Оқиға • 04 Наурыз, 2024

Қасқыр соққан апа

2430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балқаш қаласында қасқыр соғып алған 85 жастағы әже тұрады. Жар­ты ға­сырға жуық уақыт аттан түспей, ақтылы қой өргізген Сәкүл Сақ­­бае­ва­ның бұл батырлығын көзкөргендер әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.

Қасқыр соққан апа

Түз тағысын соғып алмақ түгілі, атының өзі үрей ұшырады. Рас, қасқырға жүрегінің түгі барлар ғана қарсы тұра алады. Жасынан ер мінезді болып өскен Сәкүл Әрінқызы жалғыз ағасы Тұрсынға қолғабыс көрсетіп, еңбекке ерте араласқан. Әкесінің ғибратты әңгімелерімен өскен ананың қасқыр соққанына да елу жылдай уақыт болыпты. Сол бір оқиғасын бізге осылай әңгімелеп берді.

«Сол уақытта Ақтоғай ауда­ны­ Жәмші аулының қой шаруа­шы­лығымен аты шығып тұрған кез. 40 жасқа толған шағым. Жолдасым Мұғиын Сақыпбаев екеуміз Сеңкі­бай­дың жазығында қой бағып отырдық. 1974 жылдың 8 қарашасы еді. Әлі ұмыт­қаным жоқ. Әдеттегідей таңғы 7.00-де Мұғиын қойды өріске айдап әкетті. Ойымда ештеңе жоқ, үйрен­шік­ті жұмысым мал суаруға шықтым. Құды­ғымыз шамамен бір шақырым жерде. Иінағашпен су әкеле жатсам, екі қасқыр бұзауды жәукемдеп жатыр екен. Жүгіріп барып, құдық басын­дағы күректі алдым да, соңынан қуа жөнелдім. Аяғымда керзі етік еді. Ауыр болған соң, шешіп тастадым. Қарға да қарамай, жалаң аяқ жүгіріп, жетіп бардым. Сол бір сәтте әкемнің айтқаны есіме орала кетті. «Қасқыр қандай түліктің болсын үстінен қарғыса, тұра алмай қалады. Жарықтықтың сондай тылсым қасиеті бар. Және қасқырдың осал жері – тұмсығы» деген сөзі. Таңғалдым, расымен де, қасқыр әлгі бұзаудың үстінен қарғып өткенде бұзау орнынан тұрмай қалды. Біреуі өкіртіп алқымдап жатыр. Қолымдағы күректің қырымен қақ тұмсығынан ұрғанда, күрек оны балтадай ша­уып түсті. Арлан теріс қарап алып, қар аралас топырақты аяғымен боратып жатыр. Бұзауды, мені топыраққа көміп, үсті-үстіне боратуын тоқтатар түрі жоқ. Бір кезде «Сәкүл» деген дауыс естілді. Мұ­ғиын көріп келген екен деп ойладым. Сөйтсем, Сейдіғали деген кісі баласымен көліктері бұзылып жаяулап келген екен. Ер адамды көрген соң, арлан қашып кетті. «Майлансын, майлансын», деді Сейдіғали аға мені құшақтап. Сол кезде өң мен түстің ортасында тұрғандай болдым», дейді батыр ана.

Қайсар мінезді ана әлгі қасқыр тартқан бұзауды қолма-қол ба­уыздап, терісін сыпырып, сүйегін жіліктеп, боршалап тастапты. Ал қасқырдың терісін сыпырып алып, Сейдіғали ағасының қанжығасына байламақшы болыпты. Бұған ақсақал «Айналайын, өзің соққан қасқыр ғой, өзіңде қалсын» депті. Сөйтіп, Сәкүл ананың қайсарлығы ауыл-ауылға бірден тарайды. Ауыл ақсақалы Зікірия Көпбаев батылдығына риза болып, ауданға хабарлап, журналис­тер шақырып, сүйінші сұрапты.

Батыр ана қасқырдың әйел адамнан қорық­пай­тын­дығына сонда көзім жетті дейді.

«Ер адам болмаса, менен қаймы­ға­тын түрі жоқ. Және сол кезде Бақытгүл деген қызыма аяғым ауыр еді. Қасқыр соқ­қан ананың сүті тартылады дегенді естіп уайымдадым. Бірақ сүтім қайт­қан жоқ. Одан кейін де құрсақ көтер­дім. Кенжем Әлібекті 1990 жылы дү­ниеге әкелдім. Қасқырды Сейдіғали ағаға қанжығаңызға байладым деп берген едім. Ол кісі өзің соққан қасқыр өзің­де қалсын деді. Баласы үйленгелі жатқан. Бір ту қой мен бір қарын май салып бердім. Қасқырдың терісін Зікірия ағатай бала­ларды оқуға әкеткенде қалаға апарып, ақшасына өткізіп келді», деп жалғады Сәкүл Әрінқызы әсерлі әңгімесін.

Тағдыр түрлі беріледі. 1989 жылы асыл жары Мұғиын ақсақал дүние салады. Сәкүл ана жетінші балаға аяғы ауыр кезінде жесір қалады. Бірақ бойын­дағы қажыр-қайратымен жеті баласын ешкімнен кем қылмай жеткізеді. Бір өзі ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Жеті баласынан немере-шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Кезінде көрген бейнетінің зейнетін ұрпағының ортасында ризашылық­пен өткеріп отыр. Қазір әуле­тінің мәуелі бәйтерегі, ақ­жау­­лықты анасы.

Тіл көз тасқа дейік, жасы 85-ке келсе де, қимылы ши­рақ. «Кезінде кетпен, күрек ұстап, еңбек еткеннің арқасы», дейді өзі.

 

Қарағанды облысы