Қоғам • 08 Наурыз, 2024

Қайырымдылықты ту еткендер

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аналық инстинкт – әлімсақтан жомарттыққа жақын. Хауа анадан жалғасқан адамзат анасы да сондай. Ана деген үш әріптің ең негізгі сипаты – мейірім. Ал мейірім, жомарттық, сақилық бәрі де анадан даритын асыл қасиеттер екені рас.

Қайырымдылықты ту еткендер

– Азық-түлікке шынайы мұқтаж адам­дарға үйімдегі тамағымды апарып бер­ген де кездерім болды. Мен кәсіпкер емес­пін, университетте сабақ беретін оқы­тушымын, – деп бастады әңгімесін «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қол­дау орталығының директоры Ләззат Қожахметова ханым.

Дәл осы кезде менің ойыма ертеректе әжем айтып берген бір оқиға орала кетті. «Баяғы заманда, бір ақсүйек ашаршылық болыпты, – дейді әжем тағы бір тағылымды әңгімесін бастап. – Сонда бір бейбақ әйел абдыраның түбінде қалған жалғыз тілім нанын алып енді жей бергенде үйге бір жас бала еніпті. Әлгі бала алақанын жайып, «шешей, наныңыздың бір түйірін беріңізші» деп жалбарынады. Әйел өзінің өзеуреп отырғанын ұмытып, қолындағы нанын балаға ұстатыпты. Сол жомарт әйел бір күні баласын алып, отын жинауға ор­манға барады. Ормандағы анталаған аш қасқыр баланы ала қашады. Зар жылаған байғұс ана қасқырдың ізіне түсіп, ұзақ жол жүреді. Бірнеше бел асқан соң артына бұрылып қараған бөрі ананың бұл қайсарлығы мен аналық мейіріне таңғалып тұрып қалады. Бір құдірет арбағандай бөрі баланы аман-сау қалдырып өз жөніне кете барады».

Бұрынғының бұл аңыз-әпсанасы мен жазушы Фёдор Михайлович айтты дейтін «сұлулық пен мейірім – әлемнің құтқарушысы» деген сыңайдағы тәмсілі үндесе кеткендей. Ананың мейірімі мен жомарттығын дала тағысы қасқыр екеш қасқыр да жеңе алмапты. Дүниеде ананың жомартығы жоғалмаса, одан өткен жойқын күш жоқ шығар, сірә?

Қазір елімізде қайырымды қыз-келін­шектердің қатары көбейіп келеді. Сон­дай жомарт аналардың бірі жоғарыда аты аталған – Ләззат Қожахметова.

– 2019 жылдан бастап қайырым­ды­лық­пен айналыса бастадым. Астанада 5 қыз бала өртеніп қайтыс болды. Сол кезде жер-жерде көпбалалы аналар бас көтерді. Мен Қарағандыдағы аналардың басын қосып, WhatsApp-тан чат құрдым. Жоғарыға хат жаздық. Соның аясында «Тал бесік» аналар ұйымын құрдым. Содан кейін Қарағандыда отбасын қол­да­йтын 4 орталық аштым. Үшеуі – аудандарда. Оның бәрі мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылды, – дейді ол.

Қарағанды облысында 6 мың көпбалалы отбасы бар. Оның 2 мыңға жуығы – «Күміс» және «Алтын алқа» иегерлері. Олардың әлеуметтік, психологиялық жағдайын реттеуде «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы мен «Ана-Мама» қоғамдық қорының маңызы зор. Мәселен, аталған аналарды қолдау орталығы пандемия кезінде 4 мың адамды азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Бұған облыстық әкімдік те атсалысқан көрінеді.

– Біз кәсіпкерлерден қайырым­ды­лық­ты ақшалай алмаймыз. Аналарға да ақшалай бермейміз. Тізімін береміз, кә­сіп­керлер сол тізім бойынша қайы­рым­дылықты өздері жасайды. Осы­лай­ша, кәсіпкерлердің сеніміне ие бол­ғаннан кейін бізге үй әпереміз деген кәсіпкерлер келе бастады. Оның ішінде құрылыс компаниялары мен зауыт-фабрикалардың басшылары бар. Сөйтіп, біз жыл сайын 7 көпбалалы отбасына үй алып беруді қолға алдық. Бес жылда барлығы 35 отбасы баспаналы болды. Бізге республикалық «Асар-уме» қайырымдылық қоры көп қолдау көрсетті, – дейді «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры.

Ләззат ханымның айтуынша, қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдайтын мемлекеттік бағдарлама көп. Тек соны қарапайым халық игілігіне жарата алатындай экономикалық сауат­тылық қажет. Яғни «балық берме, қар­мақ бер» деген қағида ғана шынайы қа­йы­рымдылық, ал азық-түлікпен кө­мек­тесе беру масылдыққа үйретеді.

– Қайырымдылық – жоқ-жітікке азық-түлік беру емес. Бір пакет тамақпен мәселе шешілмейді. Сол себепті жыл сайын үйде отырған аналардың кәсіп ашуына жағдай жасауға тегін шеберлік сабағын өткіземіз. Оның ішінде сән салоны, кондитерлік өнімдер дайындау, аспаздық секілді курс­тар бар. Курстан өткен соң кәсіпкерлерге жұ­мыс­шы ретінде ұсынамыз. Бұған қоса шағын кәсіпкерлікті қолдайтын 1 млн-нан 5 млн-ға дейінгі мемлекеттік қай­тарымсыз гранттарды ұтып алуға көме­ктесеміз. Бұл, әсіресе, жұмыссыз, табысы төмен жандарға арналған, – дейді Л.Қожахметова.

Кейіпкеріміз көпбалалы, жалғыз­ілік­ті, жағдайы төмен аналарға үй кезегіне тұру, балабақшаға жеңілдікпен бала апару, тегін үйірмелерге ілестіру және тиісті заңгерлік, психологиялық қолдау көрсетеді екен.

Бүгінде Қосшы қаласының қос жомарт қызының игі істері көпке үлгі боларлық. Олар – болмысы нәзік болғанымен, рухы асқақ Сайра Әйтенқызы мен Шолпан Ғажайыпқызы. Кәсіп­кер әрі меценат ханымдар жаңа құрыл­ған Қосшы қаласының қаншама жыр­тық-тесігін жамауға себепкер болыпты. Мұны сондағы жұрт та аса ризашылықпен айтады. Олар көбінесе көпбалалы аналардың балаларын мектепте және балабақшада тегін оқуына көп қолғабыс етіп келеді. Сонымен қатар білім және мәдениет саласына да қытымырлық қылмайтыны бар.

«Теңіз дәмі – тамшысынан» дегендей, бұл еліміздегі қайсар да қайырымды қыздардың бір парасы ғана. Мұндай асыл аналар еліміздің қай қиырынан да табылатынына таласымыз жоқ.