Білім • 03 Сәуір, 2024

Бейімбетті тануға бейім

253 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықпен қатар тәуелсіздік жолында жанын пида еткен ұлт тұлғаларының қалтқысыз қызметін сіңіріп, өмірі мен шығармашылығын тереңдей танып, білуіне ықпал ету – бүгіннің басты міндеті. Өз заманының зар-мұңын қалам ұшымен суреттеп, қоғамның дамуына,жаңаруына, ұлт әдебиетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан халқымыздың үш бәйтерегінің бірі Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толуына орай Қарадала төсіндегі Рахат орта мектебінде «Елім деп жырлаған үш бәйтерек – ұлт мақтанышының ұлттық мүддесі» тақырыбында семинар-практикум өтті.

Бейімбетті тануға бейім

Айтулы іс-шараға теріскейден, яғни Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің мә­дениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы Светлана Темір­ханқызы, Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Айжан Серікқызы, Майлиннің шөбересі және жазушы атындағы қоғамдық қор директоры Салтанат Абүйірқызы қатысты.

Әдебиет классигінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен әдеби-сазды бағдарлама ата-анасынан ерте айырылып, әжесі Бойдастың қамқорлығын­да қалған Бейімбеттің балалық шағы мен одан әрі озбыр саясат­тың құрбаны болып, теміртор­ға түскен аяусыз тағдыры бейнеленген шағын қойылым­мен басталды. Азаттықты аңсаған қаламгердің қаламынан өріл­ген «Мұқтаждық», «Мал», «Қа­рынға» атты әлеуметтік тақы­рып­ты арқау еткен өлеңдерін жан-тәнімен жатқа оқыған бал­дырғандардың өнері көзге жас, көңілге мұң ұялатты. Маз­мұн­ды іс-шараның ашылуы­на мектеп оқушыларымен бірге, ұс­таздардың, тіпті мектеп директоры Бауыржан Оспанұлының да сахна төрінде ұжыммен қатар «Алаш ұранын» шырқап, өнер көрсетуі айрықша таңданы­сы­мызды тудырды.

Биылғы оқу жылында «Б.Май­лин» жобасы аясында мектеп мұғалімі Гүлзира Төкенова мен 5-сынып оқушысы Еркежан Байғон  Бейімбет аталарының туған жеріне барып, өмір жолымен танысып қайтқан сапарларынан бейнебаян көрсетіліп, әсерлерімен бөлісті.

вап

Б.Майлинге арналған әдеби-сазды семинардың ашылу сал­та­натында сөз бастаған Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрәкім Есжан, аудандық «Қазақ тілі» қо­­­ғамының төрағасы Жәнет Керім­­құлов, ардагер-ұстаз Но­ғай­­­бек Дәуренбеков жас өс­кін­нің өткен тарихты танып, азат­­­тық жолында өмірі қиылған арыс­тарымыздың еңбектерін біліп өсуінде мұндай мазмұны терең тағылымдық істердің бе­рері мол екенін айтып, ұжым ұстаз­дары мен оқушыларына зор ал­ғыс­тарын білдірді.

«Майлиннің қаламынан ту­ған шығармаларды жақсы білесіз­дер, ол сонымен қатар «Амангелді» фильміне сценарий жазды, ха­лық батыры А. Имановтың рөлін Елубай Өмірзақов ойнады. Ол да Биағаңмен бір ауылда туған. Биыл актердің туғанына 125 жыл толып отыр. «Ауыл гүлденсе, біз де гүлденеміз» деп Биағаң айтып кеткендей, шынында да бірлігі мен тірлігі ұштасқан Рахат ауылында шын таланттар тұ­рып жатқанының куәсі болу­да­мыз. Оған – оқушылардың бү­гінгі іс-шараға өте тыңғылықты дайындықпен келгендері дәлел», деген Светлана Темірхан­қызы жаңадан ашылатын сынып каби­нетіне «Үш бәйтерек» атты майлы бояумен салынған картинаны және жазушының бірқатар шығармасы мен өмірін арқау еткен құнды дүниелерді тарту ет­ті.

«Енді біз Рахат ауылын Биағаң­­ның тағы бір мекені деп санаймыз. Сондықтан мектеп­ке айтулы тұлғаның есімі бе­рілсе, құп болар еді», деп сөз са­ба­қтаған асылдың сынығы, жа­зушы мұрасын жаңғыртып жүр­ген Майлиннің шөбересі, «Майлин» қоғамдық қорының директоры Салтанат Абүйірқызы естеліктерін ортаға салды. Ол – Бейімбеттің үлкен қызы, өзінің әжесі Рәзияның аузынан «менің әкем тірі» деген сөз түспейтінін атап айтты. Әкесінің жазықсыз жапа шегіп, репрессия құрбаны болғанына бала жүрегі сенбей, қартайғанша әкесін аңсаумен өткенін көзі көріп, құлағы есті­генін айтып, толқыды.

«Биылғы оқу жылында аудан­­­дық білім бөлімі «Ұлттық мүд­денің ұлы мұраты» жобасы аясында бірқатар іс-шара жос­­­парын бекітті. Атап айтсам, ауда­нымыздағы 11 орта мек­­­­тепте Алаш зиялыларының және Қырғызсай орта мектебін­де биыл 100 жылдығы ЮНЕСКО көле­мінде аталып жатқан қазақ­тың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған та­ным­дық сабақтар өткізіліп отыр. Бұл – ардақтыларымыздың аты бір күнмен ғана шектелмей, күнделікті жаңғырып тұру мақса­тында жасалған жұмыстар тізбегі. Осы жартыжылдықта ізденіс үстінде жүрген ұстаздар ғана емес, оқушылар мен ата-аналар да тұлғаларды тереңнен танып, мол мағлұматқа қаныққаны ақиқат», деген аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құр­манәлиева қиырдан ат тер­­летіп жеткен жазушының жер­лес­теріне айрықша алғысын біл­дірді.

Жыл басынан бері Қостанай өңірімен тығыз байланыс орна­ғанын айтқан бөлім басшысы, ақпан айында Шонжы ауы­лындағы №1 мектеп-лицейіне Ыбы­рай Алтынсарин атындағы музейдің көшпелі көрмесі мен бір топ делегация келгенін атап өтті. Алдағы уақытта бірқатар мектепке ұлт зиялыларының есі­мін беру туралы ұсыныстар барын да тілге тиек етті.

Алақандай ғана ауылдағы шағын мектептің іргесі қаланып, пайдалануға берілгелі 10 жылға жуықтапты. Бүгінде білім ша­ңырағында 92 оқушы білім алады. Жоба шеңберінде өткен семинар жұмысына барлық сынып оқушылары мен ұстаздар белсене қатысты.

Сол күні мектепте Б.Майлин атындағы сынып кабинетінің ал­қызыл лентасы қиылып, таныс­тырылымы өтті. Онда көрнекті қаламгердің шығармалары мен отбасылық суреттері сыр шер­тіп тұр. Кабинеттің ашылуында 5-сынып оқушылары Еркежан Байғон мен Балнұр Әуелбек Б.Майлиннің «Өтірікке бәйге» поэмасынан үзінді, ал Әшімхан Бақдәулет Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңін мүдірместен жатқа оқып, көптің қошеметіне бөленді.

Бұдан кейінгі тәрбие сағат­тарында Майлин шығар­машы­лығы жан-жақты талқыланды. Сабаққа қатысушы қонақтар назарына суреткердің «Күл­паш» әңгімесінен көрініс кел­тір­се, енді бірінде жазушы шығар­машылығына шолу жасалды. 45 минуттық ашық сабақтағы оқушылардың озық ойы мен оқып-тоқып алған білімдеріне, тапқырлығына қарап, келешек бейімбеттанушылардың негізі қаланып жатқандай сезіндік. Оның бастауында ұлағатты ұстаз­дар еңбегі тұрғаны ақиқат.

Айта кетерлігі, біз ат басын бұр­ған Рахат ауылында жүз шақ­ты түтін бар. Мұндағы халық интер­нетсіз күн кешіп отыр. Со­ған қа­рамастан ұстаздар мен оқу­шы­лардың ізденіске толы ең­бек­теріне ризашылығымыз ше­ксіз.

Он жыл бұрын теміржол бе­кеті ашылып, жаңа мектеп пен медициналық пункт, тұрғын үйлер салынып, ажары кірген ауылдың келешегінен мол үміт күтіп, қаладан қайта көшіп келіп қоныстанған ауыл жастары осы күні бір-бірімен байланысатын ұялы телефон операторларының жоқтығын айтып, жазудан шар­шаған. «Бұл мәселе жыл сайын көтеріліп, жауыр болды» деген тұрғындардың уәжіне құлақ асып, күрмеуін тарқатар жан табылса, қане?

 

Алматы облысы