Қоғам • 27 Ақпан, 2024

Балалар басылымының оқырманы неге ортайып қалды?

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Оқу-ағарту министрлігі, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы және Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен ауқымды іс-шара өтті.

Балалар басылымының  оқырманы неге ортайып қалды?

Фото: Толғанай Батырхан

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасын, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды шаруаның бірі. Осыған орай осы жылдың қаңтар айында Алматы қаласында Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның қатысуымен «Шығармашылық интеллигенция - Қазақстан балаларына» атты кездесу өткен еді. Осы басқосуда жүктелген тапсырмаға орай 26 ақпанда Астанадағы №59 мектеп-лицейде бас қаладағы мектеп директорлары, мұғалімдер, ата-аналар, кітапханашылар балалар басылымдарының жетекшілерімен дидарласып, басылым мен оқырман арасындағы түйткілді мәселені талқыға салды.

Іс-шараға жазушы Толымбек Әбдірайым, құрамына 11 басылым кіретін, соның ішінде балаларға арналған «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері, «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары қарайтын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш, «Айгөлек» журналының  бас редакторы  ақын Қымбат Әбілдақызы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы және өзге де балалар басылымдарының өкілдері сөз алып, жас оқырман мен баспасөз арасындағы байланыс алшақтап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

арасына

«Екі-үш жыл бұрын өткен Жазушылар одағының құрылтайында Олжас Сүлейменов «біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, осы 30 жылдың ішінде біз кітап оқуды доғардық» деген еді. Шындықты мойындау керек, тәуелсіздіктен бері қарай расында да оқырман газет-журнал, кітап оқудан ажырап қалды. Бесіктен босап шыққан бүлдіршіннің өзі смартфонға үңілетін қазіргі қоғамда жас оқырманды балалар басылымымен қауыштырып, байланыс жібін ширату маңызды шаруа. Бүгінгі басқосудың көздегені де осы жайт», деді халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Т.Әбдірайым.

Қымбат Әбілдақызы мектеп директорлары мен мұғалімдерге һәм ата-аналарға жеткіншектерді балалар басылымымен достастыруға үндеді. Дәулетбек Байтұрсынұлы былтыр жеті облысты аралап, оқырмандармен жүздесуде түрлі кедергілерге кезіккенін, бұл түйткілді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа да ескерткенін айтты.

«Мектеп пен балалар басылымдары арасындағы байланыстың шылбыры үзілгелі тұр. Үзілмелі жіп қиылып, оқырман азайса, балалар басылымдары жабылады», деді Д.Байтұрсынұлы.

Думан Анаш оқырманды қызықтырып, талғамына татитын тұшымды дүниелер ұсыну басты мұрат екенін жеткізді. Республикалық «Ақ желкен» журналының ұжымы оқырмандар арасында түрлі байқау ұйымдастыру арқылы да оқушы қауымның үдесінен шығып келе жатқанын жеткізді.

Бүгінгі күнде елімізде 30-ға жуық балалар басылымдары жарық көреді. Барлығы дерлік төмен тиражбен таралады. Еліміздегі 7 мыңнан астам  мектептің  оқушылары мерзімді басылымдармен достасса, бұл олқылықтың орны толар еді дескен қаламгерлер педагогтерге орасан сенім артатынын жеткізді. Жиында балалар арасында оқу мәдениетін нығайтудың мәселесі де қамтылды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында жаңа идеялар және тәжірибелік ұсыныстар айтылды. Балалар басылымының өкілдері мектеп кітапханаларына жасөспірімдерге арналған газет-журналдарды жаздырту арқылы келешек ұрпаққа көркем шығармаларды оқытуды қолға алсақ деген ұсыныс білдірді.