Технология • 05 Сәуір, 2024

Қазақша сөйлейтін жасанды интеллект

564 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды қызықтырған жасанды интеллектінің қарқыны күннен-күнге күшейіп келеді. Мәтін жазудың қыр-сырын мейлінше меңгерген, сұрағаныңды лезде тауып беретін, тіпті жарамсыз деген шығарманың өзін бар қатесінен арылтып, мінсіз қалыпқа түсіре алатын ChatGPT сынды бағдарламалар халықтың қажетіне жарап-ақ тұр.

Қазақша сөйлейтін жасанды интеллект

Бір өкініштісі, жасанды интеллект қазақ ті­ліне әлі де шорқақтау. Дегенмен ізденіс бар. Жақын­да Назарбаев университетінің «Ақыл­ды жүйелер және жасанды ин­тел­лект» институты қазақшаға же­тік «Ұмай» көмекшісін жасап шығарды.

«Ұмай» – шынайы әйел бей­несі ретінде цифрлық жүйе­де жасалған, қазақ тілінде сөй­лей­тін виртуалды көмекші. Оның мүм­кіндігі бірнеше саланы қамтиды. Атап айтсақ, ғылым, тарих, тех­но­логия, денсаулық сақтау сала­ларындағы сұрақтарға еркін жауап береді. ISSAI жетекшісі, Назар­баев университетінің Инже­нер­лік және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Атакан Варолдың айтуынша, бұрын үлкен деректер жиынтығы­ның жеткіліксіз болуы қазақ тілін цифрлы әлемде шектейтін еді. Енді екі мыңнан астам адамның үш жүз сағаттық жазбасын жинау нәтижесінде қазақ сөзін автоматты түрде тану жобасы іске қосылды.

«Біздің басты мақсатымыз – отандық зияткерлік күш­тің, атап айтқанда шағын «ISSAI» командасының озық мүм­кін­дік­терін көрсету. Ғалым­дарымыз цифрландыру жүйесінде әлем­дік бәсекеге ілесе алатынын іс жүзінде көрсете білуі керек. «Ұмай» жұмысында біздің инс­титут әзірлеген бірқатар негізгі технологияларды қолданады. Атап айтсақ, мәтін сөзін түр­лен­діріп, даусын құбылта алады. Сондай-ақ шынайы бейнедегі жасанды интеллектінің негізінде нейромашиналық аударма жасайды», деді профессор.

Жоба жетекшілерінің айт­уынша, бұл жүйеге түркі мифо­логиясына қатысты атау бері­луінде де үлкен мән-мағына бар. Біріншіден, атау төл мәде­ниетімізбен тікелей байланысты. Екіншіден, қазақша цифр­лық тұлғаның алғашқы бейнесі бол­ғандықтан, ол болашақ цифрлы көмекшілердің «Анасы» ретінде қабылдануы бек мүмкін.

Жақында Назарбаев уни­вер­ситетінде Премьер-ми­нистр Олжас Бектеновтің төр­аға­­лығымен Назарбаев қоры Жо­­ғары қамқоршылық кеңе­сі­нің оты­рысы өтті. Кеңес мүше­лері университеттің жоғары функционалды зертханала­ры­мен, ғалымдардың жаңа әзір­ле­мелерімен, атап айтқанда ақыл­ды жүйелер және жасанды интеллект институтымен, импульстік үдеткіш зертханасымен танысты. Сонымен қатар таныстырылым барысында жасанды зерденің қазақ тілінде қызмет етуі туралы, оның болашағы жайында сөз қозғалды. Университеттегі «Ақылды жүйелер мен жасан­ды интеллект институты» ди­рек­торының орынбасары Ербол Абсалямов жасанды интеллек­тіні қазақша сөйлетуге үлес қо­сып жатқанын атап өтті. «Қазіргі таң­да ChatGPT ағылшын тілінде қызмет етеді. Келешекте өзіміздің қазақ ChatGPT кең қолданыста ­болуына әлде де қызу жұмыс ат­қа­рып жатырмыз. Сонда «Ұмай» жүйесі төл құндылықтары­мыз­­ға сай бізбен еркін сөйлесе ала­­ды», деді ол.

ISSAI жетекшісі доктор Ва­ролдың айтуынша, жоба­ның не­гізгі техникалық қиын­дығы жү­йе­ні біріктіру бол­ған. Яғни «Ұмай» OpenAI платфор­ма­сы­ның Chat­GPT чат-боты ар­қы­лы сұрақтар­ға жа­уап таба­ды. Бірақ бұл бот­тың қазақ тілін­де­гі жұмысы әлі сапа­сыз екені бәріне мәлім. Бұл шектеуді жеңу үшін «Ұмай» Назарбаев университетінде ISSAI әзірлеген «Tilmash» нейромашиналық аудармасының жетілдірілген үлгісін пайдаланады. Сонда бұл жүйе пайдаланушылардың сұрақ­тарын алдымен ағылшын тіліне аударып, кейін ChatGPT берген жауаптарды қайтадан қазақ тіліне аударады.

«Біздің институт «Tilmash» деп аталатын төрт тілге аударма жасайтын жүйе жасап шығар­ды. Әртүрлі стильдегі үлкен мә­тіндік қордан құрастырылған бұл жүйе «Google» және «Yandex» аудармашыларымен бәсекеле­се алады. Яғни ол қазақ тілінде қойылған сұрақтарды алдымен ағылшын тіліне аударады, содан кейін сұраныс ChatGPT-ге барады. Кейін ағылшын тілінде берілген жауаптарды «Tilmash» қайтадан қазақ тіліне аударады. Сосын арнайы технология арқылы біз мәтінді дауысқа ­айналдыра­мыз», деді «Ұмай» әзірлеушілері­нің бірі, ISSAI-дің аға деректер талдаушысы Асхат Күздеуов.

«Ақылды жүйелер және жа­санды интеллект институ­ты» (ISSAI) еліміздің цифр­лық саласындағы зерттеулер мен инновациялардың орта­лығы ретінде 2019 жылдың қыр­күйегінде құрылған болатын. Назарбаев университетінің C4 зерттеу ғимаратында орналас­қан институт өнеркәсіп пен қо­ғамның нақты мәселелерін шешу үшін машиналық интеллект бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізеді. ISSAI – Азия, Еуропа және Америка Құрама Штаттарының үлгілерін ескере отырып, жасанды интел­лект саласындағы ұлттық әлеуетті дамытуға бағытталған.

«Unreal Engine 5» бағдарлама­лық жасақтамасымен жұмыс іс­тей­тін «Ұмай» ISSAI-да әзірлен­ген бірнеше құрылғыны бірік­тіреді. Мысалы, ол қазақ тілін­де табиғи және еркін қызмет ету үшін автоматты түрде сөйлеуді тану (ASR) және мәтіннен сөй­леуге айналдыратын (TTS) техно­логиялар арқылы жұмыс істей­ді. Жосықсыз жаңалықтар жан-жақтан тасқын болып төгілген бүгінгі ақпарат заманында «Ұмай» секілді қазақша жүйелер біздің қоғамға қажет-ақ.