Таным • 26 Наурыз, 2024

Алтыншы сезім

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаншама адамның қаншама шеші­мінің артында «түйсік» жатыр. Тіпті Альберт Эйнштейн 1929 жылы «Saturday Evening Post» газетіне берген сұхбатында «Мен түйсік пен ша­бытқа ғана сенемін. Кейде жай ғана шешімімнің дұрыс екенін сезе­мін. Ал өзімнің кім екенімді білмей­мін» деген еді. Ал психотерапевт Эрик Берннің айтуынша, түйсік – мекені белгісіз жерден келген кез­дейсоқ білім. Түбірі бәймәлім түйсік туралы ғалым­дар не дейді?

Алтыншы сезім

Ұзақ уақыт бойы түйсік құ­былысын зерттеу және түсіну сиқыр­шылардың, теологтердің және фило­софтардың мойнында болды. Тіпті оны илаһи түсініктің көрінісімен байланыстырды. Бірте-бірте XVII ғасырдан бас­тап түйсікті түсінудің рационалистік негізі қалыптаса бастады. Рене Декарт, Готфрид Лейбниц және Бенедикт Спинозаның еңбектерінің арқасында интуиция – ойлаудың бір түрі ретінде қарастырылды. ХІХ ғасырдың екін­ші жартысынан бастап ол психологтердің зерттеу өрісіне енді.

Нобель сыйлығының лауреаты Даниэль Канеман түйсікті шешім қабыл­даудағы екі жүйесінің бірі деп санайды. Ол оны сезімге негізделген «жылдам» жүйеге жатқызады. Де­генмен факт тіліне негізделген екінші жүйе баяу, бірақ дәлірек екенін де жоққа шығармаған абзал. Канеманның пікірінше, интуитивті жүйе сенімсіз, бірақ реакция жыл­дамдығы өмір сүру мүмкіндігін арттыратын жағдайларда жақсы көмектеседі. Егер ежелгі адамды түйсігі жыртқыштардың шабуы­лынан құтқарса, қазіргілерді кіре­берістегі басбұзарлардан немесе өзге де қауіптен құтқарып жүр. Кейбір ғалымдардың айтуынша, болашақта түйсікті күшейтетін тиімді әдістер пайда болуы да мүмкін.

Техастағы Райс университетінің Менеджмент профессоры Эрик Дейн жүргізген экспериментті қа­раңыз. 2012 жылы оның зерттеу тобы студенттерден қаншама сөм­ке ішінен дизайнерлік сөмкелер серия­сын таңдауды талап етеді. Яғни сөм­келердің жартысы – дизай­нерлік, жартысы – жасанды. Қаты­су­шылардың жартысынан өздерінің ішкі инстинктерін елемеуді және анықтау үшін логиканың барлық мүм­кіндіктерін пайдалануды сұрады. Қал­ғандарынан тек түйсік арқылы анық­тауды талап етті. Нәтижесі қа­лай болды дейсіз ғой? Түйсікке жү­гін­гендер логикаға сүйенгендерге қарағанда 60 пайыз дәлірек тапты.

Осы тұста эпифанияның түйсіктен айыр­машылығын ұғынуымыз керек. Түйсікті эпифаниямен шатас­тырмаңыз. Эпифания – түсініксіз тұжы­рым­даманы кенеттен түсіну. Көп­шілік осы екі ұғымды шатастырып алады. Бұл шешім шығарғанда кері әсерін тигізуі мүмкін. Түйсігіңіз түңіл­дірмесін!