Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, онлайн негізде республикалық және аймақтардағы ақпарат құралдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
– Бүгінгі ақпараттық дәуірде БАҚ-тың маңызы зор. Өздеріңізге белгілі, бүгінде ақпараттық кеңістікте фейктер мен дипфейктер қаптап тұр. Кейбір сарапшылар бұл құбылысты постшындық дәуірі деп те айта бастады. Сондықтан жасанды интеллектінің дамуымен қоса фейктер мен дипфейктердің салдарынан инфодемия деген ұғым да кең таралып келеді. Осыған орай мемлекеттік ақпараттық саясаттың, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше болмақ. Сол себепті біз бұл мәселені күн тәртібіне арнайы шығарып отырмыз, – деген Асхат Аймағамбетов ақпарат құралдарындағы кейбір келеңсіз жайттар мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін арттыру мәселелерін қайта қарауға мәжбүрлеп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол аймақтардағы, әсіресе аудандық газеттерге неолибералдық парадигма аясында қарауға болмайтынын атап өтті.
– Өйткені жергілікті басылымдар ешқашан қаржылық табыс әкелмейді. Сондықтан олардың пайдасын қаржылық көрсеткіштер арқылы бағаламай, идеологиялық тиімділігін басымдыққа алуымыз керек, – деді А.Аймағамбетов.
Жиында баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов сөзін саладағы көкейкесті мәселеден бастады. Ол қазір мерзімді басылымдардың жағдайы жақсы емес екенін атап өтті.
– Көп аудан басылымдарын біртіндеп жоғалта бастадық. Тіпті республикалық газеттер де жабылып жатыр. Кейінгі жылдары жабылу үдерісі аздап бәсеңсігенімен, болашақта әлі де үлкен тәуекелдер бар. 1991 жылы БАҚ саны 350 болған. Бүгінде олардың қатары 4 мыңға жуық. Соның ішінде 70 пайызы, яғни басым бөлігі мерзімді басылымдар, – деген вице-министр бұлардың көбі тұрақты жарық көрмейтінін де, ақпараттық саясатқа толыққанды араласпайтынын да айтып өтті. Сондай-ақ ол 20 миллион халықтың ішінен 400 мың ғана оқырман газет-журналға жазылғанын қынжыла жеткізді.
Жиырмаға жуық адам сөйлеген дөңгелек үстелде «Масс-медиа туралы» заңның тетіктері, ақпараттық тапсырыс түйткілдерін жою, медиа холдингтердің тиімділігін арттыру төңірегінде ұсыныстар айтылды.
Мәселен, вице-министрден кейін баяндама жасаған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Jasyn» ақпараттық сайтының бас редакторы Оралхан Дәуіт аймақтардағы медиахолдингтердің құрылуында ешқандай бірізділік жоқ екенін алға тартты. Яғни құрылтайшылар түрлі мекемелерден құралған. Құдды бір әр облыс басшылығы холдингтерді құрған кезде әртүрлі заңның негізіне сүйенген сияқты.
Ал Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік ақпараттық тапсырысты реттемес бұрын қоғамдағы құрдымға кеткен газет оқу мәдениетін қайта қалыптастыру керектігіне ерекше назар аударды. Депутат Жанарбек Әшімжан бүгінгі қазақ баспасөзінің халін мүшкіл етіп, қиын жағдайға қалдырған мекеме «Қазпошта» екенін ашық айыптады. Уақтылы шығып жатқан газетті айлап елдің қолына жеткізбей отырған монополисті тезге салатын тетік пен тәртіптің әлі күнге табылмай келе жатқанына қынжылды.
Жиында журналистердің мәртебесін нақтылау жөнінде де пікірлер айтылып, барлық ұсыныс тиісті министрліктің құзырына жолданды.