Жануарлар • 11 Сәуір, 2024

Арқада қанша арқар бар?

225 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсілге сүйеніп, қойнауы құтты даланың қоңыр аңына ие бола алмағанымызды ауа райы­ның қолайсыздығына ысырып келдік. Негізгі гәп қыстың қысы­мында емес, екі аяқтылардың қытымырлығында еді. Табиғат-ананың тыныштығын тікұшақтың дырылымен, оптикалық мылтықтың тырсылымен бұза берсек, құба жонға құлжа қайтіп тұрақтасын? Содан шығар, «Арқада алты арқар бар, қырқада қырық арқар бар» деп жүргеніміз.

Арқада қанша арқар бар?

Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабында» ар­қар­лар «жойылып кету қаупіне жа­қын» санатында тұр. Ал еліміздің аума­ғында кездесетін арқардың бар­лық түрі еліміздің «Қызыл кітабына» әртүрлі санат бойынша енгізілген. Кезінде қазақ даласында мың-мың­дап еркін жайылған жа­нуардың азайып кетуіне таби­ғи жауы саналатын жабайы жырт­қыштардан гөрі, адамдардың әсері зор болған. Экологиялық апат, заңсыз аңшылық және ауыл ша­руашылығының дамуы тау та­ғыларының өрісін тарылтып, популя­циясының азаюына әкеліп соқты.

Арқарлар Азияның 11 елінде кездеседі. Оның 10 түрі бар десек, бесеуі – Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қаратау арқары, Тянь-Шань арқары, Үстірт арқары қатарлы негізгі түрлері қазақ жерін мекендейді. «Қы­зылқұм арқары» деп аталатын алтыншы түрше ел аумағынан ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен деген болжам бар. Негізінен Өзбекстан жеріне ауып кеткен дейді мамандар. Қазір сонда ерекше қор­ғалатын аумақтарда сақталып отыр. Бізге қарай кейде шекарадан өтіп, келіп-кетіп жүретін көрінеді.

Елімізде былтырғы қазан-қа­раша айларында жүргізілген арқар санағына көз жүгіртсек, көңіл көн­шітерлік жаңалық көп болған. Мәсе­лен, азайып бара жатқан Қаратау арқары (+15%) мен Үстірт арқарының (+18%) саны артқанын көрген эколог мамандар бөркін аспанға лақтырған еді. Бөркіміз әлі аспаннан түскен жоқ. Өйткені биыл да сол межеден артпаса, кеміген жоқ.

Биыл Түркістан облысында бас­талған арқар санағы сәтті аяқталды. «Жота мен шоқылардың сәніне ай­налған мүйізді жануар өте сақ бол­ған­дықтан, оған жақындау қиын», дейді инспекторлар. Расында, арқар­ды тікұшақтан санау да – оңай шаруа емес. Жануарлар үркіп, жан-жаққа бытырай қашқанда, кейде ұшқыштарға тәуекелге бел буып, жо­таларды бөктерлей ұшу керек екен. Кейде арқар үйірі үрікпей, жар­тас­тың қалқасында, көлеңкелі тұстарда ұйлығып тұрып қалатын көрінеді. Ондай сәттерде тікұшақтың амалсыз сол маңға бірнеше мәрте шүйлігуіне тура келеді. Бір санаған арқар қайта есепке ілініп кетпес үшін үйірлерді бөлшектеп тастайтын кездер де болып тұрады дейді мамандар. Мұның бәрі – санақтың мейлінше дәл шығуы үшін істелінетін амалдар. Әйтпесе әлі төл­демеген буаз жануарды айдың-күннің аманында қуалап, тыныштығын бұзу да – қиын іс.

– Биыл 20 наурыздан бастап Түркістан, Жам­был, Қарағанды, Павлодар, Абай, ШҚО, Же­тісу облыстары аумағында арқардың көктемгі әуе санағы мен мониторинг жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысына 50 сағат, Павлодар облысына 15 сағат бөлінді. Санақтың өтуі ауа райына байланысты болады, – деді «Охотзоопром ӨБ» бөлім маманы Алмас Дәулетбаев.

Ал арқар үйірінің көбі мекендейтін Қарағанды облысындағы санақ әлі жал­ғасып жатыр. 10 күнге жуық, тәу­­лігіне 9 сағаттан тікұшақпен тау, жота, қыраттарда жүрген аша тұяқтылардың санын есептеп жатқан мамандар оларға қатал табиғат пен қоршаған ортадан келер қауіп аз емес екенін айтады.

– Арқарлардың екі жауы бар. Бірі – жабайы жыртқыш аңдар, екіншісі – табиғат қаскөйлері. Оларды қорғап, санын көбейтуіміз керек. Бұл – еліміздің эндемик жануары. Санақ­тың алғашқы күні Қарқаралыда 300-ден астам арқар тіркелді. Тау жоталарында арқар көп. Әлі есептейміз. Бұйырса, санына жетеміз, – дейді мем­лекеттік инспектор Фархат Нұр­лыханұлы.

2023 жылы тек Қарқаралы тауларын мекен еткен 2 800 арқар тір­келген. Кейінгі жылдарда еліміз­дегі жалпы иір мүйізділердің саны шамамен 15-20 пайызға артқан дейді мамандар.

Елдің орталығындағы арқарлар негізінен Қарағанды облысының Қарқаралы, Бұқар жырау, Осакаров, Ақтоғай, Шет аудандарын мекендейді. Оларды авиациялық санау мен жалпы санына мониторинг жасау 10 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келелі. Мәселен, 2020 жылы Қарағанды облысын мекен еткен арқар саны 7 376 басқа жеткен. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, иір мүйізділер өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы – 7 275 бас, 2018 жылы – 7 184, ал 2017 жылы 6 968 бас болған. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын Қарағандыдағы хайуанаттар бағына Беларусь елінен арқардың «муфлон» деп аталатын тұқымынан бір жарым жастағы екеуі әкелінген дейді зообақ мамандары. Бұл тұқым бізде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Біреуінің құны – шамамен 700 мың теңге. Оларға Аладдин, Жасмин деген ат қойыпты. Бір қызығы, олар «ата­қонысы» Арқаға бірден жерсініп кеткен екен.

Елімізде арқарлардың әуе санағы сәуір, мамыр ай­ларын­да жүргізіліп бітеді. Егер санақ Қара­ғанды өңі­рін­де 4-5 күнде сәтті аяқталса, келесі кезекте Жамбыл, Абай облыстарында жалға­сады. Айта ке­тейік, «Қызыл кі­тапқа» енген түз та­ғысын атқан адам 5 миллионнан 16 миллион тең­геге дейін айыппұл арқалап қана қой­май, тіпті бұл әрекеті үшін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы да қа­рас­тырылған. Заңның бұлай кү­шеюі мен мамандардың жіті бақы­лауының нәтижесінде Арқаға арқар қайта оралды. Алайда саны өсті екен деп ке­шегі киіктің тазкепешін кимеу­ге тиіс.

Қорыта айтқанда, кезінде Арқадан жаппай ауған арқар да ертеде қазақ даласында еркін жосып жүрген жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), сол­түстік бұғысы, жабайы жылқы (тар­паң, құлан), тұран жолбарысы тәрізді түз та­ғыларының кебін киіп кетпесе екен дейміз.