Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлттық жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңіне енген барлық 218 мектептің мердігерлері мен «Samruk-Kazyna Construction» арасында ЕРС-шарттарға қол қойылды. Жоспарланған білім беру нысандарының құрылысы да басталып кеткен. Енді сол мектептер талапқа сай болып, уақытында қолданысқа берілсе, еліміздегі орын тапшылығы мәселесін шешуге оң әсер етеді. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орны ашылады. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Айта кетейік, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.
218 жайлы мектептің алғашқы легі жаңа оқу жылында берілсе, қалғаны жыл соңына дейін дайын болуы керек. Әу бастан жоба жоспардағыдай болады деп сендірген «Samruk-Kazyna Construction» басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов құрылыс жұмыстарын өзі барып, тікелей қадағалап жүр. Жұмыс қарқыны әр өңірде әртүрлі. Кейбір мердігерлер жақсы нәтиже көрсетіп жатса, кейбіреуіне қатаң ескерту жасалған.
Мәселен, Жезқазған қаласындағы «Геологический» шағын ауданында 300 оқушыға арналған жайлы мектептің құрылыс қарқыны әлсіз. Себебі жоба құнын негізсіз қымбаттату жағдайларының анықталуына байланысты жұмыстар тоқтатылған. Қазіргі кезде іргетас орны дайын, таспалары мен блоктары ішінара орнатылған. Ал жоспар бойынша нысан қырқүйек айында қолданысқа берілуі керек. Алайда 6-7 айдың ішінде апыл-ғұпыл салынған мектеп жайлы бола қояр ма екен.
Ақмолада да қарқын баяу. Мердігерлер Арқаның қолайсыз ауа райын алға тартып, жаңа оқу жылына дейін үлгермейміз деп шағынып отыр. Бірақ М.Айманбетов қысты сылтауратып, қарап отыратын уақыт жоғын айтты. «Егер мердігер 1 қыркүйекке дейін мектепті тапсырып үлгерем десе, үлгереді. Егер бастапқыда өз-өзіне сенбесе, онда уақтылы аяқтай алмайды, жүз себеп пен сылтау іздейді. Түсініңіздер, балалар күтіп отыр. Олар биылғы оқу жылында жаңа жайлы мектептің табалдырығын аттайтынына қуанышты», деді ол.
Айта кетейік, Ақмола облысында 18 жайлы мектеп салу жоспарланған. Биылғы жылдың соңына дейін Көкшетау қаласында, Талапкер, Қоянды, Қаражар, Қараөткел, Ақмол және Қабанбай батыр ауылдарында 9 нысан пайдалануға берілуге тиіс. Мектептерді «Bi Global» ЖШС, «Казстройподряд» ЖШС, «К.Г. С. Сауда» ЖШС, «УК Строй» ЖШС, «Integra Sonstruction» ЖШС компаниялары салып жатыр.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы мердігер ұйымдардың басшылары ұсақ-түйек шаруалар болмаса, құрылысты тежейтіндей күрделі мәселелер жоқ деп сендіріп отыр. Облыс әкімі де мектептердің сапалы салынып, уақтылы берілетінін айтты. «Ұлттық жоба белсенді сатыға өтті, сондықтан жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар! Бұл мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба. Кейбір өңірлерде 10-50 мектеп салынып жатыр. Егер біз 4 мектепті сала алмасақ, ұят болады», деді Ғауез Нұрмұхамбетов мердігерлерге.
Ал Маңғыстау облысында білім күніне дейін 7 жайлы мектеп қолданысқа беруге дайын болуы керек болса, 6 мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс. Жоспар орындалса ұлттық жобаның бірінші кезеңі өңірде 12,6 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал жалпы жұмыс қарқыны бойынша тек екі мектептің мердігерлеріне ескерту айтылды. Қазіргі кезде мәселе шешімін тапқан. Сондықтан оларға кестедегі мерзімге ілесіп кету үшін жұмысты күшейту тапсырылды.
Қостанайда да құрылыс жұмысы қалыпты. Мәулен Айманбетовтің сөзінше, барлық мердігердің нысандарды уақтылы тапсыра алатын мүмкіндігі бар. Ол үшін жұмысты 2-3 ауысымда ұйымдастырып, құрылыс кезінде жобадан ауытқымау керек. Айтылған сөз орындалса, биыл 6 мектеп есігін айқара ашады.
Ал Павлодар облысындағы мектеп мердігерлеріне М.Айманбетов құрылыс аумағынан су құбыры мен кәріз желілерін шығару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл өңірде одан өзге айтарлықтай мәселе жоқ. Дегенмен мектептердің жобалық қуатын қысқарту туралы өзара ұжымдық шешім назарымызды аудартты. Атап айтқанда, «Жастар» шағын ауданындағы жайлы мектептің жобалық қуаты 1 200-ден 300-ге дейін, «Усольский» шағын ауданындағы жайлы мектептің жобалық қуаты 1 200-ден 600-ге дейін азайған. «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының баспасөз қызметі оның себебін: «Бұл шағын аудандарда оқушы орындарының тапшылығы жоқ, сондықтан олардың ықтимал жүктемесі туралы мәселе туындайды. Сонымен қатар құрылыс алаңы тар», деп түсіндіріпті. Бірақ бастапқы қаражат 1 200 орындық мектепке есептеліп бөлінгені белгілі. Осы тұста қаржы қайда кетеді деген сұрақ туады.
«Жайлы мектептің» ең көбі салынатын Түркістан облысында 2025 жылдың соңына дейін қала мен ауылдарда 49 мың оқушы орнына шақталған 63 білім ұясын салу көзделген. Өйткені бұл өңір орын тапшылығы мәселесі өте өзекті аймақтардың қатарында. Бекітілген кестеге сай 29 білім беру нысаны осы жылы қолданысқа берілмек, олардың 19-ы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын болады. Алайда 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС жоспардан қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да, облыс әкімі де өз бақылауына алмақ.
Ал мектептердің қауіпсіздігі мен жабдықталуына келетін болсақ, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа форматтағы білім беру нысандарында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек блоктар қарастырылатынын атап өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіреберіс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме барлығы ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі, дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ мектеп жабдықтары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынады.
«Салалық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылданды. Құрылыс материалдары мен жиһаздар тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынатын болады. Бұл ретте сыртқы қасбеттерді безендіруде қолданылатын материалдар негізінен отандық өндірістің өнімі болады. Қосымша қолдау шарасы ретінде тиімді негіздегі алдын ала келісімшарттарды қолдану көзделіп отыр», деді министр.
«Жайлы мектептерге» жақсы маман даярлау да кезек күттірмейтін мәселе. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне осы іске қазірден бастап кірісуді және жауапкершілікпен қарауды тапсырған.