Халық • 08 Сәуір, 2024

Қиын кезде халықпен бірге

128 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары жағдайды бақылау үшін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Олар жергілікті тұрғындармен кездесіп, жедел штаб жұмысына қатысып жүр.

Қиын кезде халықпен бірге

Фото: aikyn.kz

Абай облысынан сайланған депутат Нұртай Сабильянов су тасқынына байланысты халықтың жағдайын білу үшін өңірге келді. Сапар барысында депутат Аягөз ауданы Бозай елді мекеніндегі қарғын су шайып кеткен көпірге барды. Бұдан кейін Көкпекті, Жарма аудандарында болып, суға кеткен нысандарды көріп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Ауа температурасы күрт көтеріліп, қардың қарқынды еруіне байланыс­ты Абай облысының екі ауданында жергілікті төтенше жағдай жарияланған болатын. Аймақтағы бірнеше аудан мен Семей қаласы маңында су деңгейі көтеріліп, салдарынан көпірлер мен жолдарды су шайған. Қазір облыста жағдай тұрақтанды. Су тасқынынан кейін жолдар қалпына келтіріліп жатыр.

Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тумашинов су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмысты көру үшін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына барды. Өңірде қазіргі таңда қауіптің беті қайтқан. Жағдай жергілікті әкімдіктің және мәслихат депутаттарының бақы­лауында. Облыстық маңызы бар «Ақсуат–Бәкей – Қарасу – Ақжар» тас жолының бөлігі кесіліп, тасқын суды жолдың келесі бетіне кедергісіз өткізу шаралары жасалған.

Сонымен қатар мәжілісмендер республикалық маңызы бар «Қалбатау–Майқапшағай» жолының Қалбатаудан Боғасқа дейінгі бөлігінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысымен таныс­ты. Жөндеу жұмысына жауапты Қытайдың «Синь-синь» компаниясы өкілдерімен кездесіп, жөндеуді жылдамдату керектігін айтты.

Батыс Қазақстан облысында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің жағдайымен танысты. Бүгін еріктілермен бірге Қаратөбе ауданына қарасты Қаратөбе ауылына гуманитарлық көмек жеткізді. Оны жинауға бірқатар қаланың кәсіпкерлері атсалысты. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұрғындармен кездесті.

– Су көп келетіндіктен Теректі ауданы Ұзынкөл ауылындағы көлемі 80 млн текше метр гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Бөгет бұзылса, бес ауылдық округке су басу қаупі төнеді. Қиындыққа қарамастан ауыл тұрғындарын үйлерін тастап кетуге көндірдік. Бұл жұмысқа мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды, – дейді Абзал Құспан.

Депутат Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы жағдаймен танысты. Вагулино кентінде 50 тонна инертті материал, жүк тиегіш, экскаватор, бульдозер, мотопомпа түріндегі арнайы техника дайындалған. Жергілікті мектепте ауыл тұрғындарын қабылдау пункті ашылған. Якор, Ольшанка, Соколовка секілді көршілес елді мекендерде дайындық қызу жүріп жатыр.

– Барлық жағдай бақылауда, ауыл тұрғындары қиындықта қалмайды. Қазір ең бастысы – адам шығынын, мал мен материалдық шығынның алдын алу қажет. Биыл жағдай өте ауыр. Су тасқыны 2017 жылғыдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Ақтөбе, Ақмола облыстарынан келетін судың бәрі осы аймақ арқылы өтеді. Су тасқыны тұрғындар үшін күтпеген жағдай емес, дегенмен дайын болу қажет, – деді Еркебұлан Мәмбетов.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Шал ақын ауданында болып, тұрғындарды уақытша орналастыру орталығын, Сергеев қоймасын, Григорьевка ауылындағы дренаждық ұңғыманы аралады. Өткен түнде су қоймасында 40 см-ге дейін су тасқыны тіркелді, алайда құзырлы органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қостанай облысының су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданы мен Арқалық қаласына барды. Олар ең қажетті деген заттар – су, жарма, консервілер, төсек-орын жабдықтары, майшамдар, жеке гигиена құралдарын жеткізіп берді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар депутатқа өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

– Жағдай әлі де қиын, қауіп сейілген жоқ. Су деңгейі көтеріліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың баспаналары, мүліктері мен малдары зардап шекті. Жалпы Үкімет оның барлығына жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Қарағанды облысына аттанды. Мұнда олар Нұра және Бұқар жырау аудандарындағы Жаңаталап, Ростовка, Тегісжол, Қызыл­жар сияқты елді мекендерді аралады. Бұл ауылдардағы жағдайды қалыпты деуге болады, бірақ су басу қаупі бар.

Мәжілісмен Нұржан Әшімбетов Павлодар облысының тұрғындарымен және жергілікті құрылымдардың өкілдерімен кездесті. Депутат Мыңқұл және Петропавловка ауылдарындағы жағдаймен танысты. Мұнда құтқару­шылар, жергілікті билік пен тұрғын­дар бірлесіп жұмыс істеп келеді. Аудан, ауыл әкімдіктері су тасқынының салдарын жою және бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Қостанай облысында да су тасқыны қаупі әлі де бар. Осы аптада өңірге Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков барып, су басу қаупі бар аймақтар мен шекаралас өңірлерді аралады.

– Қостанайда су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Еріктілер, мемлекеттік органдар мен партия мүшелері қала жағалауларында су тасқынына қарсы іс-шараларды әзір­леуде. Жағалауды нығайту жұмыс­тары қарқынды жүргізіліп, мыңнан астам қап инертті материал дайындалып, 700-ге жуығы төселді, – деді депутат.

Мәжілісмен Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жатақханасында да болып, су тасқынынан зардап шеккендерді орналастыруға дайындығын тексерді. Депутат су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге кешенді шараларды жүзеге асыру үшін өзен арналарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту, апатты гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын уақтылы қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ бір мандатты округ бойынша сайланған депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысындағы апаттан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек қоймасында болды. Депутат пен еріктілердің айтуын­ша, Оралға 10 тоннаға жуық азық-түлік пен қажетті заттар жеткізілген. Облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерден және еліміздің өзге өңірлерінен көмек жіберіліп жатыр. Осының барлығы су басқан аймақтардағы халыққа таратылады. Жолды су шайып кеткен елді мекендерге тікұшақпен жеткізіледі. Әкімдіктің ресми чаттары, еріктілер мен құтқарушылар арқылы тұрғындармен байланыс жасалып отырады. Депутат Абзал Құспан жағдай тұрақталғанша облыста болады.

Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданында да 2 680 тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басты. Құлсары қаласында халықты хабардар ету үшін 5 рет дабыл сиренасы іске қосылды. Осы жағдайға орай Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атырау облысы Құлсары қаласына барды. Алдымен ол Қаратон ауылында бөгет тұрғызып жатқан ауыл халқымен кездесіп, бөгеттерді нығайту жұмыстарына да қатысты.

– Апат кезінде Үкімет жұмысты күшейтіп, су тасқыны зардаптарын жою үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. Премьер-министр басқаратын республикалық штаб құрылды. Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары да, Төтенше жағдайлар министрі де зардап шеккен өңірлерді аралап жүр. Барлық жергілікті құтқару жұмысы Мемлекет басшысының жеке бақылауында, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Құлсары қаласының тұрғын­­дарын эвакуациялау жалғасып жатыр. 5 сәуірден бастап барлығы 15 632 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 055-і бала. Құлсары қаласының эвакуация­лан­ған тұр­ғындарының бір бөлігі өз ерік­терімен туыстарына бару үшін Маңғыстау облысының елді мекен­деріне кетті. Бөгеттерді нығайту жұмыс­тары күшейтіліп жатыр. Жалпы 1 сәуір мен 6 сәуір аралығында 45 902 қапшық, 174 342 тонна инертті материал төсел­ді. Мә­жіліс депутаты бұдан соң халық­тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Құлсары қаласында ашылған штаб жұмысымен танысты, аудан әкімінің орынбасарымен кездесті.

Қазіргі уақытта апат салдарын жоюға жалпы саны 559 қызметкер, 148 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.