Жемқорлық • 12 Наурыз, 2024

Парақорлықтан қайтсек құтыламыз?

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл қаңтардың соңына таман сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және дүние жүзіндегі сыбайлас жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі халықаралық «Transparency International» ұйымы былтырғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің нәтижелерін жариялады. Онда Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орынға ие болып, позициясын 8 тармаққа жақсартыпты. Бұл елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын аңғартса керек.

Парақорлықтан қайтсек құтыламыз?

Алайда қоғам тарапынан батыл айыпталып, әшкереленіп, тиісті мем­ле­кеттік орындар ашық күрес жүр­гізіп жатқанына қа­рамастан, елі­мізде жемқорлық көрі­ніс­тері тыйыл­май, керісінше әділеттілік, елдік, тұтас­тық сынды құндылықтарды жегі құрт­тай жалмап бара жатқаны қатты алаң­да­та­ды.

Қоғамды індеттей жайлаған сыбай­лас жемқорлықтың ауыр бір саласы – па­рақорлық. Парақорлық – елдің дамуы­на кедергі келтіретін кертартпа кеселдің бірі. Жемқорлық, парақорлық етек алған жерде әділдік пен шындыққа, ізгілік пен адамшылыққа орын қалмайды.

Классикалық басқару үлгісіне жетіп, өркен жайып отырған қай мем­ле­кетті алып қара­саңыз да жаппай жемқорлық атаулыдан ада. Үкіметінің бұл жегі құртпен күресі де күшті, хал­қының парақорлыққа деген нөлдік төзбеушілігіне де тәнті боласың.

Ал бізде ше? Бізде баланың да, параның да алғашқы қадамы перзентханадан басталады демеске шараң жоқ. «Қолы жеңіл болсын» деп хирург, акушер-гинекологтерді байытып жатқан да өзіміз. Біз үшін ақшаны біреу астыртын келіп беріп кетіп жатқан жоқ. Бұл ретте біржақты қарауға тағы болмайды. Акушерлердің кейбірі ымдап ыңғай танытса, кейде алғысы келмеген адалдығына қарамай, жабыса кетіп қалтасына тықпалайтын тағы өзіміз. Сөйте отырып, қоғамда қалыптасқан «бізде ақшасыз еш тірлік бітпейді, шешілмейді» деген кереғар көзқарастың өміршеңдігіне өзіміз «үлес» қосып келеміз.

Балабақшаға балаңды орналастыру, мектепке мұғалім болып жұмысқа тұру машақатының да төресі тағы да – парақорлық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми интернет-ресурсын ақтарып шықсаңыз, жаңа­­лықтар тізбегіндегі парамен ұстал­ған, сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінгендердің ішінде білім саласына қатыстылардың қатары басым. Құдды бір осы сала басшылары білім­ді жүйелеумен емес, өз «тірлігін шешу­мен» айналысып кеткен бе дерсің. Жуыр­да ғана Талдықорған қалалық білім бөлімі есепшісінің екі миллиард теңгені «жан­сыздарға» жалақы етіп беріп, қазы­надан қаржы жымқырғаны жұрт­шы­лықтың ғана емес, жемқорлыққа қарсы күресетін күштік құрылым өкілдерінің де жағасын ұстатты. Бұл енді сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілер. Ал пара түріндегісін де аз деп айта алмаймыз. «Антикор» ондайлардың талайын әшкереледі.

Жуырда бір өңірге сапарлап бар­ғаны­мыз­да бір дүкендегі сатушысы мен оның танысының әңгімесін құла­ғымыз шалып қалды. Дүкеншінің айтуынша, сол қаладағы жаңадан ашыл­­ған мектепке мұғалімдерді қатаң кон­курспен қабылдап жатыр екен. Онысына ішіміз жылып қалды. Алайда дүкен сатушысының қарындасының ол конкурсқа қатыспай-ақ, 2 мил­­лион теңгемен сол мектептің мұғалімі атан­ға­нын естіп, көңіл құла­зы­ды. Елімізде ұрпақ тәрбиесі мен ұлттың бола­ша­ғы сеніп тапсырылған салада асқан сақ­тықпен әрі парасатпен шешілуге тиіс нәрселердің парамен шешіліп кетіп жат­қаны қынжылтады.

Елімізде тек білім саласы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық былығына батып жатыр деуден аулақпыз. Ұрпақты адал еңбегімен, таза арымен тәрбиелеп отырған мұғалімдер де баршылық. Алай­да құзырлы органның ресми интернет-ресурсынан қоғамның кез келген саласына қатысты сыбайлас жемқорлық, пара­қорлық, алаяқтық фактілерін табуға болады.

Қай өңірдің болсын жол құры­лысы мен автомобиль жолдарына қа­тыс­ты басқармасы басшыларынан жол­дың сапасы неге ұзаққа шыдамайтынын сұра­саң, оның себебін көліктік бақылау ко­митетінің қызметкерлеріне әкеліп ті­рей­ді. Яғни олар көп жағдайда ауыр жүк көліктерінің нормадан тыс салмақ артпауы­на, күн күрт ысып кетіп, асфальт жұм­саратын күйге жеткенде олардың жолда жүруіне шектеу қоймайтын көрінеді. Қыс­қасы, жүргізушілер оның бәрін көз қысты, бармақ басты әрекетпен «ше­шіп» кетеді екен. Осыдан кейін жол са­пасы туралы кімнен, не сұраймыз? Жаңа салынған кейбір жолдың да жайы қа­был­дағандардың қағазында ғана қант­тай. Айналып келгенде тағы өзімізге ке­ліп тіреледі. Пара сұрайтындарға бере­тін де, алмай­тындарға алуды үйре­тетін де өзіміз.