Мереке • 17 Наурыз, 2024

Жаңа күнмен қауышу

136 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағандыда тұңғыш рет Амал күні тойлан­ды. Арқа мәдениетінің ақ­­­са­­­райы атан­ған Сәкен театрын­­­­­да ұйымдастырыл­­ған «Амал деген айыңыз…» ат­­­ты өнер жәрмеңкесін­де ел-жұрт есендік сұрасып, арқа-жарқа болды. Ұлт­тық құндылығымыз шеру тартқан көрме де, Кө­рісу күні көрініс тапқан театр­ландырылған қойылым да ерекше әсер сыйлады. Сәні мен салтанаты келіскен кеш­тен көпшіліктің жаны жа­дырап, рухы аспандап тарқасты.

Жаңа күнмен қауышу

Суреттерді түсірген – Ерасыл БАЗЫЛОВ

Бұл өнер мерекесі облыстық мәдени-сауық және халық шы­ғар­машылығының ғылыми-әдіс­темелік орталығының ұйым­дастыруымен өткенін әуел баста айта кеткеніміз жөн. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы да кештің мазмұнды өрбуіне өз үлестерін қосты.

Жеті қазына түгенделген көр­ме жәрмеңкеге жиналған жұрт­­тың көзайымы болды. Бел­гілі суретшілердің туындыла­рын тамашалады. Бүркітін бал­дағына қондырып, тазы жетек­теген құсбегі, аңшылармен қуа­на қауышқан меймандардың жүзінен жылылықты, көзінен далаға деген сағынышты анық аңғаруға болады. Қолөнершілер мен зергерлер өздерінің төл туын­дыларымен сауда сәнін кел­тірді. Мәре-сәре күй кешіп жүр­ген жұртты кеш тізгіншісі, ақын Ерқанат Кеңесбекұлы сах­наға қарай шақырғаны сол еді, ортаға жігіттер «Қарағанды – қай­­наған қара қазан, Бастайын мен де шырқап жарапазан», деп әуелете шырқап шығып, Жер Ана­ның жаңарғанын, жылдың аман жеткенін жырларына қосты.

ап

Мерекелік кездесудің шы­мыл­дығын ашқан облыс әкімі­нің орынбасары Ерлан Құсайын қауымды Амал мерекесімен құт­тықтады.

– Ырымшыл халықпыз ғой. «Ай көрдім, аман көрдім. Бая­ғы­дай заман көрдім. Ескі ай есір­ке, жаңа ай жарылқа» деген қа­­зақ­тың баласымыз. Баба­ла­­ры­­мыз бұл күнді ежелден ерек­ше көрген. Амал мерекесін әз Наурыздың бастауы деп біле­міз. Самарқанның көк тасы жі­би­тін, елдің пейілі кеңейетін, дү­ние кеңейіп, жарықтың молаятын ерекше кезі. Абайша айт­сақ: «Қыр­дағы ел ойдағы ел­мен араласып, көрісетін күн». Көңіл­дің кеңейетін, жоқ-жітік­ке қарайласатын қайырымды­лық айы. Араздың татуласып, алыс­тың жақындайтын күні. Бар­шаңызды осы бір мерейлі мейраммен құттықтаймын, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Одан әрменгі құттықтау сөз­ді құрметті қонақтар жал­ға­­­­­­ды. Ғасыр адамы, белгілі ға­лым ­Те­мір­­ғали Көкетаев Амал ме­ре­ке­­сінің таным мен тағылы­­мы­на те­рең тоқталды. Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқар­ұлы Арқа жерінде бұл мейрам ертеде той­ланғанын, қыстан аман шыққан елдің есендік сұра­са­­тынын айтып, қайта жаңғы­рып жатқанына батасын берді. Ал Астанадан арнайы келген Ғалым Жайлыбай Қарағанды ру­ханияттың үлкен ордасына ай­налып келе жатқанына тоқ­талып, елді сағынып, асығып жеткенін жеткізді. Шайырлар бір-бір өлең оқып, жұртшы­лық­ты жаңа жасымен құттық­та­ды. Алматыдан келген жазушы, дра­матург Думан Рамазан сөзін тү­йін­­дей келіп, Қарағанды­ның руха­ни құндылықты жоғары ба­ға­лап жүр­­геніне ризашылығын білдірді.

Жәрмеңкеден соң театр­да ар­­қаның жас өнерпаздары мен ақындардың қойылымын көрер­мен жылы қабылдады. Сахнада құрылған киіз үйде ән мен жыр айтылды, күй төгілді, мәртебелі өлең оқылды. Ойын да ойналды.

ао

...Ер-тұрманын түгендеп отыр­­­ған Ахай ақсақалдың ақбоз үйіне көрші ауылдан Оразбай ақсақал бәйбішесімен амандық сұрасып кіріп келеді. Үй иесі ­алыс­тан ат арытқан мейманның ал­дынан ақ алып шығатын дәс­түр­дің бар екенін, алайда Ораза айы болғандықтан ауызашар­ға қа­луын өтініп, қазанға ет салдырады. Ақсақал көрісуге келген меймандардың құрметіне ауыл­дың алты ауызын айтсын деп немересін жүгіртіп жіберіп, өнер­паздарды шақыртады. Осы мезетте ақындар Қойлыбай Асан, Серік Сағынтай, Қайрат Ас­қар үйдегілер көрісіп, төс қағыс­тырады. Ақсақал ақындарға «Мы­на кәрі құлағымыз жыр аң­сай­ды. Арқада Ақсұңқарұлына ерген қырық ақын бар деуші еді. Қойлеке, жыр додасын өзің бастап бер», деп қолқа салады. Бір-бір өлеңдерін оқып беріп, әрмен қарай ауыл жұртымен көрі­суге өтінішін алады. Көңілі мар­қайған үй үлкені қос қонаққа тай сойғызады.

Көп ұзамай ауылдың алты ауызы да келеді. Әншілер Саян Мұздыбай, Шыңғыс Сәрсенбай, Саян Бөдес, Нұрлытаң Саятқызы және күйші Мадияр Сүлейменов ортаны думанға бөлейді. Ән мен күй кезек жалғанып жатқан­да Оразбай ақсақалдың ауылынан ақындар Ерқанат Кеңесбек, Салтанат Смағұлтегі, Жәлел Қуандықұлы, Салтанат Қайыр­бек келіп, өлеңдерін оқып, өнерле­рін көрсетеді. Ақсақалдар ауыл­ды аралауға кетіп, жастар думан кешін әрі жалғайды. Қауышуға келген әншілер Қуандық Төкен мен Арайлым Жүкенова да әндерін салып, ортаның көрігін қыздырады. Өнерпаз жастар Қаражорға биін жарыса билеп жатқанда үйдің үлкендері кіріп келіп, қос ақсақал иықтарын қозғалтып, биге кірісе кетеді. Кемпірлері қой-қойға басып, қақпайлап алады. Өстіп арқа-жар­қамен кеш те батып, ауыз­ашар­дың уақыты кіреді. Осы ме­зет­те мейман Оразбай ақсақал бата жасайды.

Міне, осылайша көрші-қо­лаң­ның, ағайын-туыс пен дос-жа­ранның бір-бірімен рия­сыз көрісуін шынайы сомдап шы­ғады. Қойылымдағылардың бір-бірімен жарасымды әзілі, ас­тарлы әңгімесіне ел қошемет көрсетіп отырды.

 – Кешіміздің атауы қазақтың классик ақыны Есенғали Раушан ағамыздың кітабымен аттас. «Амал деген айыңыз...». Бұл да – бір нышан. Осы бір іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновке, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының әдістемелік орталығының басшысы Индира Қанафинаға мың алғыс айтамыз. Және бір мықты менеджер Асхат Қажытайға ризашылығым бар. Арқаның ақтаңкер әншілері мен бірегей ақындары кәсіпқой актерлармен бір сахнада, тең дәрежеде өнер көрсетті деуге болады. Илегеніміз бір терінің пұшпағы, қазақтың өшкенін жандыру, өлгенін тірілту. Осы қастерлі жұмыста білегіміз талмасын, жүрегіміз солмасын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы.

Осылайша, өнер жәрмеңкесінен жиылған жұрттың жаны семіріп, көңілі сергіп қайтты. Ұйымдастырушылар «Алдағы жылы Амал мейрамын бұл кештен артық қып атап өтпесек, кем өткізбейміз», деп отыр. Олай болса, келесі Амал мерекесінде амандықпен кездесейік.

Қарағанды облысы