Үкімет • 29 Ақпан, 2024

Ғылыми атаққа үстемеақы төленеді

219 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірқатар заң жобасы қаралды. Сонымен қатар депутаттар тиісті орындарға сауалдарын жолдады.

Ғылыми атаққа үстемеақы төленеді

Жалпы отырыста қаралған алғашқы екі заң жобасы бір-бірімен байланысты. Сондықтан «Жол жүрісі туралы» заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдарының жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму коми­тетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасады.

Келесі қаралған құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл құжат Конс­ти­туциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру мақса­тында әзірленгенін атап өтті.

«Конституциялық сот азамат Б.Қ.Аргумбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 16-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Бұл норма мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтарды 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабыл­дауды шектейді. Бұл ретте мем­ле­кеттік қызметке осындай тәртіп­тік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтар өмір бойы жіберілмейді», деді ол.

Оның айтуынша, Консти­ту­циялық соттың құқықтық ұстанымына сәйкес мұндай кемшіліктерді жою үшін заң жобасында Мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті түзетулер енгізу көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған.

Жалпы отырыста көтерілген маңызды мәселенің бірі – ғылым саласын дамыту. Кейбір нор­мативтік-құқықтық актілерге ғылым мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көз­деген заң жобасына қатысты Әлеу­меттік-мәдени даму коми­тетінің төрағасы Асхат Айма­ғамбетов баяндама жасады. Ол заң жобасының Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бас­тамасымен әзірленгенін атап өтті. Басты мақсат – ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Құжаттың негізгі бағыт­тарына тоқталған депутат ең бірінші әрі маңызды мәселе – ғалымдар үшін жаңа үстемеақыны енгізу екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мыса­лы, PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына атал­ған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемеақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемеақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемеақы ретінде алады. Ал ол ғылым докторы қазіргі уақытта 125 мың теңге үстемеақы алса, заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алады», деді ол.

Сонымен қатар Асхат Ай­мағамбетов халықаралық тәжі­рибеде кеңінен таралған «сабба­тикал институты» атты тағы бір қолдау тетігі ұсынылып отырғанын жеткізді. «Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйым­дардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады. Бұл шығармашы­лық демалыстың мерзімі бір жылға дейін және осы кезеңде жетекші ғалым орта­ша жалақы деңгейіндегі тө­лем­­дерді алып отыруына да мүм­­кіндік беріледі. Бұл шығар­машылық демалыс ғалым­дарға ғылыми, ғылыми-педаго­ги­ка­лық жұмыстарымен айна­лы­су­ға, монографияларын, ғылы­ми мақалаларын шығаруға мүмкін­дік береді», деді ол.

Заң жобасының екінші ба­ғы­ты – әкімдіктерге ғылымды қар­­­жы­­ландыру құқығын беру. Заң жобасы аясын­да жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың ғылым және ғылыми-техни­калық қызмет саласындағы құзы­реттерін кеңейтуге қатысты маңызды жаңалық ұсынылып отыр. «Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиім­ді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңір­лік ерекшеліктер мен қажет­тіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді», дейді депутат.

Үшінші бағыт – заң жобасына «ғылыми этика» ұғы­мы­ның енгізілуі. Бұл норма ғылы­ми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін артты­руға, ака­демиялық адалдық қағи­даттарын сақтауға бағытталмақ.

«Төртіншіден, жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің ғылым саласындағы қызметін реттеу мәселесі. Бұл – үлкен мә­селе. Заң бойынша 1% дең­гейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбі қаражатты ғылымға емес, басқа бағыттарға жұмсап жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ. Осыған орай заң жобасы аясында жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу міндеттемелері белгіленеді және зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу нормалары да ұсынылды», деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттар тарапынан ұсы­нылып отырған бесінші бағыт – ғылыми жобалардың қаражатын тиімді пайдалану. Яғни ғылы­ми жобалардың жетекшілеріне осы жобаға бөлінген бюджет қаражатын түрлі бап арасын­да икемді қайта бөлуге құзырет беру туралы норма ұсынылып отыр. «Бұл шара ғылыми міндеттерді орындаудың тиімділігін арт­тыруға және жоспарланған нәти­желерге қол жеткізуге бағыт­талған. Мұндай қайта бөлу жоба­ның бастапқы белгіленген мақ­сат­тарының өзгеруіне әкелмеуі керек. Бұл тәсіл жобаларды іске асыру үдерісінде қаржыны икем­ді басқаруға мүмкіндік береді», деді депутат.

Сонымен бірге заң жобасында ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру, байқау кеңестерін құру, Эндаумент қоры­ның қаражаты есебінен дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізу, әскерде борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер ұсыну секілді мәселелер қарастырылған.

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республика­сы мен Өзбекстан Республи­ка­сы арасындағы одақтастық қатынас­тар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Сонымен қатар «Зияткерлік меншік құ­қықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды жасалды.

Жиында қаралған өзекті мә­селе – әйелдер мен бала­лар­дың қауіпсіздігін арттыру. «Әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мәселелері бойынша Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары бойынша депутат Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады. «Бұл заңдар барлық азаматтың, оның ішінде қоғамымыздың ең осал мүше­лері саналатын әйелдер мен бала­лардың құқықтары және мүдделерін қорғауға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы құқық бұзушылықтарға байланыс­ты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Ең бастысы, қоғам негізі – отбасындағы береке-бір­лікті нығайтады», деді депутат.

«Заң үстемдігі және тәртіп қағидаты – қоғам дамуының бас­ты бағдары болуы шарт», деген ол заң жобаларында денсаулық­қа қасақана жеңіл зиян кел­тіру, ұрып-соғу, суицидті наси­хаттау, он алты жасқа толма­ған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да іс-әрекеттер криминализацияланғанын, тұр­мыстық зорлық-зомбылық көр­ген белгілері бар адамдарға уақыт­ша тұруға мүмкіндік беретін Отба­сын қолдау орталықтары­ның құзы­реттері нақтылан­ға­ны, денсаулыққа қасақана же­ңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдар­ды ұстау тәртібі реттелгенін жет­кізді. Сонымен қатар 16 жас­қа толмаған жеткіншектерге жы­ныстық қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік күшей­тілген. «Тәртіп бұзу­шы­ларға жауапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар, азаматтарды қолдаудың пси­хологиялық көмек оңалту бағ­дарламалары қарастырылды. Бұдан бөлек, Үкіметтің ұсы­ны­сымен депутаттардың облыс­тың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бала құқықтары жөніндегі уәкіл­дерінің қызметін регламент­тей­тін түзетулері енгізілді. Соны­мен бірге депутаттар редакция­лық сипаттағы түзетулер және нормаларды заң техникасы­на сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобаларының мазмұнын сапалы түрде жақсартқан түзетулер енгізді», деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түзетулер заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталғанын және оны әзірлеу барысында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Агрессорлар мен абью­зерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік­ті қатайтуды жұртшылық көп­тен бері талап етіп келеді. Жаңа заңда мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Бұл – орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол берілмеуге тиіс, – деді палата төрағасы.

Жиында депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақ­па­раттандыру саласының инвес­тициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.