Тағзым • 28 Ақпан, 2024

«Алдым – сағым, артым – сағыныш...»

224 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен жылдың нәуірзек құс келетін наурыз айында мәңгілік мекеніне аттанған, мына фәни дүниеде 85 жыл ғұмыр кешкен Сағындық Қыдыр ақсақалдың жазу үстелінен бақиға кетерінен он шақты күн бұрын маржандай жазуымен қағазға түсірген жазбасын таптық. «Төредей болып төрімде отыратын әкемді сағынам, өмірін перзенттері үшін қиюға даяр анамды сағынам, балалығым өткен қырдың беткейіне тігілген қойшының жалғыз қараша үйін сағынам» деп жаз­ған екен өтпелі кезеңдерде жарқын да күрделі өмір жолын өткер­ген қария.

«Алдым – сағым, артым – сағыныш...»

Соған қарағанда, бәлкім, сағыныш деген жас ұлғайған сайын ескіріп, ұмытылмай, керісінше, жаңа бір күшпен жаңғырып, жан дүниеңе ерекше бір жылылық құятын алапат қажыр-құдірет, ұлы се­зім болса керек. Әйтпесе сексеннің сеңгіріне шыққан ақ­сақал «Дүние кезегімен зыр айналған, Тағдырдың жазуына шыдайды адам, Жамылып сары шекпенін сағыныштың, Біз қалдық ата жұртта шыр ай­налған» деп жырлар ма еді? Ба­лалық шағы құм ішінде, мал соңында өткен Сағындық ақ­сақал шығармашылығын ерекше бағалап, мақтаныш тұтқан, кітаптарын жастанып оқыған замандас-құрдасы, абыз жазушы, ойшыл Әбіш Кекілбайұлы «Біз тал шаңырақтың астында туып, тал бесікте жатқандардың соңымыз... Әлі күнге уызды са­ғынамыз... Көре салып қуа жөне­лер қозыны сағынамыз», деген екен (Жалпы, осы «Сағы­ныш» деген сөздің өзі өзге тіл­дерге дәл аударылып, дәл мағы­насын бере алмауы да бір тылсым күшті білдірсе керек).

Қыдыр атам елуге, Зылиха апам қырыққа қадам басқанда зарығып, сағынып жүріп жеткен ұлына Сағындық деп ат берген екен. Алдындағы екі әпкесінің есімі Ұлбике, Дәмелі атануы да осы үміт пен сағыныштың ізі шығар. Арада төрт жыл өткенде соңынан ерген інісіне Жақсылық деп ат қойылып, осының бәрін Жаратқанның, тағдырдың ерекше сыйына, жомарт жақсылығына жорыған екен жарықтықтар. Сол кісілер сағынып көрген перзенттерінің мейіріне қана алмады-ау, қойшы ауылда қандай мектеп болсын, бұғанасы бекімей жатып өзге ауыл, қалада, ағайынның үйінде немесе интернатта жатып оқыса? Жанымызда қалып мал бақсаң да, аман жүрсең жарар демеді, екі ұлын да кісі қолына, сыртқа, өзге қалаға жіберсе де оқытты. Одан әрі Ташкент политехника институтына түсіп, инженер-энергетик мамандығын игерді, Самарқанда, Шымкентте еңбек жолын бас­тап, тәжірибе арттырып, білікті маманға айналып, елге оралғанда олар шау тартып қалған еді.

Мектепті де, институтты да үздік бітірген жас маманға үлкен сенім білдіріліп, жаңа ғана іске қосылған жеті мың­нан астам жұмысшысы бар одақтағы өндіріс алыбының бірі – Шым­кент фосфор зауытын электрмен қамтамасыз ететін станса басшылығы қызметі жүктелді, тез арада қала орталығынан пәтер берілді. Бірақ жас инженер мансап қуған жоқ, үш-төрт жылдан соң кіндік қаны тамған өңірді электр желісіне қосуды алдына үлкен мақсат етіп қойып әрі кәрі ата-анасының жағдайын ойлап, туған жеріне оралды.

Бүкіл жабдықтар жеткізіліп, қуатты подстанция салынғанмен, Қызылқұм (Отырар) өңірі әлі күнге дейін тұтас электр же­лісіне қосыла алмай отыр еді. Себеп – осы іске басшылық жасайтын білікті маман тапшы. Сонау 30-жылдары тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбековтің пәрменімен Арыс өзенінен салынған ГЭС-тен­ ток алып, шалғай ауылдар әлі күнге дейін дизельді гене­раторды сағатпен пайдаланып отырғаны қабырғасына бататын еді. Бұл жағдайды ұстазы – бүкіл аймаққа электр тарататын Шымкент электр желілері мекемесінің басшысы А.С.Тонкошкуровтан естіген сайын көңілі құлазып қалатын. Ақыры намысы жігер беріп, тәуекелге бел буды. Сөйтіп, облыс орталығындағы жайлы пәтерін, алып зауыттағы жалақы­сы жоғары жауапты қызметін тап­сырып, туған жеріне оралды. Бір шеті Қаратау сілемдеріне, бір шеті Қызылқұмға дейін созылып жатқан үлкен ауданды толық электрлендіру оңай шаруа емес-тұғын. Материалдық-техникалық база жасау, білікті мамандар тарту, оларды үйрету, қайта даярлау, күн-түн демей құм мен дала кезіп, бағана орнатып, сым тарту – оны ортақ желіге қосу, сөйтіп, әрбір жерлесінің үйінде шам сөнбеуін қамтамасыз ету қасиетті борышы мен міндеті болатын. Жерлестері кейіннен Дүйсенбай Алтынбеков канал қаздырып, өңірге су мен тіршілік әкелсе, Сағындық Қыдыр сым тартып, әр үйге жайлылық пен жарық әкелді деп айтып жүргені сондықтан.

Онымен Ташкент политех­ника институтында бірге оқып, бірге жүрген достары бір­тіндеп, сатылап өсіп, облыс­тық, республикалық дең­гей­де ірі басшылық қыз­мет­тер­ге қол жеткізді, жатақ­хана­да бір бөлмеде тұрған досы рес­пуб­ликалық Мемлекеттік жос­парлау комитетін, кейіннен облыс басқарды, министр болды. Олар досының білім-білігі, мүмкіндігі, қарым-қабілетіне қарай қаншама рет лауазымды, жауапты қызметтер ұсынса да, кіндік қаны тамған жерден өзге жаққа қарыс қадам басқан жоқ.

Кіндік қаны тамған жер деген­нен шығады, осы орайда Сағын­­­дық Қыдыр құрмет тұтқан қайын ағасы, Қазақстанның Ха­лық жазушысы, Мемлекеттік сый­­­лық­тың лауреаты Ғафу Қа­йыр­­­­бековтің мына бір: «...Жал­­­­­ғыз қазық – мына жұрт, Мен дү­­ниеге туған жер. Жалғыз тұ­там шуда жіп, Кіндігімді буған жер. Туған жермен байлаған, Кет­­­­пестей ғып кіндіктен, Бар ма екен деп ойланам, Мықты нәр­се сол жіптен» деген өрнекті өлең жол­­­­дары тағдыр-талайын ту­ған то­пы­­ра­ғынан бөлек қарай ал­май­тын Сағындық Қыдыр сияқ­ты пер­­зент­­терге арналғандай ­көрі­не­ді.

Шәуілдірдегі электр желілері мекемесінің тізгінін ұстап, ауданның тұңғыш энергетигі ретінде шалғай ауыл­дар мен қойшының қораларына дейін жарық тартылуына үлес қосты, соңыра он шақты жыл аудан орталығындағы ең ірі мекеме – автокөлік кәсіпорнын басқарып, кейіннен заман талабына сай жекешелендіру шарасы жүрді. Үлкен мекеме мүлкінің қызметкер-үлескерлер арасында айғай-шусыз, әділетті бөлінуі де турашылдық пен ыждағаттылықты қажет ете­тін. Зейнетке шыққан соң да ол кісі үйде байыз тауып отырған жоқ. Қашан да елден бұрын ерте тұрып, ауланы өзі тазартып, немерелеріне тапсырма беріп, көкөніске су салып жүретін. Мамандығы инженер-энергетик болғанмен, қойшының баласы емес пе, Сырдың бойындағы тоғай жанынан қора-қопсы салды, шаруа қожалығын ашып, фермер атанып, біраз мал өрбітті. Біраз жасқа жұмыс берді, шапағаты тиді. Әрі бұл бала кезіндегі қимас сәттерін көз алдына кел­тіретін көңіліне жақын кәсіп болса керек... «Зейнетке шыққан соң тұрмысы жайлы қалаға көшіңіз» деген ағайын-туыстың, балаларының ұсынысына құлақ асқан жоқ. «Ата-бабаның қара шаңырағы қараусыз қалмау керек, қазақ ауылдан кіндік үзбеуге тиіс», деді. Содан туған жерінің жәдігерлерін жинады, шежіресін хаттады, айналасындағы тол­ғандырған тағдырлы адамдар, оқиғалар туралы ойларын қағазға түсірді. Көркем шығармалары мен өңір тарихына, тасада қалған тұлғаларға қатысты зерттеулерін арагідік мерзімді басылымдарға жариялап отырды.

Өмір бойы ұқыптап, өзі жазып, қағазға мұқият түсіріп отырған әңгіме, эссе, естеліктері мен туған жер, өлке тарихына, шежіресіне қатысты жазбаларын жинақтап, кітап шығарайық деген ұлдарының ұсынысына жасы сексеннен асқанша құлақ салған жоқ. Тек бертінде ғана «Өмір өткелдері», «Асулар» деген екі кітабы жарық көрді. Үшінші кітабын көру нәсіп болмады.

Атасы дүниеден өткен соң әлеу­меттік желіде жазба қал­дырған ең кенже келіні журналист Құралай Көпесова былай деген екен: «Екі кітабының да ең алғашқы сөзінен бас­тап соңғы сөйлеміне дейін өзім тердім, бір әңгімесінде бір кейіпкерімен қосылып жыласам, бір кейіп­керімен қоса қиялдандым, қуан­дым. Атам махаббатты, сұлу­лықты, сағынышты жырлайды. Жіпке оратыла гүлдеп өсіп тұрған шырмауыққа қай жерге дейін барар екен деп қызыға қарайды. Үйдің жанындағы асхана бұғатына ұя салған қарлығаш ба­лапандарын түлетіп ұшып кет­кенше ескірген ғимаратты бұзғызбады».

Ғұмырының жалаулы сәт­терін өткізген Отырар ауда­ны­ның орталығы – Шәуілдірдегі үлкен мейрамханада Сағындық қарияның қырық күндік асын өткізгенде, ішке қалай кіргені белгісіз, бір қарлығаш залды айналып ұзақ ұшты. Әлдекімді іздеп жүргендей. Бәлкім, бұл ақсақал бұзғызбаған баяғы ескі асхана ғимаратында қанаты қа­тайған қарлығаш па екен, кім білсін? Сол сәтте ол кісінің рухы осы өзі талай салтанатты шараның төрінде отырған таныс залдың үстінде қалықтап ұшып жүрген болса, көктемгі құстарды аңсаған замандас-құрдасы Қажытай Ілиясұлының өлмес шумақтарын, аспандағы қат-қабат толқындардың арасынан еміс-еміс естіді ме екен, кім білсін: «Сыңсыған тырнаның, Тыңдадым сырлы әнін. Қозғады-ау қоңыраулатып, Жанымның ырғағын. Аңырдым аспанға, Жас толы жанарым, Сағыныш еңсені басқанда...».

Кеңес дәуірінің үнемі толас­тамайтын, үлкен науқанға ай­­­­на­латын қым-қуыт, қауырт бола­тын жауапты жұмысын бір сәтке доғарып, алыстан жақын-жұ­ра­ғат немесе әріптестері, ба­­­ла­лары­ның достары келсе, міндет­­ті түрде көне Отырар қала жұр­­тының орнына, Арыс­тан­­баб ке­сенесіне апарып, өзі әрі гид, әрі шежіреші-тарих­шы, зерт­теуші болып, алып тө­бе­ні аралап көрсетіп, қызықты аңыз-әңгімелерін айтудан еш жа­лыққан емес. Осыдан өзі бір ерек­ше күш-қуат, шабыт алатын.

Қызметте отырған кезде аудан­да ашылған музейлерге жә­дігерлер жинауға көлік бө­­ліп, өзі де жәдігер тапсы­рып, көп кө­мек көрсетті. Қай­да жүр­се де, кітабын қолы­нан тас­таған емес. Үйін де кі­тапқа тол­тырд­ы. Мерзімді басы­лым­­дардың барлығын үйіне жаз­ды­рып алатын. Айбарлы ақын­дар – Әселхан Қалыбекова, Қаны­бек Сарыбаевпен дос болды. Кезінде Қарақоңыр ауы­лында зайыбы Тазагүлдің үйі­мен көрші болған атақты сазгер – Шәмші шаңырағына жиі соғып тұратын, мандолина тартатын. Әлем және кеңес әдебиетінің жауһарларымен сусындады. Ұлы сағынышты жырлап өткен ақберен ақын Төлеген Айбергенов өлеңдерін домбыраға қосып айтатын, за­­манның заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовты пір тұ­тып өтті, тұңғыш немересіне со­ның есімін қойды. Одан кейін­гі немересін Манас деп ата­ды. Шахматты өмір бойы се­рік етті, Астанаға келгенде Назар­баев мектебінде оқитын, ерже­тіп қалған шөбересі Еді­гемен әдетіне басып екі фигу­ра­сын алып тас­тап ойнап, ұтыл­са кә­дімгідей ашуланып қалатын.

Өзінің пікірін, ой-пайымын жасыру немесе жағдайға қарай құбылту ол кісіге тән емес еді. Үнемі тура жүрді, турасын айтты. Үлкен лауазымды кісілер елге келсе, орынсыз мадақ айтып, бата беретін қариялар қата­­­рына қосылмағаны да сон­дықтан шығар. Туған жері – көне Отырардың құрметті азаматы атанғанын мақтаныш тұтатын. Ғұмыр бойы ерен еңбек үлгісін көрсетіп, үлкен кәсіп­орын, меке­­мелер басқарып, жетіс­тіктерге жеткені үшін кеу­десіне таққаны жалғыз ғана мем­ле­кеттік марапат «Ерен еңбегі үшін» деп аталады. «Осыдан артығы керек емес», дейтін.

«Шындық – қасиетті ұғым, ал ұят – адамды жамандықтан қор­­­ғайтын періште» деп тәм­сіл­де­­рінің бірінде өзі жазғандай, ол кісі «тура бол, таза жүр, еш­кім­ге қия­нат жасама» деген қағи­­да­мен өмір сүрді. Тіршілік күй­­бең­­дері мен мақтау-мадақ жиі ай­­тылатын жиындарды емес, өлең-жыр оқылатын бас­қосу­лар­­ды жаны сүйетін, аудан­дағы шы­­ғар­машыл жастардың қам­қор­­ш­ы­сына айналғаны содан бо­лар.

Айналасындағы қауымның жан дүниесіне үңіліп, сырын тыңдап, қажетсінсе кеңесін айтатын, көмегін ұсынатын. Бала­мен балаша, данамен данаша сөй­лесетін еді, жаназасында кісі қарасы қалың болуы да содан шығар. Асқар тауымыз құла­ған­дай әсер еткен сол бір қаралы күндерде Қыдыр әулетінің қай­ғы­сын бөліскен барша жанашыр қауымға, әріптестерге, кө­ңіл айту жеделхатын жолда­ған Мем­лекет басшысына, Мем­ле­кеттік кеңесшіге, өңір және шаһар­лар басшылығына Алла разы болсын!

«Созылады қоңыр дала, қоңыр түз, Қоңыр күйді кешу­деміз қазір біз. Әкем ­жатыр Қоңыртөбе басында, Анам сонда, ағайынның қасында» деп кеудесін сағыныш шері кернеген, ауырып-сырқа­маса да, үзілерден апта бұрын ғана күнделігіне «Алдым – сағым, артым – сағыныш» деп сағыныш еңсесін езіп жазба қалдырған Сағындық ақсақал кіндік қаны тамған Ақтөбе ауылының жанындағы бабалар қорымы – Қоңыртөбе етегіне, қауышуға сағынып жеткен аталары, әкесі мен анасының ­жанына, кеніш мекеніне жайғасты. Мұнда тып-тыныш, тек құстар шулап, сағыныш сазын салады...

 

Еркін ҚЫДЫР