Фото: dknews.kz
Іс-шараға еліміздің және Қырғызстанның жоғары әскери оқу орындары, Ұлттық қорғаныс университеті, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы» ЖШС, ІІМ Алматы академиясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің өкілдері қатысты.
Диалогке жетекші ғалымдар, адъюнкттер, магистранттар, докторанттар, әскери және қос мақсаттағы перспективалы инфокоммуникациялық технологияларды әзірлеумен және меңгерумен айналысатын кәсіпорындар мен мекемелердің инженер-техник мамандары, сондай-ақ радиотехникалық мамандықтардың студенттері мен курсанттары қосылды.
– Байланыс, басқару және радиотехниканы автоматтандыру саласында әскери кадрларды даярлау білім беру сапасын арттыруды ғана емес, одан өзге жоғары оқу орындары арасындағы тығыз байланысты ұйымдастыруды, білім беру және ақпараттық білім беру технологияларын жетілдіруді де қамтиды, – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы, полковник Қайрат Дәуітов.
Конференцияға қатысушылардың басты назары қорғаныс саласында цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылауға бағытталды. Атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды анықтау үшін радиолокациялық стансаларды зерттеу және әзірлеу төңірегінде болды. Радиолокациялық станса жүйелерінде жасанды интеллектті қолдану да талқыланды.
Қарулы күштерді сапалы радиобайланыспен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Заманауи технологиялар әскери қызметтің осы маңызды элементін барынша тұрақты етуге және қорғаныш қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Конференция әскери радиотехника және байланыс саласындағы жетекші мамандар арасында тәжірибе және идея алмасу алаңына айналды. Жиын қорытындысында байланыс жүйелерін одан әрі дамыту және әскери кадрларды даярлауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.