Қоғам • 20 Наурыз, 2024

«Бауырсақ пісіруді нағашыларымнан үйрендім»

3079 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Эльдана Габермен – неміс қызы. Наурыз мейрамында оның шаңырағындағы дастарқан көл-көсір дәмге толады. Былқытып ет асып, қазанда бауырсақ пісіреді. Ерке Ертістің жағасында бойжетіп, тілі қазақша шыққан жан халқымыздың өнері мен руханиятына 15 жылдан аса уақыт қызмет атқарып келеді.

«Бауырсақ пісіруді нағашыларымнан үйрендім»

Эльдана Павлодардағы Аққулы ауданында дүниеге келіпті. Айтуынша, жас­тайынан анасы қазақ өнеріне баулыған.

– Менің анам – қазақ, әкем – неміс. Өзімді кішкене кезімнен қазақпын ден санаймын. Қалың қазақ ортасында өстім, нағашы жұртымнан көп дүниені бойыма сіңірдім. Ауылда құрбы-құрдастармен тай-құлындай тебісіп өстік. Оқушы шағымызда ауыл мекте­біндегі ұстаздарымызбен бірге Наурыз мейрамын сән-сал­танатымен өткізетінбіз. Ауыл адамдарының бір-біріне деген ерекше мейірімі, ауылдың құрт-қаймағы мен бауырсағы көңілден кетпейді. Мектепте жүріп ән салуды үйрендім, өнерлі болуым нағашы жұртыма тартқандығымнан болар, – деп жымияды ол.

Наурыз – Эльдананың отбасы үшін ұлы мейрам. Ол мереке күндері күндіз үлкен сахналарға шығып, өзі қызмет ететін Қорғаныс министрлігі Орта­лық ансамблінің құрамында ән салса, кешке үйіне оралған соң жайнатып дас­тар­қан жаяды. Ет асып, бауырсақ пісі­ріп, дастарқанына қыстан қалған сарымайы мен құрт-жентін қояды. «Анам «Наурыз – молшылықтың, жер аяғы кеңіп мал-жанның аузы көкке тиетін мезгіл. Сондықтан бұл кезде дастарқанға барың­ды сал, қызым. Мейрамда көңіл жадырасын, өкпе-реніштер ұмытылсын», деп үнемі айтып отыратын. Жолдасым Азамат, үйдегі үш ұлымыз да мейрамды айрықша қуанышпен күтеді», дейді ол.

Ет пен бауырсақ пісіруде Эль­дананың алдына түсетін нәзік жандар сирек. Оның дастарқанынан дәм татқан жандар аспаздық өнеріне әрдайым мақтау айтып жатады. Ал өзі қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруді анасының жанында жүріп үйренгенін жеткізді. «Анам бойжете бастаған шағымнан қазан-ошаққа аралас­тырып, ет асуды, бауырсақтың қамырын дайындауды үйретті. Еттің жұмсақ болуы, жайманың дұрыс жайылуының өзіндік құпиялары бар. Ол мәзірлерді осы уақытқа дейін бұлжытпай орындап келемін. Кейде тіпті менің етімді сағынып ауылдан на­ға­шы жұртым, сонау Қырғызстаннан қайын жұртым келіп кетеді. Шаңыраққа бірне­ше ұлттың өкілдері жиналып, арқа-жарқа боламыз. Қазақша ән айтып, би билейміз», дейді ол.

Кейіпкеріміздің әншілік өнері – бөлек әңгіме. Небәрі 11 жасында өнерімен көзге түсіп, Роза Рымбаеваның батасын алады. 2006 жылы республикалық «Жас қанат» жастар байқауында неміс қызының ән салудағы ерекше қабілетін байқаған марқұм Мұрат Ерғалиев оны Астанаға жұмысқа шақырады. Бұл уақытта ол Павлодардағы музыка мектебінің домбыра бөлімінде оқып жүрген еді. 2009 жылы республикалық «Тіл – татулық тірегі» атты байқаудың бас жүлдесін жеңіп алса, ал 2011 жылы Ливан-Қазақстан патриоттық әндер байқауында бірінші орыннан көрінді. Еңбек жолын Астанада Ұлттық ұланның бас орындаушысы қызметін атқарудан бастаса, бүгінде Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінде орындаушы болып жұмыс істейді.

Өнерлі жан әңгіме соңында келешекте өзі туған ауылына барып тұрғысы келетінін жеткізді. Ауылдың құрт-майы мен адамдардың ақжарқын пейілі тартып тұрады дейді. Ол жақта жылқы ұс­тайтын неміс азаматтары, туыстары көп. Ауылға деген сағыныш жетегінде жүрген әнші өзінің рухты әндерімен, кеңпейіл дастарқанымен жұртты әлі де жадырата бермек.

 

Павлодар облысы