Білім • 29 Ақпан, 2024

Оқушының оңды ісі

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ілкідегі қазақы қағидаға ден қойсақ, «талаптыға нұр жауар» деген сөздің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын мән бар екенін түйсінер едіңіз. Оқушының қолынан құрастырылған, әншейінде кәдеге аса қоймайтын шыны құтылардың қалдықтары да әжетке жарап қалады екен.

Оқушының оңды ісі

Шортанды кентінің №3 жалпы білім беретін  орта мектебінің оқушысы Әйгерім Анесий жо­сығы бөлек ғылыми жобаны қол­ға алыпты. Елді елең еткізе тін-ақ дүние. Әншейінде қоқыста шашылып жататын шы­ны қалдықтары кәдеге жарай­ды деп кім ойлаған. Талапты жас­­­тың өзі ешқандай шығын шы­­ғар­­май, ауылдастарының дас­тар­­қанын несібемен толтырар ғы­лыми жобаны қолға алып отыр. Математика және инфор­ма­­тика пәндерінің мұғалімі Жар­­қынгүл Асауимен бірлесе отырып, жұ­мысқа қауырт кірі­сіп кеткен. Алдымен ауыл-аймақ­тан әрқи­лы дәрілерден боса­ған шыны құты­ларын жи­нап­ты. Кейін оларды бір-бірі­не әдемілеп жапсырған. Көкөс­кінге қажетті су жинайтын бөшкелерді орналастырыпты. Құбыр да тартылған. Шатырдың ашылып-жабылуы ыңғайлы болуын да ұмыт қалдырмаған. Айтпақшы суару жүйесі толық автоматтандырылған.

– Жылыжай жұмысын 2022-2023 оқу жылдары аралығында сы­нақ­тан өткізіп көрдік, – дейді жоба жетекшісі Жарқын Асауи, – қол­жетімді материалдарды қол­да­на отырып жасалған жылыжай­да тәп-тәуір өнім өндіруге болады екен.

Байқампаз оқушы Әйгерім Анесий осы зерттеу жұмысын республикалық «Зерде» ғылыми жоба байқауына ұсынып, жүлделі орынға ие болыпты. Қарша­дай қыздың талпынысы әбден құп­тар­лық. Өзге де замандастары жақ­сыдан үйреніп, алға ұмтылып жатса бір ғанибет емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы