Қоғам • 12 Наурыз, 2024

Балаларды ширататын орталық

102 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 0–17 жас аралығындағы мүгедектігі бойынша тіркеуде тұратындардың қатары артып барады. 2010 жылы мүгедек есебінде тіркеуде тұрған балалардың саны 49 349 болса, 2022 жылғы деректе 104 260 адамға жеткен. Төбе құйқаңды шымырлататын цифр. Өкі­ніштісі, жыл өткен сайын ерекше балалардың қатары артқанымен, оларға ем-дом қондырып, медициналық көмек көрсететін оңалту орталықтары тек мегаполистерде ғана бар. Батыстағы өңірлерден баласын бас қалаға, болмаса Алматыға апарып емдету ата-анаға ауыр тиетіні анық.

Балаларды ширататын орталық

2021 жылы 13 131 балаға алғашқы мүгедектік диагнозы қойылған. Яғни бір жыл ішінде 13 мың бала елдегі мүгедектігі бар адамдар қатарын толық­тырды деген сөз. Тар құрсағын кеңітіп, алпыс екі тамырын идірген нәрес­тесі­нің жарық дүниеге он екі мүшесі кем келуінен асқан сынақ жоқ шығар ата-анаға. «Басқа түссе, баспақшыл», әрине, өз қа­ғынан жерімейді, қанатын жалынға шалдырған қарлығаштай балапанын қорғаудың қамында қандай қатерден де тайсалмайды. Құрсағындағы шаранасы өмірге кем болып келген қызылордалық батыр ана Бақытгүл Балмаханованың арқалап жүрген сынағы – сөзімізге дәлел. Дүниеге келген сәбиінің жарық әлемде он күн жатып пышаққа түсуі оңай ма? Оң жақ қолы мен аяғы тумысынан семіп, қимылсыз өмірге келген ұлының жүруі үшін анасы 12 жылдан бері ұлы мұратын арқалап келеді. «Ұлың жүре алмайды» деген қасаң түсінік пен кесірлі ұғымның күл-талқанын шығарған орталық туралы айтқанда, көзіне мөлтілдеп жас тұнды. Мұны бір мүшел уақыттан бері өздігінен жүріп-тұра алмайтын бала­сының аяғын нық басып, тіпті бокс­пен шұғылданып жүргеніне қуанған ана жүрегінің мейірімі деп түсіндік.

«Біз Астана қаласына Қызылорда облысынан көшіп келдік. Ұлымыз Ер­нұр осы «Жас жауынгер» орталығына төрт жылдан бері тұрақты келеді. Өзім үш баланы өмірге әкелдім, Ернұрдың алдындағы екі әпкесінің дені-қары сау. Үшіншіміз балалардың церебралды сал ауруы (ЦСА) диагнозымен туды. Шаранадан шыққаннан-ақ арнайы құрылғыда он күн жатып, бірден операция жасалды. Шымкент қаласында дәрігерлердің біліктілігі арқасында ұлымның жүрегі мен өкпесі тұсындағы жыртылған үлбір перде тігілді. Мұндай операциядан кейін баламның аман қалуы неғайбіл дегендер де табылды. Қай ана баласының амандығын тілемейді, он екі мүшесі сау болып өмір сүргенін қаламайды? «Балаң адам болмайды» дегенді айтқандарды да кезіктірдік. Бірақ мен тұманның арасынан алып шығар үміт сәулесінен күдер үзбе­дім. Өйткені анам: «Осы балаңды ем­де­туден қажыма, түбінде жазылады», деп қамшылап отырды. Бір жыл бойы жолдасым екеуміз қаржы жинап, Астана қаласына ем-дом алуға әкеле­міз. Сауықтыру орталығында емделіп, Қызылордаға қайтушы едік. Кейін ұлымыздың қамы үшін Астанаға қоныс аудардық. Ернұр ұлымыз төрт жыл бұрын клубқа келгенде оң аяғы мен қолы мүлде қимылсыз еді. Емдету үшін қаншама медициналық орталық, аурухана есігін тоздырдық. Бірақ осы орталыққа келгелі баламыздың қимылсыз аяқ-қолына жан кірді. Қазір өзі аяғына тұрып, қадам басып, бокспен шұғылданады. «Анашым, мен өскенде Геннадий Головкин секілді даңқты бокс­шы боламын, өзіңізбен бірге әлем­ді аралаймыз», деп көңілімді өсіріп қоя­ды», дейді Б.Балмаханова.

Тірек-қимыл қозғалысы шектелген, сал болып туған балалардың қадамын нық бастырып, спортқа баулып келе жатқан «Жас жауынгер» бейімдеу ор­талығы 2018 жылы құрылған. Жетек­шісі Садық Байымбетов ерекше балаларды қоғамнан бөлектеу олардың жігерін құм етіп, одан бетер жанши түседі дейді. «Жас жауынгер» орталығына келуші ерекше балалардың кешкі жаттығу жиы­нын өзіміз де барып тамашаладық. Отырса, тұра алмайтын аяқ-қолы сал балалар бір-екі жылдық жаттығудан кейін ішкі қайратының арқасында қадам басып, өз бетімен жүрудің қандай бақыт екенін сезінген. Ата-анаға баласының шадыман көңілін көргеннен асқан махаббат бар ма?

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының бұрышынан бұйырған залда балалар жаттығуға кіріс­ті. Атшаптырым аумаққа төселген кілем­нің екінші жақ шетінде он екі мүшесі сау кәсіби спортшылар да шұғылданып жатыр. Бұл кездейсоқтық емес, ерекше балалар кәсіби спортшылардың жаттығуды қалай жүргізетінін көріп, өзін қайрай түседі. Ал кәнігі спортшылар ерекше балақайлардың табандылығы мен қайсарлығына қарап бойын тіктейді. Садық Байымбетовтің де ұстанымы  осы. Ерекше балаларды қоғамнан бөлек­теп ұстауға әсте болмайды. Олардың да бұл өмірден алар несібесі бар екенін дәлелдеп келеді.

«Медициналық емдеу-сауықтыру орталығында ем алу курсы үш ай мер­зім­де жүргізілуі мүмкін. Одан кейін бала кезегін келесі жылдан күтеді. Ара­дағы үзілісте сырқаты қайта сыр беруі мүмкін. Ал біздің орталықта аптасы­на үш мәрте жыл он екі ай жаттығу жүр­гізеді. Аяғына нық тұрып, қолын бүге алмайтын балалардың қимылға келуіне осы үздіксіз жаттығудың тигізер пай­дасы өте мол. Біздің бапкерлер күн­діз жеке шаруасын, өзінің ресми қызме­тін атқарып келеді де, кешкісін осы бала­лардың болашағы үшін жаттығу өткі­зеді. «Балаңды аясаң, аяма» деген, сырт көзге біздің даусымыз өктем шық­қаны балаларға жекігендей болып сезілуі мүмкін. Бірақ спорт қайсар­лыққа, ептілікке, шыдамдылыққа үй­ре­теді. Аяушылық сезімін тудырып, мүсіркей беру оларды боркемік етіп жібереді. Бұлар орталыққа спортпен шұғылдануы үшін өз аяғымен жүріп, қолын қимыл­датуды аңсап, армандап келді. Мақсатына жеткендері қан­шама. Өкініш­тісі, бізге баласын арқалап, арбаға таңып әкелетін ата-ана­лар­дың қатары жылдан-жылға артып жатыр. Бүгінде «Жас жауынгер» орта­лығында 80-ге жуық ерекше бала жаттығу жасайды», деді С.Байымбетов.

Сонымен қатар бапкер «Жас жауынгер» орталығы еліміздің сегіз қаласында ашылып, ерекше балаларды спортқа баулып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Әрине, бүтіндейтін тұсы, кем-кетігін толтыратын дүние әлі де жетерлік. Балаларды спортқа баулитын бапкерлердің біліктілігін арттыру – бірінші кезектегі мәселе. Одан кейін залдың тарлығы да қысқа жіпті күрмеуге келтірмей отыр. Себебі спортпен шұғылданғысы келетін ерекше балалардың қатары тым көп. Ал олардың бәрі ширауы үшін жаттығу залдары ауа­дай қажет.

Орталықтың игі дәстүрінің бірі – тұсаукесер. Кәдімгі қазақтың жөн-жо­ралғысымен жүру бақытына ие болған балақайлардың тұсауы кесіліп, алғашқы қадам басу сәтін мерекелейді. Алты жылдың ішінде 50-ден аса ерекше баланың аяғына ала жіп байланып, белгілі тұлғалар жолымызды берсін деп жөн-жоралғысын жасапты. Ерекше балалар спорттың арқасында шет мемлекеттерге де жиі саяхаттап тұрады екен. Біріккен Араб Әмірліктеріне бірнеше бала барып келіпті. Алда Түркия еліне аттанбақ. Мұндай мүмкін­дік пен орайлы сәтті кәсіпкерлер туды­рып отыр. Орталыққа ата-ана баласын тегін қатыстырады. Ерекше балалар­ды спортқа баулуды қолға алған ұжым бүгінде «Қазақстан халқына» қоры­мен меморандум жасасқан. «Жас жауын­гердің» сегіз қалада бөлімшесі ашылып, ерек­ше балаларды спортпен шыңдап келеді.

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мұндай орталықтардың көптеп ашылуы ерекше балалардың бойындағы сенім отын маздататынын айтады.

«Жас жауынгер» клубындағы бапкер­лердің балаға деген сүйіспеншілігі мен мейірімділігі, қамқорлығы айрықша. Орталыққа келетін балалардың көзіндегі ұшқынды көргенде рухың оянады. С.Байымбетов секілді сауапты істі атқа­рып жүрген азаматтарға қашанда қолдау қажет. Спорт терапиясын тереңдей сіңіретін мұндай бейімдеу орталығынан қамқорлықты аямау керек», дейді депутат.