Көктемнің хабаршысындай оқыс оқиға облыс орталығында болды. Әдетте қаланың қары ерте ериді. Жүргіншінің көптігінен бе, жылу жүйесінің әсері ме, әйтеуір қасат қардың көбесі тез сөгіледі. Бұл жолы да солай болды. Ырық бермес қызыл су облыс орталығындағы №22 мектепке лап берді. Әп-сәтте ғимараттың жертөлесін су басып қалды. Бірлік шағын ауданындағы жаңа салынған мектепте 360 оқушы оқып, білім алатын. Бір жақсысы, қызыл асықтан келетін қызыл су қаптағанда оқушылар демалыста жүр еді. Балаларға тамақ әзірлейтін асүй, кір жуу бөлмесіндегі арнайы жабдықтар, бірнеше тоңазытқыш, ас сақтайтын қойма, түгел су астында қалды. Арнайы қызмет күні-түні кірпік ілмей, жертөлені судан тазартты. Жыраға құм салынған қаптар үйілді.
– Биыл қар көп түсті ғой. Суды сорғытып, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді мектеп директоры Манаргүл Тоқан.
Зеренді ауданында су басу қаупі төніп тұрған Шағалалы, Троицк, Айдабол, Алексеевка, Ивановка ауылдары қызыл судан қорғануға қарекет етіп жатыр. Бұл ауылдарды Шағалалы, Қылшақты өзендері жиектей жанап өтеді.
– Резервтен 22,8 млн теңге бөлінді. Аудан аумағында төрт гидротехникалық ғимарат бар. Мамандардың сараптауына қарағанда, Айдабол, Алексеевка, Ивановка, Подлесный бөгеттерінің жағдайы қанағаттанарлық, – дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Асхат Ахмедьянов.
Ауданда су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар ақпан айының алғашқы күндері басталған екен. Күні бүгінге дейін ауданның елді мекендерінен 10 мың текше метр қар шығарылыпты. Жалпы ұзындығы 4,8 шақырым 18 арна, 10 арық, автокөлік жолдарының 85 жеріндегі су өткізу құбырлары тазаланған. 1400 дана қапшық, 1 000 тонна инертті материал, 20 мың литр дизель отыны жинақталған. Төтенше жағдайлар туындай қалса, адамдарды тамақтандыру мәселесі шешілген. 22 уақытша паналату пункттері дайындалған.
Жыл сайын тасқын судың зардабын тартатын Целиноград ауданында да тыңғылықты дайындық жүргізілгенге ұқсайды. Аудандағы Қоянды, Шұбар, Арайлы, Нұресіл, Өтеміс, Софиевка тәрізді елді мекендерден қар шығарылып, су өткізетін құбырлар тазартылып жатыр.
– Инженерлік қорғау жоспарынан тыс ауыл тұрғындарының өтініштерін зерделей зерттеп, 92 су өткізгіш қондырғы орнатылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Оспанов.
Өңір аудандарында дайындық жұмыстары ширатылып, жергілікті атқарушы органдардың барлық деңгейінде штаб құрылып, дайындық жұмыстары пысықталды. Коммуналдық қызмет күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Жоғарыда айтылған ақпараттардың ау-жайына қарағанда, сынаққа төтеп беруге тиіспіз.
Ақмола облысы