Тағзым • 05 Наурыз, 2024

«Алаш идеясы – мәңгілік идея!» Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ұлықталды

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Алаш арысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 158 жыл толуына орай, Alash.kz ұлттық порталының ұйымдастыруымен Астанадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Алаш идеясы – мәңгілік идея!» Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ұлықталды

Фото: Зарина Әшірбек, Facebook

Салтанатты іс-шараға «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, Әлиханның шырақшысы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, қоғам қайраткері, ақын Көпболсын Бекмағанбет, алаштанушы ғалым Қайырбек Сәдуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист Нақыпбек Сәдуақасов, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхамеджан Болысбек, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері, Астана қалалық мәслихат депутаттары, Алаш арысының Ақтоғайлық жерлестері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп ұжымы мен оқушылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Зарина Әшірбек

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінің алдында еліміздің бірнеше құрметті азаматтарына сөз берілді.

«Төре тұқымында қазақтың қақы бар, тірі болсам қазаққа қызмет жасамай қоймаймын», деген Әлихан Бөкейхановты қандай да бір азап та мойыта алмағанын тілге тиек еткен ардагер Өмірзақ Озғанбаев: «Ұлыларымызды ұлықтау елдіктің белгісі. Әлихан Бөкейхановты ұлықтау еліміздің аумағында жалғасады. Ұлы адам әруағымен желеп-жебеп жатқай», деді.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ұлт көсемінің ұстанымдары туралы тоқталып өтті:

  • Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болу тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек.
  • Екінші ұстанымы – Алаш жерінің үстіндегі, астындағы, көгіндегі барлық байлық қазақа қызмет етуі тиіс. Яғни, Бөкейхановтың сөзімен айтқанда, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс».
  • Үшінші ұстанымы – қазақ жерінде өндірілген әр бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған.
  • Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлтарға қарағанда үстем болуы керек дегенге саяды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын. Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек.

«Кеңес үкіметі қанша қысса да, сол кезеңде де Алаш қозғалысы тоқтаған жоқ, қар астыңдағы көктемгі қызыл су сияқты жүріп жатты. Сондықтан Алаш идеясы – мәңгілік идея!», деп түйіндеді сөзін Тұрсын Жұртбай.

Іс-шара барысында Әлихан Бәйменов те сөз сөйледі.

«Қазақтың бодан болған ең төменгі кезеңінде дүниеге келген ұлы Абайдың идеяларын Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлері саяси деңгейде жалғастырып келді. Олар бүгінгі күнгі бойымыздағы тәуелсіздікті нығайтуға деген ұмтылыстың негізін қалап, ұлтты қайтадан жандандырды. Қазір біз осы кісілер армандаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз», деді Әлихан Бәйменов.

Жиналған қауым ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.

Зарина Әшірбек

Ұлт көсемін ұлықтау іс-шарасы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖБО мектеп-лицейі ғимаратында жалғасын тапты.

Әуелі, мектеп әкімшілігі ұлт көсеміне арналған музей ішіне саяхат ұйымдастырып, қонақтарға танымдық-ақпарттық мағлұматтар берілді. Содан соң, оқушылардың шағын концерттік бағдарламасы тамашаланды.

Одан бөлек «Рухани тағзым» атты сұхбат-кездесу өтіп, оған алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, Әлиханның шырақшысы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы, Оралбек Жүнісұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұл, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ардақ Қайырқызы, «AMANAT» партиясы Астана қалалық саяси бөлімінің консультанты, ақын Әбдіғани Бәзілханұлы, «Ақжол» партиясының Қарағанды қалалық мәслихатының 7-ші шақырылымының экс-депутаты Бейбіт Оспанұлы, «Қазақ» радиосының ардагер дикторы Күләш Молдахметова, ұлт көсемінің туған жері Ақтоғайдан келген зейнеткер ұстаз Назима Байсеркина қатысып, оқушылар мен қонақтарға Әлихан Бөкейхан туралы әңгімелеп, рухани әсер үстеді.

Іс-шара «Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық күрескері» атты танымдық деректі фильмді тамашалаумен аяқталды.