Аталған екі томдықта ұлтымыздың дегдар тұлғалары Абай мен Әуезовтің шығармашылығындағы тың дүниелер оқырман назарына ұсынылып отыр. Бірінші томға Мұхтар Әуезовтің Оңтүстікке сапары мен Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты жаңа деректер топтастырылған. Ал 2-томға Абай шығармаларындағы текстологиялық-терминологиялық мәселелер мен Мүрсейіт, Тұрағұл, Кәкітай хақындағы мағлұматтар енді. Кітаптың жаңашылдығы – Абай Құнанбайұлының қарасөздері, өлеңдері мен аудармалары түпнұсқа қолжазбалармен қайта салыстырылып, оның транскрипциясы жасалып, арнайы түсініктеме берілген.
Көрісу күнімен тұспа-тұс келген кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты іс-шараны М.Әуезов атындағы ОҚУ басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрманбетов ашып, ғылыми-зерттеу орталығының жұмысына шолу жасады, екі томдық жаңа кітап ғалымдардың 5 жылдық зерттеулерінің нәтижесі екендігін атап өтті. Іс-шараға қатысқан «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, академик Дария Қожамжарова «Әуезов һәм Абай» кітабы туралы пікірлерін білдірді. Журналист, облыстық мәслихат депутаты ретінде арнайы шақырылған осы жолдардың авторы біз де өз пікірімізді, тілегімізді айттық. Еңбек авторлары абайтану бағытында зерттеу жүргізіп жүрген – Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек. Осы арада қазақтың «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген сөзі еріксіз еске оралады. Олай дейтініміз Ақжол Қалшабек – есімі елге мәлім абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті. Ал Әзімхан Исабектің ұстазы Ақжол Қалшабек. Яғни абайтанушы үш ғалымның арасында ғылыми ізденістік тұрғыда салиқалы сабақтастық, үйлесімді үндестік бар.
«Бұл өмір қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең»,
деген еді ұлы Абай. Дана тұлғалардың мұрасын қайта тірілтуге сеп болған бұл туындының мәні мен мағынасы айрықша екендігі сөзсіз. 1000 данамен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген кітаптың мұқабасы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жарыққа шығарған «Абай» журналының үлгісімен өрнектелген. Қалың оқырман қауымға арналған туынды кітапханаларға таратылады.
ШЫМКЕНТ