Қоғам • 12 Наурыз, 2024

Әселдің әлемі

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғи болмысы мен кәсібі астасып, екеуі бір бума бұрымдай өріліп кеткен адамдар болады. Әрине, олай болуға ер жігітте мүмкіндік мол. Оған өз қалауын жасауға кедергі жоқ. Мұндай мағыналы жағдай нәзік жандар арасында тым сирек. Себебі шаңырақ шаруасы мен бала табу және оның тәрбиесі бар. Сол сиректің бірі – ҚазЖолҒЗИ ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әсел Нұғманова, деп жазады Egemen.kz.

Әселдің әлемі

Халықаралық әйелдер күні мерекесінің мәртебесіне лайықты жан іздегенде ойымызға Әселдің сөздері оралды. «Отағасыдан бір қадам артта, бір баспалдақ төменде болсын дегенмен, ердің қаруын асынып, қаламын ұстауға, жолын басып, ісін жалғастыруға қазақта қызға тыйым жоқ қой!» деген еді бір жолы. Бүгінде ҚазЖолҒЗИ ғылыми-зерттеу орталығына басшылық етіп отырған Әсел Нұғманова тең құрбыдан тәрбие мен білімі асып, гимназияны «Алтын белгіге» аяқтады. Тау көтерер талаппен ілім мен білімнің соңына түсіп, ғылымның түп тереңіне «құнықты». Сөйтіп жүріп ғұмырлық хоббиі де ғылым жолы екеніне көзі жетті. Бүгінде философия ғылымдарының докторы. Академиялық дәрежесі – PhD.

а

Ұлыбританиядағы Ливерпуль университетінде құрылыс инженериясының қыр-сырына қанығып, 2014 жылы үздік бітірді. Бір бұл емес, Назарбаев Университетінде инженерия саласындағы басқару менеджменті бойынша магистр дәрежесін алды. Тұманды Альбиондағы Куин Мэри университеті, Ұлыбританияның ғылым және инженерлік негізгі курстарын үздік бағамен тәмамдады. Заманауи жолдың құрамы мен сапасын зерттеп, зерделейтін талай зертханада уақытын өткізіп, ұлтына қажет көп жаңалық тапты.

Ғұмыр жасы екінші мүшелін толтыруға таяғанда ел-жұртына қызмет қылар кезі келгенін сезді. Белді бекем буынып, үлкен тәуекелмен Қазақ жол ғылыми зерттеу институтына барды. Мамандығы бойынша қызметке тұрып, 2018 жылға дейін Автомобиль жолдары мен көпір құрылыстарын диагностикалау бөлімінің жетекші инженері болып қызмет етті. Саладағы ізденіс пен санадағы сілкініс сол жылы оны Берлин Техникалық университетіне қызметке әкелді. Сөйтіп, Еуропадағы белді білім ордасында жоба менеджері және зерттеуші ретінде еңбек жолын жалғастырды. Ол жақта техникалық және әкімшілік құжаттама жүргізді, «Орталық Азияда экологиялық тұрақты транспорт жүйесін зерттеу» атты халықаралық жобаға қатысты, Еуропа транспорт жүйесін зерттеді және еліміздегі «Тұрақты көлік жүйесі» тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Елге келіп Назарбаев Университетінде жоба басқарушысы, ғылыми зерттеуші болып жұмыс істегеннен кейін, қызметтік жолы ҚазЖолҒЗИ-ға қайта бұрылды.

Басшылықтың ұсынысымен «Жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар» департаментінің жетекші инженері болып жүріп, қысқа уақытта ілімі мен білімінің, білігі мен тәжірибесінің нәтижесінде аталған ведомствоның директорлығына тағайындалды.

Еңбегің еленіп, шаршы топтың алдында сөз алып, ел құрметіне бөленіп жүру де бір ғанибет. Ғылым мен қызметтің тізгінін тең ұстаған Әсел қарымды қабілетінің арқасында Ұлыбританиядағы Teaching Excellence академиясынан ғылыми зерттеу дағдылары туралы арнайы біліктілік сертификатын алған. Harvard Project Asia (HPAIR) стипендиаты. Сондай-ақ Назарбаев Университеті мен Пенн Стейт Университеті бірлесіп жүргізген жаһандану және инженерия курсын бітіріп алған сертификаты да – мол білім мен қажырлы еңбектің жемісі. Өз еңбегінің жемісті нәтижесінен мотивация алып, биікке өрлеп бара жатқан Әселдің қызметтік жолы алаштың әрбір ару қызына анық үлгі.

Жетісу өңіріне елеулі қызметімен танылған Шернияз Нұғманов – Әселдің атасы. Ақсақал өткен ғасырдың 70-80 жылдары аймақтағы атақты «Киров» шаруашылығында партия комитетінің хатшысы болды. Одан кейін Панфилов ауданындағы «Красный Восток» ұжымшарының төрағасы қызметін атқарды. Қазір аталған ауданның «Құрметті азаматы». Оған қоса сол кезеңде аудандық және облыстық мәслихатта депутат та болды. Атаның абыройы балаға әрі бедел, әрі жауапкершілік. Әсел екінші міндеттің үдесінен шыға алғандай.

Бүгінде ізденімпаз жас бастаған топ жаңа жол технологияларын енгізу бойынша заң жобасын қайта өңдеп, тың технологиялар реестрін құру және техникалық кеңес ережелерін әзірлеп болды. Сонымен қатар көлік саласының тұрақты дамуы туралы және жол құрылысы материалдары саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастырып жүр. Екі балдырғанын тәрбиелеп, отбасы құндылығын да қалыптастырып келеді.

«Әйел бақыты» деген ұғым әр әйел үшін әртүрлі болуы мүмкін. Өйткені бақыт пен қанағаттану сезімі жеке тәжірибе мен құндылықтарға байланысты. Кейбір әйелдерге бақыт отбасын құрып, бала өсіру болса, келесі біреуге кәсіби жетістік немесе шығармашылық табыс қуаныш сыйлайды. Ал басқалары үшін бақыт дербестікте, өзін-өзі тану процесінде, саяхаттау, қоғамдық қызметте немесе басқа да жеке қызығушылықтар мен құмарлықтарда болуы ғажап емес. Біле білгенге абыройы мен адамдығы, білімі мен білігі үйлесім тапқан әр қыз – елдің құты, әр ошақтың оты», деді Әсел.