Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі.
Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының ағымдағы жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта ол қалыпты жағдайда және штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режіміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді. Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды.
«Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары – республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%-ды құрайды. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті Премьер-министр.
«Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, осы кезеңде Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Алайда автожолдағы көпірлердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда. Осыған байланысты өзге баламалы жолдар арқылы көлік ағынын қайта бағыттау мәселелері қарастырылып жатыр. Жалпы, өңірде су тасқыны қаупі бар 87 елді мекен есепке алынды. 24 қаңтардан бастап облыс күшейтілген дайындық режіміне ауыстырылды, 26 наурыздан бастап Жедел штаб жұмылдырылды.
Премьер-министр облыс әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шарасын аяқтауды, ал ТЖМ-ға тасқын қаупі күшейген жағдайда күш пен техниканы жұмылдыруды тапсырды.
Сонымен қатар «Қызылжар сүт» ЖШС заманауи сүт кешеніне барған Үкімет басшысы «ақылды ферма» жұмысының технологиялық үдерісін қарап шықты. Кәсіпорында малға жем-шөп беру мен күтім жасаудан бастап сүт алу және өңдеуге дейінгі барлық үдеріс толығымен автоматтандырылған. Үш жыл ішінде мал басы 2 еседен астам өсті (2020 жылы 720 сиырдан 2023 жылы 1 502 басқа дейін). Өткен жылдың қорытындысы бойынша кешен 6 мың тоннадан астам сүт өндірді.
Премьер-министрге осы жобаны іске асыру аясында СҚО-да барлығы 18 сүт фермасының құрылысы жалғасып жатқаны баяндалды. Оларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Фермаларды іске қосу өңірде сүт өндіру көлемін жылына 690 мың тоннаға дейін, ал дайын сүт өнімдерін өндіру көлемін 215 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Алдын ала деректер бойынша, бұл республикадағы барлық көлемнің 25%-ын құрайды.
Келесі нысан сүтті қайта өңдеу саласындағы отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС болды. Өндіріс 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы 104,8 мың тонна дайын сүт өнімі немесе еліміздегі жалпы көлемнің 11,5%-ы өндірілді. Сапар барысында дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау көлемін одан әрі арттыру әлеуеті зор екені атап өтілді. Үкімет өз тарапынан өңдеуге тапсырылған шикі сүт үшін, ал сүт өңдеу кәсіпорындарына өндірілген сары май мен ірімшік үшін субсидиялар беру арқылы дамуға жәрдемдесуде.
«Avagrо» ЖШС кәсіпорнында Премьер-министр ауыл шаруашылығы техникасын шығару үдерісімен танысты, бұл әсіресе көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында өзекті. Еске сала кетейік, 26 наурызда өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов егіншілер қолданатын техниканың тозығы жеткені туралы мәселе көтерді. Қазір бұл көрсеткіш 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда диқандарға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қарсы міндеттемелерді қолдана отырып, тек отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешумен мықтап айналысу қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында АӨК өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті. Табысты отандық бизнес – бұл ең алдымен, сөрелердегі отандық өнімдер және жұмыс орындары. Бүгінде ішкі нарықта импортталған сүт өнімдері бар. Алайда біздің зауыттар қажетті нәрсенің бәрін өздері өндіре алады, бұл үшін мүмкіндіктер бар», деді О.Бектенов.
АӨК нысандарын аралау кезінде Премьер-министрге көктемгі егіс жұмыстары, атап айтқанда, пайдасы жоғары майлы және жемшөп алқаптарын ұлғайтуға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін әртараптандыру туралы баяндалды. Өңір суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын қолдануды кезең-кезеңмен ұлғайтуды, мұндай алқаптарды 2028 жылы 17,9 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Севказэнерго» АҚ-ның Петропавл 2-ЖЭО-сын аралау кезінде тұрғындарды жылу энергиясымен сапалы және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Петропавл 2-ЖЭО жабдығының 57,3%, Солтүстік-Қазақстан ЭТК жабдығының 96,6%, жылу желілерінің 77,5%-ның тозығы жеткен, қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы инвестициялық және жөндеу науқаны аясында Петропавл 2-ЖЭО-да 17,6 млрд теңгенің жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2027 жылға дейін 739 шақырым электр желілері мен 240 қосалқы станса салу үшін жыл сайын бюджеттен 4 млрд теңгеден қаражат бөлу көзделіп отыр.
«Күзгі-қысқы кезеңнің қалыпты өтуі, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Стансада жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық орындап, жыл соңына дейін жаңа түтін мұржасының құрылысын аяқтау қажет. Үкімет тарапынан ең маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау көрсетіледі», деді О.Бектенов.
Петропавлдағы Универсальная көшесі бойындағы жол өтпесінің құрылыс алаңында Үкімет басшысына жұмысшы кентінен қаланың орталық бөлігіне шығатын жалғыз жол өтпесінің апатты жағдайда болуына байланысты өткен жылы оған жапсарлас көпірдің құрылысы басталғаны туралы баяндалды. Жаңа жоба 1961 жылы салынған жол өтпесіндегі жүктемені азайтып, кейіннен күнделікті қозғалысты тоқтатпай, күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа жол өтпесінің ашылуы ірі көлемді жүк көлігі қозғалысын жаңа көпірге бағыттап, сондай-ақ ескі көпір арқылы жеңіл көліктер мен автобустардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жол ашады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуетімен танысуды өңірдің байырғы кәсіпорындарының бірі, ғасырлық тарихы бар С.М.Киров атындағы зауытты аралаудан бастады. Отандық машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі болып саналатын зауытта электронды жабдықтарды әзірлеу мен өндірудің толық циклі қамтылған. Осы жылдың екі айында өндіріс көлемі 9,5%-ға өсіп, 193,7 млн теңгені құрады. Зауытта 487 адам жұмыс істейді. Бұдан басқа, отандық кәсіпорында шығарылатын «Lenovo» серверлерін құрастыруға индустриялық сертификат алынды. Тағы бір сұранысқа ие өнім – электронды компоненттерді орнатуға арналған 5+ дәлдік класындағы 16 қабатты баспа платасы.
Премьер-министр қорғаныс және азаматтық мақсаттарға арналған жоғары технологиялық өнімдердің әркелкі түрлерін дайындау үдерісімен егжей-тегжей танысты. Сонымен қатар желіні кеңейту бойынша алдағы жоспарлар туралы хабардар етілді.
Олжас Бектенов Петропавл ауыр машина жасау зауытының технологиялық жаңғырту нәтижесімен де танысты. Мұнда мұнай-газ, энергетика және теміржол салаларында қолданылатын өнімдердің кең желісі шығарылады. Бұдан бөлек, зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындайды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Локализациялау деңгейі жоғары әскери мақсаттағы өнімдерді өндіру циклін құру импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорынның мүмкіндіктерін теміржол және мұнай-газ саласындағы қажеттіліктерді қамту үшін пайдалану керек», деп атап өтті О.Бектенов.
Келесі нысан мұнай өнеркәсібіне арналған сорғыш штангалар шығаратын «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорны болды. Ішкі нарықтағы үлесі 90% болса, локализация деңгейі 65-тен 75% дейін құрайды. Үкімет басшысы өндіріс қарқынын ұлғайтып, терең ұңғымалар сорғыларының импортынан толық бас тарту үшін мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастыру керектігін атап өтті. Бүгінде Үкімет пен бизнестің алдында отандық зауыттарда өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту арқылы елішілік құндылықтардың үлесін жыл сайын ұлғайту бойынша ортақ міндет тұрғаны баса айтылды.
Полипропилен ыдыс шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі «Smbgroup Family» ЖШС-ында Олжас Бектенов еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, сыртқы нарыққа шығу қажет екеніне тоқталды. Отандық өндірушінің контейнерлері әртүрлі жүк түрлерін тасымалдауға, сақтауға, тасымалдауға арналған, сонымен қатар өнеркәсіп пен логистикада кеңінен қолданылады. Биыл екі айда ғана жалпы құны 580 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 13,8%-ға өсті.
Бұдан бөлек Премьер-министр «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын отандық нарықтың ламинатталған фанерге деген қажеттілігінің 22%-ын қамтамасыз етеді. Ол ірі қалалардағы құрылыс алаңдарында қолданылады және шетелге де экспортталады. Былтыр өндіріс көлемі 4,3 млрд теңгені құрап, 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 32,6%-ға өсті.
«РимҚазАгро» ЖШС қағаз өнімдері зауытында Олжас Бектеновке макулатураны қайта өңдеудің белгіленген циклі көрсетіліп, кластерді одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Фабрика 30-дан астам өнім түрін шығарады, олар еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, сондай-ақ Ресейге де экспортталады. Кәсіпорын алдына халық тұтынатын тауарлардың экспортын ұлғайтып, ішкі нарықтағы үлесті әрі қарай ұлғайту міндеті жүктелді. Мемлекет пен отандық бизнестің белсенді ынтымақтастығының жаңа түрлері қарастырылады.
Нысандарды аралап шыққан Премьер-министр мемлекет өңдеу өнеркәсібін және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ретте отандық өнімнің сапасына ерекше мән беру қажет. Ол үшін бизнес үздіксіз дамып, жаңа өндірістерді де игеруге тиіс. Өз кезегінде Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.