Мұса қазір Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжінің соңғы курсында оқиды. Ол оқуын тәмамдағаннан кейін немен айналысатынын жақсы біледі. Қазірдің өзінде Астанадағы бір компанияға барып, сұхбаттасудан сәтті өтіп, ақпан айынан бастап жаздың соңына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Бұл – колледждегі дуалды оқыту жүйесінің арқасында жүзеге асқан ресми тағылымдама. Онда білім алушылар тәжірибеден өтіп қана қоймай, еңбек етіп қаржы да таба алады. Бұған қоса ол еліміздегі белді жоғары оқу орындарының біріне ректор грантын ұтып алған. Осылайша, келесі оқу жылында білімін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде жалғастырмақшы. Академиялық білімін толықтырғаннан кейін де оның келесі қадамы айқын.
Өзі таңдаған салада талабы мен талпынысы биік Мұса секілді жастар көпке үлгі. Өкінішке қарай, қазіргі талапкерлердің дені ұлттық бірыңғай тестілеуде жиған ұпайы кез келген мамандық бойынша грантқа жетсе соны таңдайды. Білмей барған оқуын бітірген соң ғана «не істеймін» деп ойлана бастайды. Оған қызығушылығы болмағаннан кейін дипломдағы мамандығымен жұмыс істемейтіні белгілі. Ал Мұса таңдауына нық сенімді. Алған білімі бойынша болашаққа нақты жоспары бар. Айтпақшы, алғашында ол заңгер болғысы келген екен. 9-сыныпты бітіргеннен кейін 10-сыныпқа қалмай, колледжде оқуға шешім қабылдайды. Мектепте үлгерімі жақсы болған ол еш қиындықсыз оқуға да түседі. «Маған заңгер мамандығы беделді, сенімді әрі жалақысы жоғары мамандық болып көрінді. Сондықтан осы сала бойынша Павлодар мемлекеттік университетінің колледжінде оқуды таңдадым. Басында, бірінші курста өз таңдауымның дұрыс екеніне күмән келтірмедім. Бірақ арнайы пәндер басталған кезде ұнамайтынын түсіндім. Содан кейін шешімімді өзгертіп, мамандығымды ауыстырдым», дейді ол.
Оның айтуынша, дәл осы колледжде оқыған кезең өзіне не қажет екенін, өзін қай салада көргісі келетінін түсінуге көп көмектескен. Кейіпкеріміз ата-анасы мен ата-әжесінің үмітін ақтағысы келетінін айтады. Өйткені олар білімді азамат болудың маңызын балаларының құлағына құйып өсірген әрі жақсы білім алуы үшін барлық жағдайды жасаған. Әке-шешесі Мұса жақсы мектепте оқысын деп оны туған ауылы Кемеңгерден Павлодарға жібереді. Ол мектеп кезінен-ақ физика, математика, информатика, ағылшын тілі пәндерін жақсы оқыған. Ал 12 жасында сыйлыққа алған планшеті заманауи технологияға деген қызығушылығын арттыра түсті. Әрине, бала болған соң, әуелі, ойындарға қалай тегін қол жеткізуге болатынын зерттеген. «Кейбір қолданбалар мен қызметтердің қорғанысы өте күрделі, ал кейбіреулері өте әлсіз», дейді ол. Уақыт өте келе оқушыны дәл осы киберқауіпсіздік мәселелері ерекше қызықтырған. Сөйтіп, мектепте роботтехника үйірмесіне барады. Содан кейін де ол технологиялық мамандықты таңдаған.
Мұса Ақпараттық технологиялар колледжіне ауысқан соң осы бағытты жаны қалайтынын бірден түсінген. Оның айтуынша, таңдау жасағанда мамандықтың беделін емес, адам өз жан қалауын, не нәрсеге қызығатынын, не істегісі келетінін ескеруі керек. Сонымен қатар ол колледжде студенттердің теориялық базаны ғана емес, алған білімін іс жүзінде қалай қолдану керектігін үйретуге көп көңіл бөлетінін ерекше атап өтті. Оның пайымдауынша, тәжірибе жүзінде үйренгендері түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуына ықпал еткен. Талапты жас WorldSkills, BRICS, DigitalSkills сынды халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, чемпион атанған. Ал мұндай сайыстарда бәсекелестік үнемі жоғары болатыны белгілі. Мұсаның тәлімгері Станислав Крыжановский оған жарыстарға дайындалуға көмектесіп, әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп отырған.
Айтпақшы, университетті бітіргеннен кейін ол өзінің туған ауылындағы мектепте кемінде үш жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті. Мұса бұл жауапкершіліктен де еш қашпайды. Керісінше, колледжде көп нәрсені біліп шыққаннан кейін, сол үйренгенін өзгелерге де үйретуді құп көреді.