Аймақтар • 02 Сәуір, 2024

Ертіс арнасынан шығуы мүмкін бе?

159 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта өзендегі мұздың көбесі сөгіле қойған жоқ. Дейтұрғанмен мамандар кей жерлерде су деңгейі 11 сантиметрге дейін көтерілгенін айтады. Шығыс Қазақстандағы мол су сай-саламен Ертіске лап қойса, еліміздегі ең ұзын өзен арнасынан асып, айналасындағы елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін бе?

Ертіс арнасынан шығуы мүмкін бе?

Біз бұл сауалды «Қазгидро­мет» РМК Павлодар облыстық филиалының басшысы Галина Шпакқа қойдық.

– Ертіс өзенінің Павлодар облысы бойынша барлық ен бойы мұз құрсанып жатыр. Гидро­бекеттерден алынған мәліметке сүйенсек, су деңгейінің 1-ден 11 сантиметрге дейін көтерілуі бай­қалады. Бұл Шүлбі су қой­ма­сынан өзенге біртіндеп су жі­беріле бастағанына байланысты болуы керек. Дейтұрғанмен, бұл қауіпті деңгей емес, өзеннің тасу қаупі әзірше жоқ. Оған қалың мұз да мүмкіндік бермейді. Өзен үстінде мұздың жүруі шамамен 6-15 сәуір аралығында өтеді деп болжанған. Ал өзенге су босату шаралары шамамен сәуір айының екінші жартысында жүруі керек. Су босатудың мер­зімін ведомствоаралық комиссия белгілейді, – дейді ол.

Жергілікті мамандардың пікірінше, Ертіс өзеніндегі судың көлемі мен сапасы жеткілікті бақыланбай отыр. Өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақы­рым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Облыс бойынша аталған өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс және Железин аудандарында орналасқан.

– Бірінші гидрологиялық бекет қала аумағында орналасқан Павлодар гидрологиялық бекеті (затон), ал облысқа кіреберістен шамамен 250 км қашықтықта бірде-бір гидрологиялық бекет жоқ. Сәйкесінше гидрологиялық режім бақылауға алынбаған. Осыған байланысты біздің филиалымыз Аққулы ауданында гидрологиялық бекет ашу туралы ұсынысты «Қазгидромет» РМК қарауына жолдады. Біз бір ғана бекет арқылы судың 48 түрлі көрсеткішін бақылай аламыз, – дейді Г.Шпак.

Павлодар облысы аумағынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзындығы 720 шақырымды құрайды. Арнаның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі бөгендер каскадымен бөгелген. Өзен бойында технологиясы соған тәуелді ондаған үлкен кәсіпорын, электр стансалары орналасқан.

Ал Су ресурстары комите­тінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ер­тіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеу­сіз Қамбаров Ертіс өзенінде сең жүріп өткен соң Шығыс Қазақ­стандағы қоймалардан су жібе­ріле бастайтынын жеткізді. Осы уақытта судың екпінінен өзен­нің төменгі жақтарында тұр­ған кейбір елді мекендерге қауіп төнуі ғажап емес. Мысал үшін өзеннің сол жағалауында орна­ласқан Май ауданының бірнеше елді мекені ойпаң аумақта тұр.

– Бұған дейін біздің инспек­цияның күш салуымен Ертіс өзе­нінің арнасын, оның са­ғаларында тазалау жұмыс­тары жүргізілген. Соның нәти­жесінде өзен мен оның саға­ла­ры арасында байланыс жақса­рып, су жақсы жайыла бастады. Бұрын жайылымдағы кейбір ша­бын­дықтарға су жетпей қалатын. Су тұрып қалатын жерлерден көп­теген ауылша­руашылық құры­лымдары жаздай су алады. Сон­дықтан биыл су мол жібері­летін болса, жайылмалар суға мей­лін­ше қанығады, – дейді маман.

Айтып өтейік, Ертістен өзге облыста Ащысу және Сілеті өзендері де көктемде тасып, елді мекендерге қауіп төндіреді. Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева аталған қос өзендегі жағдай да қалыпты екенін атап өтті. Гид­ро­бекеттер орнатылған, су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Баянауыл ауданы мен Ақто­ғай ауданының елді мекен­де­ріне төнген қауіп жоқ.

 

Павлодар облысы