Өндіріс • 13 Наурыз, 2024

Кәсіптік аурулар институты қайта жанданады

126 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел аумағында көмір, тау-кен, металлургия, мұнай-газ және химия өнеркәсібінің ірі өндірістік кешендері орналасқан. Бірақ әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың деңгейі өндірістік күштердің қуатымен, техникалық жарақтандырумен ғана емес, көбіне халықтың жұмыс істейтін бөлігінің денсаулық жағдайымен байланысты. Сондықтан зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсету үшін Кәсіптік аурулар институтын қалпына келтіру өзекті.

Кәсіптік аурулар институты қайта жанданады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Статистика жөніндегі өкі­летті органның мәліметінше, өнер­кәсіптік кәсіпорындардың 1,6 миллион қызметкерінің 400 мыңға жуығы немесе әрбір төртіншісі зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Мәселен, Қарағанды об­лысында – 74 731, Павлодар об­лысында – 46 039, Шығыс Қа­зақстан облысында – 37 020, сон­дай-ақ Маңғыстау облысында 31 919 адам осындай қо­лайсыз ортада еңбек етіп жүр. Ауыр дене жұмыстарының кең таралуы, еңбек және демалыс режімдерінің бұзылуы кәсіп­тік сырқаттанушылыққа ұла­сып, еңбекке қабілетті жаста­ғы адамдарға әсер ететін созыл­малы патологияның қалып­тасуы­на әкеледі. Кәсіптік ауру­лар­дың негізгі бөлігі жал­пы сыр­қаттанушылық құрылы­мында жасырылып, еңбек үдерісін­де денсаулығы бұзылған жұмыс­керлер тиісті медициналық көмек пен әлеуметтік өтемақы алмайды.

Жұмысшылардың денсау­лығын сақтау мәселелерінің маңыздылығын толық түсінбеу саладағы түрлі реформадан, өнеркәсіптік медициналық-санитарлық бөлімдердің бас­тапқы буыны мен цехтың қыз­мет қағидалары функцияларын аумақтық медициналық меке­мелерге бере отырып жоюдан, кәсіп­тік патология бойынша кадр­лардың жетіспеушілігінен және саланы коммерциялан­дырудан басталады. Санитар­лық-эпидемиологиялық қызметті қайта ұйымдастыру, өнеркә­сіп­тік гигиена мәселелері бойын­ша бақылаушы функция­ның болмауы, жұмыс орындарын аттестаттаудың сапасыз жүр­гізілуі салдарынан кәсіптік тәуекелдерді бағалау, зиянды және қауіпті өндірістік факторларды айқындау, сондай-ақ аурудың еңбек міндеттерін орын­даумен байланысына са­раптама жүргізу мүмкін емес. Өнеркәсіптік гигиена, денсау­лықты сақтау және қалпы­на келтіру саласында пәрмен­ді сая­сат­тың болмауы, жұмыс­шы­ларға медициналық көмек көрсетудің жетілмеуі өндіріс­терде сырқат­танушылық пен мүге­дектіктің ұлғаюына, экономи­калық шы­ғындар мен әлеуметтік проб­лемаларға әкелетіні белгілі.

Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институты 2018 жылы клиникалық практиканың, медициналық білім берудің және ғылыми қыз­меттің үштұғырлығын іске асыру мақсатында Қара­ған­ды медициналық универ­сите­тіне берілген. Қазір ол жұмыс­шылардың денсаулығын сақ­тау мақсатында еңбек жағдай­ла­рының адам ағзасына әсе­рін зерттеуді және кәсіби ауру­лардың алдын алу мен емдеуді жүзеге асырады. Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фрак­циясының мүшесі Ар­ман Қалықовтың айтуынша, қоғамның негізгі өндірістік күші халықтың экономикалық белсенді бөлігі болғандықтан, Кәсіптік аурулар институтын қалпына келтіруге тиісті маңыз берілуі қажет. Қазірде елі­міздің медициналық универ­ситеттерінде кәсіптік патология кафедралары жабылған, ал институт – бүкіл ел бойынша кәсіптік патолог-дәрігерлерді даяр­­лау мен оқытудың базасы.

«1958 жылы құрылған жалғыз Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ғылыми зерттеу институты бірнеше рет қайта құру біздің өнеркәсіпке сараптамалық қолдау көрсете алмайды. Оған қоса институт – медициналық университеттің құрылымдық бөлімшесі, ал оның Шымкент, Ақтөбе қалала­рындағы филиалдары жа­былған. Институттың тағдыры да осылай аяқталуы мүмкін. Бұл күрделі еңбек жағдайында жұмыс іс­тейтін адамдарға медициналық көмек көрсетудің сапасына түпкілікті әсер етеді. Өйткені кәсіптік патологиялық көмек көрсететін өңірлік медициналық ұйымдар жоқ, өнеркәсіптік гигиена жөніндегі жұмыстар үйлестірілмейді, салада ғылыми зерттеулер жүргізілмейді», дейді А.Қалықов.

Бүгінде жаңа технологиялар еңбек физиологиясы мен эргономикасында зерттеуді қажет ететін жаңа қауіп факторларын және тиісінше қызметкерлердің жаңа ауруларын тудырады. Де­путат назар аударып отыр­ғандай, еңбек медицинасы саласында денсаулық сақтауды орталықсыздандыру халыққа мамандандырылған кәсіптік патологиялық медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесін­дегі өзара іс-қимылдың әлсі­реуінде, кейбір тұстарда тіпті үзілуінде көрінеді. Қазіргі уа­қыт­та өндірістердегі еңбек жағ­дай­ларының жай-күйі туралы ақпарат жеткіліксіз, кәсіби тәуекелдерді бағалауға ғылыми көзқарас жоқ. Ендеше, өндіру­ші өнеркәсібі бар елде жұмыс істей­тін халықтың денсаулығын сақтау мәселелерін шешуге, ең­бек медицинасы, медициналық экология саласындағы ғылы­ми зерттеу қызметімен айна­лысуға, Қазақстанның кәсіптік патологиялық қызметін үйлес­тіруге және кәсіптік аурулары бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге тиіс дербес заңды тұлға және жетекші орталық болуы қажет. Ол сондай-ақ еңбек гигиенасы саласындағы нормативтік және ғылыми-техникалық құжат­тарды дайындаудың ұйымдас­тырушылық орталығы ретінде токсикология және кәсіптік ауру­лар, кәсіби патолог-дәрігер­лер кадрларын даярлаумен айналыс­қаны дұрыс.

Кәсіптік патология институ­тының қызме­тін жандандыру «Amanat» пар­тиясының ең­бек жағ­дайлары мен жұмыс орын­­дарының қауіп­сіздігін жақ­сарту шеңберіндегі сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ Үкіметтің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 945 қаулысында көрсетілген. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары Та­мара Дүйсенова биыл институтты қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын мәлім­деді. Қазірде Денсаулық сақтау министрлігі шаруашылық жүр­гі­зу құқығындағы республи­ка­лық мемлекеттік кәсіпорынның ұйым­­дық-құқықтық нысанында институт құруды келісу үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өтініш енгізген. Монополияға қарсы органмен келісілгеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен Үкіметтің тиісті қаулысы әзірленбек.