Басылым • 13 Наурыз, 2024

Оқырман қолында – «Ой салар оқиғалар»

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Журналист Ағабек Қонарбайұлының «Шынайы өмірде болған ой салар оқиғалар» кітабы жарық көрді. Республикалық «Айқын», «Дала мен қала», «Жас қазақ» газеттерінде мақалалары жария­ла­нып, көзіқарақты көпшілікке қауымға есім-сойы кеңінен таныл­ған Ағабектің бұл – екінші кітабы. Бұған дейін «Машақат пен марапат» кітабы да көпшіліктің ыстық ықыласына кенелген еді.

Оқырман қолында – «Ой салар оқиғалар»

«Кітап жазудың өз жауап­кершілігі, салмағы бар. Оқиға­лардың шынайылығына көз жеткізу мақсатында бірнеше қалаға баруға тура келді. Кейіп­кердің өзімен немесе сенімді куәгермен кездесіп, ғибратты оқиғаларды боямасыз жеткізуге, тағылымы мол жайттарды баян­дауға тырыстық», – дейді автор.

Атауы әйгілегендей, екі жылдық табанды еңбегінің өтеуіне жарық көрген кітабында автор өмірде көрген ғибратты оқиғалардан алған өнегесін баяндай­ды. Қоғамда сеті­неп бара жатқан ба­уырмалдық пен қайырымдылық қа­сиет турасында тол­ғаған әр оқиғаның апарар ұйы­ғы біреу ғана – ізгі амал.

Абдулла ибн Мү­барактың «аз амалды ниет көбейтеді, көп амал­ды ниет азайтады» дегені тегін емес. Көп адам­ның ақ адал ниетіне бой кө­тер­ген мешіт турасын­да, ба­тыр Бауыржан Мо­мыш­ұлының өз пәте­рін қарт әжейге берген мәрт­тігі, екінші дүние­жү­зілік соғыста 300-ден аса әскери тапсырманы орын­дап, әуеге ұшқан Кеңес Одағының екі дүркін Ба­тыры атанған жалғыз қазақ Тал­ғат Бигелдиновтің ажалдан қор­ғанған амалы, Құнанбай қа­жы­ның Қар­қаралыда бөренеден қиып салдырған мешітінің мұр­ты да бұ­зылмай бүгінге дейін қалай сақ­талғаны жөнінде осы кітапта айтылады. Тұп-тура бір ғасыр бұрын, 1924 жылы шо­лақ белсенділер Абайдың әкесі сал­дырған Алланың үйін өртеу пи­ғылымен бірнеше рет от қойған. Осындай қысастың та­лайын көр­ген мешіттің бүтін сақ­талуы да қамқор жандардың ізгі амалынан екенін автор тереңдей толғайды.