Несие • 14 Наурыз, 2024

Несие алмас бұрын нені білген жөн?

782 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Несиені алмай тұрып жеті рет өлшеп, бір рет кесу туралы аз айтылған жоқ. Әрине, әңгіме тұтынушылық қарыз туралы болып отыр. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер ұсынатын өнімнің осы түрі тым қолжетімді болып кетті. Несие алушылар артып шыға келді. Төлей алмай жатқандар да жетерлік. Ел бойынша тұтынушылық берешектің көлемі рекордтық мәнге дейін көтерілді. Бұдан екі тарап – халық та, банк те зардап шегеді. Осы орайда кейбір кеңестерді қаперге алғанның зияны жоқ.

Несие алмас бұрын нені білген жөн?

«Алдымен өзіңіз үшін «несие алу қажет пе, несие алмай-ақ мәселені ше­шуге бола ма» деген сұрақтарға жауап іздеп көріңіз?», дейді «Fingramota» сарап­шылары. Мүмкін біраз күте тұрып, ақша жинарсыз. Кез келген несиені, оның ішінде тұтынушылық қарызды рәсімдеу жауапкершілікті арттырады, ең алдымен сізге қа­рыз алушы ретінде белгілі бір уа­қыт ішінде орындауыңыз керек мін­деттеме жүктеледі.

Жоқ, бәрібір тұтынушылық несие рәсімдеймін деп шешім етсеңіз, онда оның барлық шартын зерделеп, қаржылық мүмкіндігіңізді алдын ала есептеңіз. Бірнеше кредиттік ұйымның (банктер мен МҚҰ) сайтына мониторинг жүргізіп, олардың ұсыныстарын талдау керек.

«Өзіңіз үшін ең жақсы нұсқаны таңдап, менеджерден несие берудің барлық шарттарын: қарыз сомасы, төлемдер мерзімі мен мөлшері, несие алу немесе мерзімінен бұрын өтеу кезінде комиссиялар бар ма, барлық пайыз бен төлеммен несие­нің толық құны қандай болады, артық төлем қанша болады және басқа да маңызды мәселелерді нақты­лап алыңыз. Әлеуетті қарыз алу­шы қарыз шартын жасасқанға дейін кредиттік ұйым клиентке туын­даған барлық мәселе бойынша, оның ішінде кредит беру мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің түрлері: белгіленген немесе өзгермелі, егер сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі болса, есептеу тәртібі; клиенттің өтініш берген күніне жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (нақты құны) туралы толыққанды кеңес беруге міндетті екенін білуі қажет. Жылдық тиімді сыйақы мөл­шерлемесі – бұл қарыз алушы кредит шарты бойынша төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы», дейді.

Сонымен қатар олар сараланған және аннуитеттік деп бөлінетін кре­дитті өтеу әдістерін де қарасты­рыңыз дейді. Біріншісі кредит беру мерзімі ішінде бара-бар азайтылатын, теңдей бөлінбеген, ай сайынғы төлемді білдіреді. Екінші жағдайда ай сайынғы төлемдер кредит берудің бүкіл мерзіміне теңдей бөлінеді.

Азаматтар шарттың талаптарын дұрыс оқымау, өзінің кредиттік міндеттемесін орындауға салғырт қарау мен өзінің төлем қабілеттілігін артығымен бағалаудың кредиттік құжаттамаға теріс әсер етуі мүмкін екенін түсінуі қажет. Кредитті таңдау жауапкершілікті, тәртіпті және қарыз алушының дұрыс әрекетін талап етеді.

Егер кредит рәсімдеу кезінде сіз сақтандыруды сатып алған болсаңыз, сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтарып көруге болады. Қай­тару мүмкіндігі де шартта көрсетілген. Онымен таныспай, шарт­қа қол қоймаған ләзім. Мерзі­мінен бұрын өтеуден бұрын кредит­тің нақты сомасын нақтылап алу қажет: егер сіз бұрын кредит бойынша мерзімді кешіктірген болсаңыз, қарыз жинақталып қалуы мүмкін. Сөйтіп, алдағы уақытта шотты то­лық­тырған кезде ең алдымен өсім­пұл мен айыппұл сомасы, содан кейін ғана ай сайынғы төлем есептен шығарылады.

«Сонымен қатар сіз енгізген соманы әдеттегі ай сайынғы төлем ретінде рәсімдеп, оны мерзімінен бұрын өтеу үшін енгізілген қаражат ретінде есепке алмайтын жағдайлар да болып жатады. Сондықтан мер­зімінен бұрын өтеу үшін ақша енгі­зуден бұрын кредитормен хабар­ласып, сіздің жағдайыңызда мұ­ны қалай жасаған дұрыс болатынын нақтылап алған жөн. Егер сіз кре­дитті толығымен мерзімінен бұрын өтеген болсаңыз, кредиттік ұйым­нан сіздің берешегіңіздің толы­ғы­мен жабылғаны туралы қол қойыл­ған және мөр басылған ресми анықтаманы сұрағаныңыз абзал. Кейбір кредиттік ұйымдарда бұл қызмет ақылы негізде болуы мүмкін», деп ескертеді мамандар.

Өзіңізге қатысты дербес кредиттік есепті ұдайы тексеріп отыру да маңызды. Ол қолданыстағы және жабыл­ған қаржылық міндеттемелер туралы бүкіл ақпаратты қамтиды. Яғни кредиттік ұйымның атауы, қарыз сомасы, берешекті беру және оны өтеу мерзімдері туралы ақпарат бе­ріледі. Кредиттік тарихты жиі, тым болмаса жарты жылда бір рет тексе­ріп отыру қажет. Осылайша, сіз өзіңіз­дің кредиттік есебіңізде көрсе­тілген ақпараттың дұрыстығын, сон­дай-ақ атыңызда «өтелмеген» қа­рыз­­дар­дың бар-жоқтығын тексере аласыз.

Мамандар банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді, онлайн-кредиттерді тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдардан ғана алу қажеттігін ескертеді. Лицензияның бар-жоғын агенттік сайтының «Қар­жы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. Жалпы, кредиттің үлкен жауапкершілік екенін әрқашан есте сақтаған маңызды.