехника қарыштап дамып келеді. Балаларды қолдау жақсы жүріп жатыр. Мысалы, біз көбіне осындай са­йыс­тарға өз қаржымызбен барамыз. Сіздердегі секілді мемлекет үнемі қаржы­ландырмайды», деп ашығын айтты.

Үшінші қабатта «FIRST Tech Challenge» категориясы бойынша жа­рысқа қатысу барысында мектеп оқу­шылары (12–18 жас аралығы) өздері жобалайтын, бағдарламалайтын және құрастыратын роботтарды қолдана отырып, төрт метрлік ойын алаңдарында жарысқа қатысады. «FIRST Tech Challenge» кезеңінде құрамалар басқа коман­да қатысушыларымен одақтасатын және роботтарды басқаруда өзара бәсе­келесетін жарыс. Осы санатқа қатысып жатқан «Роботек» мектебінің оқушысы Мирас Кеңесті сөзге тарттық.

«Чемпионаттан мол практикалық тәжірибе алып жатырмыз. Роботтарды қалай құрастыру керектігі туралы таным-түсінігімізді тереңдеттік. Біз осы бағытта дамуды жалғастырамыз және «First Tech Challenge» санатындағы жарыстарға тағы да қатысуға ниеттіміз. Бағдарламалау да, ро­боттарды жинау да қызықты. Әлемдік нарықта сұранысқа ие роботтехника ин­­женерлері атансақ деген асқақ арма­нымыз бар. Мақсатым – «Қазақстан ро­боттехнигі» жаһандық брендін құру», деп ниетін білдірді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің былтырғы дерегіне зер салсақ, жыл сайын роботтехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырысты ор­наластырады. Қазына есебінен балалар жекеменшік орталықтарда роботтехниканы тегін оқиды деген жоспарларын да айтқан-ды. Әрі балалар жарыстарға мемлекет есебінен қатысып жүр. Осы жолмен жүре берсек, роботтехника саласында тереземіз өзге елдермен теңеседі. Чемпионаттың бас демеушісі «USTEM Foundation» қорының басшысы Асылбек Мырзахметовтің айтуынша, осы Орталық Азия чемпионатына балалар алты ай бойы табандылықпен дайындалып, іріктеу чемпионаттарына қатысып, өз өңірлерінде белсенді ағартушылық қыз­мет жүргізген.

«Біздің əлеуметтік желілердегі коман­даларға арналған байқауымыз ерек­ше назар аударуға тұрарлық. Онда балалар маусым бойы тапсырмаларды орындап, оларды #FIRSTINSHOWKZ хэштегімен жариялайды. Қазір бұл хэштег бойын­ша 1000-нан астам жазба тіркелген жəне біз «FIRST» қозғалысы балаларды шынымен жігерлендіріп, елімізге мектеп қабырғасынан бастап жас инженерлер мен инноваторлардың мықты қауымдастығын құруға көмектесетініне қуаныштымыз»,  деді ол.

Жалпы, роботтехникада қандай да бір елеулі жаңалық болса да, қандай да бір әлеуетті роботтар жасалса да барлығы Ай­зек Азимовтің үш заңына бағынуы керек. Ол заңдар 1942 жылы жазылған «Хоровод» атты әңгімесінде баяндалған. Біріншіден, бірде-бір робот адамға залал келтірмеуі қажет. Екіншіден, бірінші заңға қарсы келмесе, робот адамның барлық бұйрықтарын орындауға тиіс. Үшіншіден, бірінші және екінші заңдарға қайшы келмесе, робот өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Бүгінде өмір мен темірдің бір-біріне кірігіп кеткені сонша, адамдар роботтарды ұршықша иіріп отыр. Қазірдің өзінде өндірістің әр саласына құлтемірлер дендеп енді. Осы Орталық Азиядағы ең ірі роботтехника чемпионатын бақылау арқылы роботтандыру ғылымында қазақ баласының да қолтаңбасы қалатынына көзіміз анық жетті. Елімізде роботтехника сайыстары да, оған қатысушылар да жылдан-жылға көбейді. Әлемдік бә­секелерде де топ жарып жүргенін де көз көріп, құлақ естіп жүр. Тіпті 2027 жылы Қазақстан роботтехникадан әлем чем­пионатын өткізуді жоспарлап отыр.

 

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»,

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті