Инфляция • 01 Наурыз, 2024

Инфляция иірімі

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет пен Ұлттық банк (ҰБ) инфляция дең­гейін жыл аяғына дейін 6-8 пайызға дейін тө­мен­детеміз деп жос­парлап қойған бола­тын. Қаңтар айын­да инфля­ция 9,5%-ға баяу­­лады. Сонда мақсат­ты дәліз­бен қазіргі жағ­дайды үш пайыздық айыр­ма­­шы­лық бөліп тұр. Тәуелсіз сарапшылар қазіргі қар­қын­­ды сақтай алсақ, межелеген 6-8 пайыз­ жыл­­­дың үшінші тоқса­нында қолжетімді болады дейді.

Инфляция иірімі

Бірақ қаңтарда елдегі айлық инфляцияның өсімі 0,8%-ды құраған. Бұл 2017–2021 жылғы қаңтардағы 0,6%-ды құраған тарихи орташа көрсеткіштен жоғары екен. Жылдық инфляцияның өсуіне жауап ретінде ҰБ базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. 2022 жылы ол бес рет өзгерді және жыл соңында 16,75% болып рекордтық деңгейде белгіленді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап реттеуші ақша-несие саясатын жұмсартуға кірісті.

Мамандардың айтуынша, дезинфляцияға, яғни оның бәсеңдеуіне жалақының өсуі, ақша массасының артуы, ұлттық валютамыздың тұрақталуы және базалық мөлшерлеменің түсуі сияқты ішкі факторлар әсер етеді. Сыртқы факторларға келсек, биыл қаңтарда Ресейдегі инфляция деңгейі 7,44%-ды сақтап қалды. ФАО деректерінде (Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) азық-түлік бағасының индексі 2024 жылғы қаңтарда желтоқсандағы нақтыланған деректермен салыстырғанда 1,2 тармаққа немесе 1,0%-ға төмендегені айтылған. Бұл 2023 жылдың қаңтар айы­мен салыстырғанда 10,4%-ға төмендеуді көрсетеді. 2024 жылдың қаңтарында еуроаймақ елдеріндегі инфляция 2023 жылғы желтоқсандағы 2,9%-дан 2,8%-ға дейін төмендеді.

Applied Economics Research Centre (AERC) Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжамын жақсартқанмен, 2024 жылдың сәуірінен бастап инфляцияның төмендеу қарқыны баяулауы мүмкін екенін айтып отыр. Соған байланысты AERC ақпан айындағы инфляция деңгейін алдыңғы шолудағы 9,10%-ға қарсы 9,04% (ж/ж) деңгейінде болжайды. Инфляцияның төмендеуі қаңтардағы нақты инфляцияның төмендігімен және ақпандағы инфляцияның шамалы жоғары бағалануымен байланысты. Айта кетейік, наурыз айынан бастап жоғары базалық әсер бұдан былай жылдық инфляция деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан AERC инфляцияның төмендеуі наурыз айынан бастап біршама баяулайды деп күтеді.

AERC болжап отырған шама – ел Үкіметінің инфляцияға қатысты көздеп отырған межесімен қарайлас екенін байқаймыз.

Сарапшылар инфляция екі есе төмендесе де азық-түлік бағасына сондай деңгейде әсер ете алмай­ды дейді. Өйткені Ресейден келетін арзан тауар­ға тосқауыл қоя алмай отырмыз, Өзбекстан мен Қыр­ғыз­станнан жеткен тауарлар да біздің пайдаға жұ­мыс істеп жатқан жоқ. Ал ауылдағы ағайын инфля­ция деңгейін ресми орындардың мәліметіне емес, қал­та­сындағы қаржы мен базардағы бағаға қарап баға­лайды.

AERC болжамында алдағы уақытта инфляцияның динамикасы ішкі және сыртқы экономикалық факторлардың өзара байланысы және әсерімен анықталатыны айтылған. Демек «инфляция иілді ме?» деген сұраққа жауап беру әлі ерте. Ұлттық банк бір жылдағы орташа инфляция 7,5–9,5% шегінде сақталады деп болжайды. Бұл болжамның да жоғары шегін сәуірдегі инфляция деңгейі анықтайтын болады.

Тhe Economist 22 ақпанда «Do not expect America’s interest rates to fall just yet: the risk of a second wave of inflation remains too great» деген тақырыпты айғайлатып жариялады. Оны сөзбе сөз аударсақ, «Американың пайыздық мөлшерлемелері төмендейді деп күтпеңіз: инфляцияның екінші толқынының қаупі тым жоғары». Демек азық-түлік өнімдері мен шикізат бағасы төмендеп жатқанымен, инфляцияның шарықтап кету қаупі әлі сейілген жоқ. «Инфляция өзінің шарықтау шегінен әлдеқайда төмен, бірақ жеңілген жоқ» деген пікірдің басымдау болуына осы фактор әсер етіп отыр...