Қазақстан • 20 Наурыз, 2024

Кедендік рәсім оңтайланады

116 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2023 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекет қазынасына кедендік төлемдер мен салық сомасы есебінен 4 081 млрд теңге қаржы түсті. Түсімдердің өсу қарқыны 2021 жылмен салыстырғанда – 78%-ға, 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға ұлғайған.

Кедендік рәсім оңтайланады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) Кедендік бақылау департа­менті­нің директоры Елдос Сауда­баев­тың айтуынша, былтыр экспорттық ке­дендік алымдарды есепке алма­ған­да, ке­дендік төлемдер мен салықтар сомасы 2 401 млрд теңге болды. Ке­дендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша 149,6 млрд теңге өндірілді.

«Үшінші елдермен сыртқы тауар айналымы 2023 жылы 111,3 млрд дол­ларды құрады. Оның ішінде экспорт – 67,6 млрд долларға, ал импорт 43,7 млрд долларға тең. Қазақстан мен Қы­тай арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 31,5 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 14,7 млрд доллар, импорт – 16,8 млрд доллар», деді Елдос Саудабаев.

Комитет өкілінің айтуынша, қазір өткізу бекеттерінде электрондық кезек­тің автоматтандырылған жүйе­сі ен­гізілді. Бүгінде Еуразиялық эконо­ми­­калық одақтың (ЕАЭО) сырт­қы ше­карасындағы барлық автомобиль өт­кізу бекетінде электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, іске қосылды. Жүйе «Qoldau.kz» платформасы мен «СargoRuqsat» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейді.

Кедендік бақылау департаментінің директоры атап өткендей, жүйені ен­гізу республикалық маңызы бар жолдар бойында автокөлік құралдарының кептелісін болдырмауды және тасымалдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етті.

«Автокөлік кептелісінің азаюы шекара маңындағы аудандардағы әлеу­меттік және криминогендік жағдайдың жақсаруына, сондай-ақ бекеттердің өткізу қабілеттілігіне әсер етті. Бұл жүйе Орталық Азиядағы бірегей жоба болып есептеледі», деді спикер.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетімен бірлесіп, «Qoldau.kz» платформасында шетелдік рұқсат бланкілерін беруді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізді. Соның арқасында ҚХР-мен шекарада адами фактор жойылып, кедендік бақылау инспекторларының тікелей өткізу бекеттерінде бланктерді алуын болдырмайды.

Сервисті пайдалану нәтижесінде ақпараттық жүйелермен, оның ішінде элек­трондық кезектің автоматтан­ды­рыл­ған жүйесімен интеграциялау есе­бінен мемлекеттік қызмет көр­­сету үдерісі оңтайландырылды, бланк­­терді бөлу кезінде сыбайлас жем­­қорлық факторы алынып тасталды, сондай-ақ нарықтағы отандық тасымал­дау­шылардың үлесі ұлғайды. Шетелдік рұқсат бланктерін беру құны 1 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл қаражат бюджетке түседі.

«Сервис іске қосылған сәттен бас­тап 106 мыңнан аса шетелдік рұқсат бланктері берілді. Қанатқақты жобаның оң нәтижелерін ескере отырып, оны іске асыру мерзімдерін 2025 жылдың екінші тоқсанының соңына дейін Қытай шекарасында ұзарту мәселесі пысықталып жатыр, сондай-ақ осы жылдың бірінші жар­тыжылдығында Қазақстан – Өзбекстан шекарасында осындай жобаны іске қосу жоспарда бар», деп атап өтті МКК өкілі.

Сондай-ақ өткізу бекеттерінде ірі габаритті және ауыр салмақты авто­көлік құралдары үшін арнайы рұқсат беру бойынша жұмыс жүргізілді. Бұған дейін арнайы рұқсаттарды беру үдерісі 2 жұмыс күні ішінде қарастырылып, тек жұмыс күндерінде берілген болатын. Енді бұл үдеріс тәуліктік режімге ауыстырылды.

Биыл қаңтар-ақпан айларын­да үшінші елдермен (Қытай, Өзбекстан, Түрік­менстан) шекарадағы авто­мо­биль өткізу бекеттері арқылы 162 мыңнан астам автокөлік өтті. Был­­тыр 24 қара­шадан бастап ҚХР ше­карасындағы «Нұр Жолы» ең ірі авто­­мобиль кедендік өткізу бекеті қа­нат­қақты режімде тәулік бойы жұ­мыс режіміне ауыстырылды. Қалған­дары 12 сағат қызмет көрсетеді.

Трансшекаралық сауда рәсімдерін жеңілдету және транзиттік тасымалдарды ұлғайту мақсатында МКК Орталық Азия, Каспий өңірі және Кавказ елдерінің көлік дәліздерін дамыту шеңберінде транзит рәсімдерін жеңілдету туралы тұжырымдама мен көпжақты келісім жобаларын әзірледі. Оның негізгі мақсаты – өңір елдерінде қағазсыз транзит экожүйесін енгізу. Елдос Саудабаевтың сөзінше, бұл қанатқақты жоба көптеген уәкілет­ті органның мөртаңбасын қою қажеттілі­гінен бас тартуға мүмкіндік береді.

Былтыр ЕАЭО мүше мемлекеттер­дің аумақтарындағы тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім күшіне енді. Жобаны іске асыру үшін қажетті шешімдер Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ала­ңында қабылданбақ. 2025 жылы іске қосылатын жоба маршруттардағы тек­серістерді азайтуға мүмкіндік береді.

«Енді сыртқы экономикалық қыз­мет қатысушылары Бірыңғай терезе порталында аралас мемлекеттік органдар мен ұйымдар беретін рұқсат құжаттарын электрондық түрде бір жерден алады. Былтыр Бірыңғай терезе порталында рұқсат құжаттарын алуға 240 мыңнан астам өтініш бе­рілді. Қызметтерді автоматтандыру Сыртқы істер министрлігінің қызмет көрсету мерзімін 30 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Нәти­же­сін­де, құжаттарды алу мен кедендік ресімдеу жеңілдеді. Қазір интеграция­ны қажет ететін өзекті мәселелер қарас­тырылып жатыр», деп атап өтті спикер.

ЕАЭО-ның үшінші елдермен кедендік шекарасында орналасқан өткізу бекеттерінің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу де – жауапты мақсаттардың бірі. МКК хабарлауын­ша, Үкімет қарызға жеңілдікпен беретін займдар есебінен Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан шекара­сындағы өткізу бекеттерін толыққанды жаңғырту жүргізіліп жатыр.

«Өзбекстан тарапының келісімі бо­йынша «Қапланбек» автомобиль өткізу бекеттері қайта жаңартуға толығымен жабылды. Қалған өткізу бекеттері реконструкцияланады, бірақ жабылмайды. Тек автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысы шектеледі. Барлық өткізу бекетін реконструкциялауды жыл соңында аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру шеңберінде бекеттердің өткізу қабілеті 8 есе, яғни шамамен 2 сағат 25 минутқа дейін ұлғаяды, және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азая­ды», деп мәлімдеді комитет.