Басылым • 03 Наурыз, 2024

Басқа басылымдардан: Қазақстан Президентінің Әзербайжанға сапары

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 наурызда Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел хабарлады. Екі күндік сапар барысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар екіжақты құжат­қа қол қою жоспарланған.
Әлім Байелдің айтуынша, сапар аясында Қазақстан Президенті Физули қаласына да барып, Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығының ашылу салтанатына қатысады. Сондай-ақ елші Қазақстан басшысының сапары Әзербайжандағы кезектен тыс президент сайлауынан кейінгі шетел мемлекеті басшысының алғашқы сапары болатынын атап өтті.

Басқа басылымдардан: Қазақстан Президентінің Әзербайжанға сапары

Жаңа логистикалық терминал 

Қытайдың Сиань құрғақ портында жаңа көлік-логистикалық терминал ашылды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының соңғы буыны, онда Қазақстан жетекші серіктес болып саналады.

Терминалға Қазақстанның ұлттық теміржол компаниясы «Қазақстан темір жолы» «Huawei» компаниясымен бірлесіп құрған инновациялық орталық та кіреді. Орталық – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа «Smart Railway» жобасының бір бөлігі.

«Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын», деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қытайдың ең ірі Сиань құрғақ порты Шэньси қаласын Орталық Азия және Еуропамен байланыстырады. Сианьдағы қазақстандық терминалдың өткізу қабілеті жылына 66 500 TEU (жиырма футқа тең) асады. Бұл Қазақстанға Еуразиядағы үлкен транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін бұдан да арттыруға мүмкіндік береді.

 

 

Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілді 

Көлемі жағынан Батыс Еуропамен бірдей Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнату үшін көптеген аймақ бейсен­біде түн ортасында сағатты бір сағатқа кері қойып, осылайша бүкіл ел UTC+5 уақыт белдеуіне ауысты.

Осы күнге дейін бұл уақыт белдеуінде елдің тек батыс аймақтары ғана болса, басқалары, соның ішінде Астана мен Алматы секілді ірі қалалар бір сағатқа алда болды. Ресей және Қытаймен шектесетін Қазақстан шығыстан батысқа қарай 3 мың шақырымға (шамамен 1900 миль) созылып жатыр.

Қазақстан тұтынушылары банктерден, ұялы байланыс операторларынан және басқа да қызмет провайдерлерінен 1 наурызда елдің басым бөлігі басқа уақыт белдеуіне ауысатындықтан техникалық ақаулар болуы ықтимал деген хабарламалар алды.

 

 

Былтыр 148 мың автокөлік шығарылды 

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда автомобиль өнер­кәсібі айтарлықтай өсті. Тек 2023 жылдың өзінде елде 148 мың­нан астам көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.

Бұл – өсім елдің экономикасын әртараптандыру саясатының перспективалы нәтижелерінің дәлелі.

Өткен жылы ұлттық экономика 5,1 пайызға өсті. 2023 жылдың алғашқы 10 айында машина жасау саласы 27%-ға артты. Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, барлық саланың ішінде автомобиль өнеркәсібі осы кезеңде ең жоғары өсім 42%-ды көрсетті. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы саланың қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етті.

 

Агроэкспорттық келісімге қол жеткізілді 

Қытай қазақ етінің импортына салынған тыйымды алып тастауға келісті. Алайда Қазақстан шенеуніктері дипло­матиялық еңбегінің жемісін көруі үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін, өйткені логистикалық тар жолдар шекара арқылы жүк тасымалына кедергі келтіріп отыр.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліме­тінше, Қытайдың бұл шешімі қазақстандық құс етін, шошқа және сиыр етін импорттауға қатысты. Айта ке­тейік, қазақстандық құс өнімдерін Қытайға кіргізуге қатысты тыйым 2005 жылдан бері бар. Шошқа мен сиыр етіне шектеулер 2022 жылы мал арасындағы аусыл індетінен кейін күшіне енді.

Қазақстандық импорт қайта жандануы мүмкін, дегенмен Қытай шенеуніктері импорттың қатаң параметрлерін белгіледі. Қазір Қытайға тек екі зауыт 8 мың тоннаға дейін мұздатылған етті жөнелте алады. Шешімде ет импортына арналған квотаның мерзімі көрсетілмеген. Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев Қазақстанның Қытайда басқа жеткізушілердің ет өнімдеріне қатысты қатаң бәсекелестікке тап болғаны туралы айтады. «Біз Үндістанмен және Бразилиямен бәсекелесуге мәжбүр боламыз, олардың өнімдері әлдеқайда арзан, өндіріс шығындары төмен және ұзақ уақыттан бері аяққа нық тұрған», дейді М.Бақтыбаев.

Қазақстандық ет экспортының қайта жандануы 2023 жылы Қытайға астық жеткізудің артуына байланысты мүмкін болды.