Үкімет • 28 Ақпан, 2024

Заманауи мектеп – жаңашыл қоғамның баспалдағы

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлт­тық мүдде» диалог алаңының «Заманауи ұлттық мектеп – жаңа қоғам қалыптастыру жолы» тақы­рыбына арналған отырысы өтті. Іс-шара барысында білім беру, мәдениет, өнер саласының мамандары, сарапшылар, ғалымдар және сенаторлар ұлттық білім беру жүйесінің даму үрдісін талқылап, осы бағытты реформалау жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Заманауи мектеп – жаңашыл қоғамның баспалдағы

Басқосуда Сенат төрағасы қазіргі қоғамды қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі факторы білім беру, ғылым және мәдениетті кешенді түрде дамыту екенін атап өтті. Осыған байланысты сапалы және қолжетімді білім беру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені де айтылды. Бұл ретте жаңа тәсілдерді қалыптастыруға және менеджментті жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде педагог мәртебесін арттыруға, осы саладағы жас мамандарды ынталандыруға арналған реформалар іске асырылғанын атап өтті.

«Білім беру саласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым басты назарында. Елімізде ұстаздардың жалақысы айтарлықтай өсті және педагог мәртебесі заңмен айқындалды. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Осы құндылықтарға негіз болатын және оларды бойға сіңіретін бас­ты орта – мектеп екені даусыз. Шын мәнінде, мектеп – адами капиталды дамытатын және заманауи қоғам қалыптастыратын негізгі орын», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата спикері ұлттық білім беру жүйесін реформалау барысында оқушыларды тұлға ретінде, олардың бірегей қабілеттерін дамытуға басымдық беру қажет екеніне назар аударды. Қазіргі жалпылама оқыту тәсілі бұған толық мүмкіндік бермейді.

«Мектеп – адами капиталдың сапасын қалыптастыратын және елдің бүгінгі болмысы мен болашақ әлеуетін айқындайтын бірден-бір орта. Осы орайда мектептің негізгі үш функцияны жүзеге асыруы маңызды. Біріншісі – білім беру. Бұл ретте оқушылардың тұлғалық ерекшелігін ескеруге, жаңа, бірегей білім беру бағдарламаларын құруға, жүйелі түрде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және интернет пен цифрлы ресурстардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға баса мән беру қажет. Екіншіден, оқушылардың бойында әртүрлі дағдыларды – «soft skills» дамыту да үлкен міндет. Қазір оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын үйрету, олардың бо­йына коммуникациялық қабілеттерді, командамен жұмыс істеуді, кез келген ортаға тез бейімделуді сіңіру маңызды. Үшіншіден, мектептің тәрбие ошағы екенін ұмытпауымыз керек. Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, мейірімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді жас буынның санасына сіңіруде мектептердің рөлін арттырған абзал», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыста педа­гог­тер­дің құзыреттерін арттыру, білім беру бағдарламалары мен оқы­ту әдістемелерін кеңейту, ғылым сала­сын­дағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жас ғалымдарға зерттеулер жүргізу бағытында қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысына сенаторлармен қатар Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан,  ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» басқарма төрағасының орынбасары Айдана Шілібекова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, «Bilim Media Group» директоры Рауан Кенжеханұлы, «IQanat» қорының академиялық директоры Зухра Шегенова, PISA зерттеулері бойынша ұлттық жобалық менеджер, «Талдау мектебі» жобасының қатысушысы Ризагүл Сыздықбаева, тағы басқа сарапшылар қатысып, сөз сөйледі.