Пікір • 13 Наурыз, 2024

Жылыжайдың жемістері

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Баяғыда ауыл баласы үшін Алматының алмасынан ар­тық базарлық болмайтын. Ал­қызыл түсі көз арбап, аң­қы­­ған исі айналаны алып кете­тін. Ал тісің тигеннен тіл үйірер тәтті дәмін айтып жет­кізе алмайсың.

Жылыжайдың жемістері

Қазір дүкен мен дүңгіршек сөрелерінде көкөніс көп. Жеміс-жидек жетерлік. Төрткүл дүние төсінде өсіп-өнгеннің бәрі сіресіп тұр. Қалтаң көтерсе, қалағаныңды аласың.

Бір «қызығы», қысы-жазы сатылатын сол самсаған қияр, қыза­нақ­тарды аузыңа амалсыздан, қинала-қинала саласың. Жылы­жайда жылдамдатып кү­мән­ді кү­шейт­кіштермен өсіріл­гені бірден білінеді. Дәмсіз һәм нәрсіз. Табиғи таза өнімдей қайдан болсын?

Неге екенін қайдам, білімі аз, білігі жоқтығына қарамай, билік тізгінін ұстаған кейбір кердең мінез жас­тарды жаңағы жылы­жай­дың жемістеріне ұқса­та­мын. Болмаған, толмаған, бірақ күн көзіне шылым тұтатқандай күй кешіп жүрген «шынжырбалақ шұбартөс», көке­ле­рі қолдаған ондай оғландар бү­гінде жыртылып-айырылады. Бар­ған мекемелерін баса көктеп, өз өктемдігін орнатады. Маңайына өзінен өресі төмендерді жинап, тәжірибелі тәлімгерлер есебіндегі ақсақал, көкса­қалдардан құтылуға асыға­ды. Өйткені мамандығының майын ішкен майталмандар алдында өздерін жайсыз сезінеді. Мықты­лар­дың мысы басады. Одан да өрімдей өрендерден «команда» жасақтап, солардың орта­сында ақылгөй болғанды қалайды.

Атам қазақ айтқан: «Көкқарға к...не қарамай әулие ағаштың басына қонады» деп.

Талабы тас жарған кейінгі тол­­қын өкілдерінің аламанда аты озға­­нына қуануымыз керек. Ал енді сауда-саттықты жайлаған жаңағы жы­лыжайдың жемістеріндей көбе­йіп кеткен көкқарғаларды қайт­сек екен?..