Сол кезде-ақ тәжірибелі диқандар келер жылы тұқымсыз қалмасақ жарар еді деп уайымға батқан. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтегі кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзі қам көңілге дем берген.
«Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.
Ақмола өңірі – ежелден еліміздегі аграрлық аймақтардың бірі. Республикамызда өсірілетін бидайдың төрттен бірі осы бір құнарлы өлкенің сыбағасы. Биыл облыс диқандары 5,3 миллион гектарға дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде майлы дақылдар көлемі 400 мың гектар шамасында. Кейінгі жылдары тапшылығы сезіле бастаған мал азығы дақылдарының көлемін молайту да көзделген. Мал шаруашылығын дамыту үшін осы бір салаға серпін беру керектігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мысалды алыстан іздемей-ақ, биылғы қатал қыстың сынағынан көруге болады. Азықтың жетімсіздігінен қырда тебіндеген қыруар қылқұйрықты тілін тістеп, көтерем болып қалды. Биыл диқандар 300 мың гектарға мал азығы дақылдарын өсірмек. Жерден беріп, көктен исе, несібенің молая түсері даусыз. Астана қаласын азық-түлікпен қамтитын белдеуде болғандықтан, картоп, көкөніс өсіру де маңызды. 14 мың гектар алқапқа картоп, 2 мың гектар жерге көкөніс дақылдарының тұқымы сіңіріледі.
Тақырыптың тұздығы – тұқым мәселесі. Тапшылық әлі де бар. Әсіресе, шағын шаруа қожалықтарында. Қайсыбірі қаражатқа ділгір, кейбіреулері сапалы тұқым іздеп жүр.
«Қажетті тұқым көлемі 536 мың тонна, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. – Күні бүгінге дейін қажетті тұқымның 508 мың тоннасы немесе 95 пайызы дайын. Жетіспей жатқан тұқымды іздестіріп жатырмыз. Өңірде тұқым шаруашылықтары бар. Олардың қоймасында 30 мың тоннаға жуық сапалы тұқым сақталған. Өткен жылдары баға төмен болғандықтан, сатылмаған бидай да қоймаларда үюлі тұр. Оған қоса «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында тұқым ретінде пайдалануға болатын үшінші класты 147 мың тонна бидай бар. Ол бидайды алу үшін қазір корпорациямен келісімшарт жасап жатырмыз. Оның әр тоннасының құны 150 мың теңге шамасында болуы мүмкін».
Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, сәуір айының ортасына дейін жетіспей жатқан тұқым мәселесі толық шешімін таппақ. Ерте көктемде елді алаңдататын тағы бір мәселе – жанар-жағармай. Бұл тарапта кемшілік болмауға тиісті. Облысқа литрі 250 теңгеден жеңілдетілген бағамен сатылатын 82,4 мың тонна дизель отыны босатылмақ. Қазір бұл мәселемен 17 оператор айналысып жатыр.
«Күні бүгінге дейін 39 мың тонна жанар-жағармайдың ақысы келісімшарт бойынша төленсе, 12 мың тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді, – дейді Еркеш Әленов. – Қаржы болса шаруашылықтар көктемгі егіс науқаны басталғанға дейін қажетті жанар-жағармайларын үздіксіз ала береді».
Ел Президенті өз сөзінде ауыл шаруашылығы техникаларының 10 пайызын жаңарту туралы тапсырма берді. Негізі түпкі өнімнің толымды болуы техникаға байланысты екені мәлім. Қуатты шаруашылықтар агротехникалық шараларды уақтылы атқарып, әр күні жылға азық көктемгі егіс науқанын белгіленген мерзімде толық, тиянақты атқарып шыға алады. Ал көнетоз техниканың жүргенінен тұрғаны көп. Міне, жердің тиімді пайдаланылмауының бір себебі осында. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 15 мыңнан астам әрқилы маркадағы трактор шығарылмақ. Қаншалықты дайын деген сауалға жауап беретін болсақ, басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, 95 пайызды құрайды екен. Қалған бес пайыз – шағын шаруашылықтардың үлесі. Себеп, қуатты серіктестіктердегідей емес, шағын шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы техникаларын қақаған қыс ішінде жөндеуден өткізетін орын жоқ. Олар көгеріп көктем келгенше амалсыздан тосады. Жөндеу жұмыстарының көрсеткішін сәл-пәл төмендетіп отырған да осы жай. Егін себуге арналған 16 мың техника, заманауи үлгідегі 1,5 мың егін себу кешені дайындық сапында. Жоғарыда айтқанымыздай, көктемгі егіс үшін аса қажетті қыруар техника қыс бойы мұқият жөндеуден өткізіліп, 100 пайыз дайындық сапына қойылған.
Енді осы арада маңызды мәселеге назар аудара кетелік. Диқандар пайдаланатын техниканың бес пайызы ғана жаңартылған. Өткен жылы жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын қаражатқа екі мыңға жуық техника алынған екен. Тұтас саланы түбегейлі жаңғырту талабын ескерсек, әрине бұл көрсеткіш те – олқы соғып жатқандығы шындық. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 6 пайызға жетпек. Осы жылдың алғашқы екі айында 4 миллиард теңгеге 137 жаңа техника алыныпты. Бұл тараптағы жұмыстың қарқынды атқарылмай отырғандығының өзіндік себебі бар. Өткен жылы өнім сапасыз болғандықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдары табыссыз қалды.
Мемлекет тарапынан қолдау да айта қаларлықтай. Субсидия ретінде өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Күні бүгінге дейін осы қаражаттың 31 миллиард теңгеге жуығы шаруаның қолына тиген. Қалған қаражат мүмкіндігінше ай сайын беріліп отырмақ.
«Субсидияның жетіспеушілігіне байланысты Үкіметке хат жолдап, қосымша қаражат сұрадық. Қаражат тапшылығы орын алмауға тиісті. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы көктемгі егіске 7 миллиард теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетсе, «Кең дала» несие бағдарламасы бойынша 8 миллиард теңге қаражат ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді», дейді Еркеш Әленов.
Маңызы зор науқанның қарсаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мұрындық болуымен жиын өткізілмек. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, ғалымдар қатысады деп күтіліп отыр. Тәжірибелі мамандар салаға серпін беретін тұсты көрсетсе, ғалымдар топырақ ылғалы, тұқым сіңірудің оңтайлы жолдары, тыңайтқышты қолданудың реті тәрізді саналуан түйткілді тақырыптар туралы пікір алмаспақ. Осының бәрі айналып келгенде егін шығымдылығын арттыруға ықпал ететін жай.
Көктемгі қауырт жұмыстар өз ретімен тыңғылықты атқарылса, ел ризығы да өсе түсетіні белгілі. Қазір дарқан даланың дарабоздары дүбірлі жорыққа қапысыз әзірлену қамында.
Ақмола облысы